Метка: Режеп Ердоған

  • Тоқаев Ердоғанды құттықтады

    Тоқаев Ердоғанды құттықтады

    Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды Түркияның Ұлттық мейрамы – Республика күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

    Президент құттықтау жеделхатында Түркияның бірлігі мен дамуының бірегей нышаны саналатын бұл күннің мән-маңызы ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар бірлескен күш-жігер арқылы Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық ынтымақтастық екі ел игілігі үшін нығая беретініне сенім білдірді.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның аса жауапты мемлекеттік қызметіне толағай табыс, бауырлас түрік халқына құт-береке тіледі.

  • Анкарадағы теракт құрбандарының саны бес адамға жетті

    Анкарадағы теракт құрбандарының саны бес адамға жетті

    Түркия Ішкі істер министрлігінің басшысы Али Ерликая TRT Haber телеарнасының эфирінде Анкарадағы лаңкестік әрекеттен қаза тапқандар саны бес адамға жеткенін, тағы 22 адам жарақат алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.

    «Терактіде қаза тапқандар саны 5 адамға жетті, зардап шеккендердің жалпы саны 22 адам, оның үшеуі ауруханадан шығарылды. Біздің бағалауымызша, шабуыл Күрдістан жұмысшы партиясының әрекетімен байланысты болуы мүмкін. Шабуылдаушыларды анықтағаннан кейін біз ақпарат және басқа да дәлелдермен бөлісеміз», — деді министр.

    Ол сондай-ақ Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның шабуыл туралы ақпарат түскен сәттен бастап қауіп жойылғанға дейін ақпарат алып отырғанын айтты.

  • Президент Режеп Ердоғанға көңіл айтты

    Президент Режеп Ердоғанға көңіл айтты

     Мемлекет басшысы Анкара қаласының маңындағы TUSAŞ аэроғарыш корпорациясының ғимаратына жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айтты.

    Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

    – Суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан бейбіт тұрғындарға қарсы қастандық әрекетті қатаң айыптайды. Осындай ауыр сәтте Сізге және барша түрік халқына, сондай-ақ қайтыс болған азаматтардың жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың жаны жаннатта болсын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін, – деп жазылған жеделхатта.

  • Анкарада теракт болды

    Анкарада теракт болды

     Түркияның Анкара қаласында әскери ұшақтар мен ғарыш техникасын шығаратын «TUSAŞ» корпорациясы ғимаратының маңында теракт болды. Бұл лаңкестік әрекетті ұйымдастырды деген екі күдікті мерт болды, тағы бір адам бостандықта жүргені айтылады. Бұл туралы Түркияның Sabah агенттігі хабарлады.

    Басылымның хабарлауынша, жергілікті уақытпен сағат 15:20 шамасында Анкараның Кахраманказан ауданындағы «TUSAŞ» корпорациясы ғимаратының жанында бомба жарылды. Жарылыстар мен оқ даусын естіген қауіпсіздік күштері, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем бригадалары оқиға орнына дереу жеткен.

    Түркия Ішкі істер министрі Али Ерликая екі лаңкестің (әйел адам және ер адам) көзі жойылғанын растап, олардың аты-жөні анықталып жатқанын хабарлады. Ол сондай-ақ, соңғы лаңкес жойылғанға дейін күрестің жалғасатынын айтып, ресми ақпарат көздерінің мәлімдемелеріне құлақ түруді сұрады.

    Біз лаңкестерді анықтауды жалғастырудамыз, олардың кім екенін анықтағаннан кейін олардың қай лаңкестік ұйымға жататынын хабарлаймыз, – деді министр.

    Ел президенті Режеп Тайып Ердоған БРИКС саммиті аясында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінде 4 адамның қаза тауып, 14 адамның жараланғанын хабарлады.

    – Осы жантүршігерлік лаңкестік әрекетті айыптаймын, шейіттерімізге Алладан рақым тілеймін, – деді.

    Елдің Әділет министрі Йылмаз Тунчтың айтуынша, Анкара Бас прокуратурасы лаңкестік әрекетке қатысты тергеуді бастап, оқиғаны тергеуге бас прокурордың 1 орынбасары мен 8 прокурор тағайындалған.