Метка: Рейтинг

  • Димаш Құдайберген қатысқан шоу Қытайда телерейтингтің көшін бастады

    Димаш Құдайберген қатысқан шоу Қытайда телерейтингтің көшін бастады

    Қазақстандық өнерпаз Димаш Құдайберген атқарушы продюсері болған «Voice Beyond Horizon» музыкалық жобасының алғашқы эпизоды Қытайда телерейтингтің көшін бастады. Бұл туралы Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.

    Ақпаратқа сәйкес, жоба эфирге шыққан сәттен бастап көрермендер арасында жоғары қызығушылық тудырған.

    Алғашқы шығарылымның қытайлық стримингтік платформалардағы тікелей көрсетілімдерінің жиынтық көрілімі 102 миллионнан асты.

    Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жобаға қатысты 143-тен астам ең көп талқыланған тақырып тіркелген.

    Музыкалық жобада алты елден келген сегіз әртіс өнер көрсетіп, әртүрлі жанр мен бағыттағы шығармаларды ұсынған.

    Димаш Құдайбергеннің ресми сайтында хабарланғандай, жоба қатысушыларының өнері түрлі мәдениеттердің музыкалық үндестігін көрсетуге мүмкіндік берген.

    Жоба авторлары «Voice Beyond Horizon» бастамасының негізгі мақсаты — мәдени алмасуды дамыту және Ұлы Жібек жолы кеңістігіндегі музыкалық дәстүрлерді кеңінен таныту екенін атап өтеді.

    Музыкалық жоба алдағы уақытта да телевизиялық маусым аясында эфирге шығуын жалғастырады.

  • Қазақстанның 4 университеті әлемдік озық оқу орындарының рейтингіне енді

    Қазақстанның 4 университеті әлемдік озық оқу орындарының рейтингіне енді

    Қазақстанның 4 университеті Times Higher Education 2025 рейтингіне енді. Олар: Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті және Сәтбаев университеті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

    Назарбаев университеті 501-600 орынға жайғасып, бірнеше қатарға көтерілді. Университет, әсіресе, «Білім беру» санаты бойынша 251-300 диапазонында ерекшеленді. Бұл оның осы саладағы мұғалімдерді даярлау мен академиялық зерттеулердегі көшбасшылығын айқындайды.

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 1201-1500 диапазонына жайғасып, «Оқыту» және «Халықаралық көзқарас» санаттарында айтарлықтай жетістіктер көрсетті.

    Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 1201-1500 диапазонында өз позициясын сақтап, «Оқыту» және «Дәйексөздер» санаттары бойынша бағалауда аздаған өзгерістер байқатты.

    Өткен жылы 1501+ диапазонында болған Сәтбаев университеті де өз позициясын сақтап қалды, бірақ «Халықаралық көзқарас» санаты бойынша көрсеткіштерді жақсартты.

    Озық оқу орындарының көшін британиялық оқу орны бастап, бірінші орынға жайғасты. Оксфорд университеті тоғызыншы жыл қатарынан тағы да үздік деп танылды. Одан кейін АҚШ-тың Массачусетс технологиялық институты келеді. Ал Гарвард және Принстон университеттері үшінші және төртінші орындарға ие болды. Соңғысы былтырғы рейтингке қарағанда екі саты жоғарылады. Кембридж университеті өткен жылғы бесінші орнын сақтап қалды.

    Ұлыбритания және АҚШ жоғарғы орындары жүлдегер атанса, Еуропадағы бірнеше университет артта қалды. Тек Швейцарияның Цюрих университеті 11-орынды иеленіп, ілгерілеушілік танытты. Ал Мюнхен техникалық университеті 26-орынға көтеріліп, Германия тарихында болмаған деңгейге жетті. Бұл осы елдегі университеттердің қарқынды дамып келе жатқанын айқындайды.

    Керісінше, Франция, Нидерланд және Швейцариядағы бірқатар университет сәтсіздікке ұшырады. Мысалы, Делфт техникалық университеті 56-орынға түсіп, Нидерланд корольдігіндегі жоғарғы оқу орындарының деңгейі төмен екендігін көрсетті.

    Еуропалық университеттердің әлсіздігіне Азиядан, әсіресе Қытай, Оңтүстік Корея және Жапониядан жеткен бәсекелестік себеп. Азия университеттері айтарлықтай алға жылжып, жаһандық рейтингте тез көтеріліп жатыр.

    Рейтинг авторы 20 жылдық тарихы бар Times Higher Education журналының жаһандық байланыстар жөніндегі бас маманы Фил Бэйти еуропалық оқу орындарын көштен қалып қоймауға үндеді. Ол әсіресе, Франциядағы 50 университеттің 19-ның рейтингі төмендеп, 10-ы тарихта болмаған нашар нәтиже көрсеткенін атап өтті.