Метка: Салық кодексі

  • Тоқаев: Салық кодексі өзгермейтін қағида емес, түзетулер енгізуге болады

    Тоқаев: Салық кодексі өзгермейтін қағида емес, түзетулер енгізуге болады

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексі өзгермейтін құжат емес екенін айтып, қажет болған жағдайда оған түзетулер енгізуге болатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы салық заңнамасын қолдануға қатысты қоғам тарапынан түсетін сындарлы ұсыныстарды мұқият қарауды тапсырды.

    Президенттің айтуынша, елдің басты стратегиялық мақсаты  сапалы экономикалық өсім қарқынын сақтау. Осы бағытта инфляцияны төмендету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, жаңа инвестициялық цикл іске қосылды, сондай-ақ экономикада бірқатар жүйелі шешімдер қабылдануда.

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, экономика мен бизнес жаңа салықтық ережелерге көшу кезеңін бастан өткеріп жатыр. Осыған байланысты мемлекет «тегіс әрі жанжалсыз фискалдық транзитті» қамтамасыз етуге міндетті.

    Салық саясаты экономиканың тұрақты дамуына кедергі келтірмеуі тиіс, — деді Президент.

  • Wildberries Қазақстанда қымбаттауы мүмкін

    Wildberries Қазақстанда қымбаттауы мүмкін

    Wildberries маркетплейсі қазақстандық сатушыларға 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне (ЖР) өтуді талап етті. Бұл туралы Uchet.kz хабарлады. Компания мұны жаңа Салық кодексіндегі 286-баптың 16-тармағымен түсіндіреді, деп хабарлдайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Сатушылар ЖР-ге өтеді

    2026 жылдан бастап жеңілдетілген режимдегі заңды тұлғалар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шығындарын шегере алмайды. Wildberries мәліметінше, мұндай жағдайда оңайлатылған декларация бойынша жұмыс «мүмкін болмайды».

    Салық салу режимін өзгерту үшін кәсіпкерлер салық органдарына хабарлама жіберуі керек. Мұны салық төлеушінің кабинеті, eGov порталы немесе E-Salyq Business қосымшасы арқылы жасауға болады. Егер 2026 жылғы 1 наурызға дейін өтініш берілмесе, кәсіпкер автоматты түрде жалпыға бірдей режимге ауыстырылады.

    ШОБ үшін салдары

    Сарапшылардың пікірінше, жаңа режимге өту салық жүктемесін арттырып, әкімшілендіруді күрделендіреді. Бұл Wildberries сатушыларының шығындарына әсер етіп, тауар бағасының қымбаттауына алып келуі мүмкін.

    Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі жаңа кодекс күшіне енгеннен кейін шамамен 300 мың компания жабылуы мүмкін екенін мәлімдеген. Вице-министр Азамат Әмрин олардың басым бөлігі «жасанды бөлшектеу» мақсатында құрылған құрылымдар екенін айтқан.

  • Жаңа Салық кодексі күшіне енген соң Қазақстанда шамамен 300 мың компания жабылуы мүмкін

    Жаңа Салық кодексі күшіне енген соң Қазақстанда шамамен 300 мың компания жабылуы мүмкін

    Қазақстанда жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін шамамен 300 мың компания өз қызметін тоқтатуы мүмкін, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амриннің айтуынша, кодексте бизнес құрылымын жасанды түрде «дробтау» тәжірибесіне шектеу қойылады. Бұған дейін кәсіпкерлер ҚҚС шегінен аспау үшін бірнеше компания тіркеп келген.

    «Жабылатын бизнес, әрине, болады. Бірақ ол — бұрын бөлініп, бірнеше компания ашқан кәсіпкерлер. Енді оған құқықтық негіз жоқ. Жалпы шек 2 млрд 350 млн теңге көлемінде белгіленді», — деді вице-министр.

    Амрин атап өткендей, жаңа талаптар ашық әрі тиімді бизнес жүргізуге мүмкіндік береді, ал жасанды бөлініс жасағандар нарықтан кетеді.

  • Қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16% болып белгіленді

    Қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16% болып белгіленді

    Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен оған салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.

      Кодекс Мемлекет басшысының Жарлығы мен Жолдауын және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленген.

    Депутаттық корпус пен Үкіметтің бiрлескен жұмысының нәтижесiнде, оның iшiнде қосылған құн салығы реформасы бойынша, бiрқатар шешiм қабылданды. Алғашында Үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.

    Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады.

    Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сондай-ақ баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр.

    Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосымша есепке жатқызуға қосылған құн салығы сомасы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Оңайлатылған декларацияны реформалау аясында рұқсат етуші тізімінің орнына тыйым салынатын тізімі енгізілді. Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып ±50%-ға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режимін қолдану кеңейтілді.

    Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 25 пайызға дейін көбейтілді.

    Ал банктер үшін кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуден түсетін кірістер бойынша мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде қалды. Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі:

    – жалақы бойынша: 8500 АЕК-ке дейінгі табысқа

    – 10% (жылына 33,5 млн. теңгеге дейін), одан жоғары болса – 15%;

    – дивидендтер түріндегі кірістер үшін: 230 000 АЕК дейін – 5% (1 млрд. теңгеге жуық) және одан жоғары болса – 15%;

    – резидент емес жеке тұлғалардың кірістері үшін: 600 000 АЕК дейін – 10%, одан жоғары болса – 17%.

  • Мәжіліс жаңа салық кодексін бірінші оқылымда мақұлдады

    Мәжіліс жаңа салық кодексін бірінші оқылымда мақұлдады

    Салық кодексінің жаңа жобасына сәйкес, салық жүйесін оңтайландыру, салықтар мен алымдар санын азайту, берілетін жеңілдіктерді қысқарту жоспарланып отыр.

    ҚҚС: жаңа шек және мөлшерлеме

    Атап айтқанда, Үкімет қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша шекті табыс мөлшерін жылына 40 миллион теңге деңгейінде белгілеуді ұсынуда.
    ҚҚС мөлшерлемесі – 16% болады деп көзделген.

    Сән-салтанат салығы енгізілмек

    Бұдан бөлек, жеке тауар санаттарына жоғары мөлшердегі салық салу, яғни «люкс салығы» енгізу ұсынылуда.

    Салалық салық мөлшерлемелері

    Жекелеген салалар үшін салық мөлшерлемелері төмендегідей болады:

    • Банктер үшін – 25%
    • Құмар ойындар саласы үшін – 25%
    • Әлеуметтік бағыттағы мекемелер үшін – 10%
    • Өңдеу өнеркәсібі үшін – 10%
    • Ауыл шаруашылығы үшін – 3%

    Негізгі салық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады.

    Арнайы салық режимдері қысқарады

    Қолданыстағы арнайы салық режимдерінің саны үшке дейін қысқартылмақ:

    1. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар үшін
    2. Жеңілдетілген есептілік негізінде жұмыс істейтіндер үшін
    3. Шаруа және фермер қожалықтары үшін

    Жеке тұлғаларға арналған жеңілдіктер

    Азаматтар үшін де бірқатар өзгерістер ұсынылуда. Атап айтқанда:

    • Зейнетақы қорынан төленетін төлемдерге жеке табыс салығы салынбайды (ЖТС-тан босатылады)
    • Жалақыдан 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде тұрақты салықтық шегерім енгізу жоспарланып отыр. Бұл шегерім республикалық бюджет туралы заңда бекітілетін АЕК-ке негізделеді.
  • Енді жеке кәсіпкерлікті тіркеу рәсімі қиындайды

    Енді жеке кәсіпкерлікті тіркеу рәсімі қиындайды

    Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексінде ҚҚС-тің төменгі шегі бұрын ұсынылғандай 15 млн теңге емес, 40 млн теңге болатынын, осының салдарынан 160 мың кәсіпкер ҚҚС төлеуден құтылатынын айтты.

    Министрдің сөзінше, бұл шешім бизнес субъектілері бұдан әрі ұқсақтала алмайтындай жүйені қажет етеді.

    «Біз енді жеке кәсіпкерлік құрылымды құруды түрлі жолмен қатаңдатамыз. Бұған дейін салық тәртібін бұзған, жұмыс істемейтін қосымша жеке кәсіпкерлігі бар адамдарға жаңа жеке кәсіп құрылымын ашу қиын болады», – деді ол.

  • Үйдің жанындағы дүкендер мен шаштараздар ҚҚС төлемейтін болды

    Үйдің жанындағы дүкендер мен шаштараздар ҚҚС төлемейтін болды

    Мәжілістің жалпы отырысында жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді таныстырған премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үй жанындағы дүкендер мен шаштараздар қосылған құн салығын төлемейтінін мәлімдеді.

    Оның айтуынша, енді орта және шағын бизнеске арналған арнаулы салық режимі оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі деп аталады. Кіріс лимиті – қазіргідей 600 мың айлық есептік көрсеткіш болып сақталады. Қызметкерлер саны бойынша шектеу алынып тасталады. Мөлшерлеме – 4% және оны мәслихаттар 50%-ға дейін төмендетуі мүмкін.

    «Үкімет режимді тек белгілі бір қызмет түрлеріне қолдануды ұсынды және басты шарт – тек B2C операциялары. Бұл ретте В2В операциялары арнаулы режим аясында ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Егер жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін салық төлеуші тауарды немесе қызметті «арнаулы режимшіден» сатып алса, онда оның мұндай шығындарды шегеруге құқығы жоқ. Қызмет түрлерінің санын Үкімет реттейді. Осылайша, «үй жанындағы» дүкендер, шаштараздар және халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер осы шарттарға сәйкес келеді және қосылған құн салығын төлеуші болмайды. Оларға қорқудың қажеті жоқ», – деді Жұманғарин Мәжіліс отырысында.

  • Үкімет салықтарға қатысты өзінің ұстанымын айтты

    Үкімет салықтарға қатысты өзінің ұстанымын айтты

    Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

    Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексінің жобасының негізгі тұстарына тоқталды.

    «Біз салықтарды, төлемдер мен алымдарды қысқартамыз. 12 салықтың орнына 11 болады. 10 төлемнің 2-ін алып тастау ұсынылады: жарнаманы орналастырғаны және лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемдер. 3 төлемді біріктіру ұсынылады: су ресурстарын пайдалану үшін, орманды пайдалану үшін және жануарлар дүниесін пайдалану үшін төлемдер. Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем болады. Бұл төлемдердегі мөлшерлемелер саны 77-ге қысқарады», – деді Премьер-министрдің орынбасары.

    Сонымен қатар Үкімет алымдардың 6 түрін қысқаруды ұсынып отыр. Олар бойынша мөлшерлемелердің 34 түрі алынып тасталмақ.

    «Сондай-ақ мемлекеттік баждың 5 түрі алынып тасталады, олар бойынша мөлшерлемелер 51-ге қысқарады.  Біз салық жеңілдіктерін оңтайландырамыз.

    Салық декларацияларының деректері бойынша сомасы 3,4 трлн теңге 453 норма жеңілдік деп танылды. Бүгінгі таңда сомасы 1,3 трлн теңгеден астам 128 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылып отыр», – деді Серік Жұманғарин.

    Ұлттық экономика министрі бұл мәселеде ашық жаңа жүйе құрылып жатқанын баса айтты.

  • Салық органдары блогерлер мен әншілерді неге тексере бастады?

    Салық органдары блогерлер мен әншілерді неге тексере бастады?

    Қазақстандық блогерлерді салық органдарының не себепті тексере бастағанын Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) түсіндірді. 

    МКК-нің Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының жетекшісі Дина Құсайынованың Tengrinews.kz-тің YouTube-арнасына берген сұхбатында айтылғандай, салық органдарына қазақстандықтардан блогерлерге қатысты көптеген шағымдар түскен.

     Бұл тексерістер азаматтардың көпшілік шағымдарына байланысты басталған.

    Біздің азаматтарымыздан блогерлердің сән-салтанатты өмір сүретіні, бірақ салық төлемейтіні туралы шағымдар жиі түсуде. «Оларды тексеріңіздер, олар қымбат көліктер мініп, элиталық пәтерлерде тұрады, қымбат үйлер сатып алады» деген өтініштер келіп түседі. Әрине, адамдарда «Олар қанша салық төлейді?» деген сұрақ туындайды, – деді Дина Құсайынова.

    Оның айтуынша, блогерлерге салықтық ескертулер 2025 жылдың ақпанында 2022 және 2023 жылдардағы мәліметтерді талдау нәтижесінде жіберілген.

    Аталған кезеңдерде кейбір блогерлер салық декларациясын тапсырса, кейбіреулері тапсырмаған. Тіпті кейбір блогерлер нөлдік көрсеткіштермен декларация тапсырған. Біз бұл деректерді талдап, сәйкессіздіктерді анықтадық, – деп түсіндірді Дина Құсайынова.

    Көптеген блогерлер қаражатты қайырымдылыққа, туған күндерге немесе туыстарына жібергендерін айтқан.

    Қайырымдылық туралы заң бар. Қайырымдылыққа жиналған қаражат туралы уәкілетті органдарға есеп берілуі тиіс. Егер тиісті есептер ұсынылса, бұл деректер міндетті түрде ескеріледі, – деді ол.

    Сонымен қатар «қайырымдылық көмек» және «демеушілік көмек» ұғымдары да табыс ретінде қарастырылады және Салық кодексіне сәйкес түзетіледі. Егер бұл талаптар орындалмаған болса, блогерлер қосымша салық декларациясын тапсырып, түсіндірме бере алады. Ескертуге жауап беру мерзімі – 30 жұмыс күні. Бұл жеткілікті уақыт – шамамен бір жарым ай.

    Қазақстандық блогерлердің кейбіреулері бұл тексерістерді «көрсетілімдік шара» деп атаған болатын. Алайда, Дина Құсайынова бұл әрекеттердің мақсаты жазалау емес, мемлекеттік бюджетті толықтыру екенін атап өтті.

    Бұл сөздер тым қатал естіледі. Жалпы, біздің басты міндетіміз – мемлекеттік бюджетті толықтыру және барлық жеке тұлғалардың салық төлеуін әкімшілендіру. Блогер, журналист немесе кәсіпкер болсын – барлығы мемлекеттік бюджетке салықты дұрыс есептеп, төлеуі тиіс, – деді ол.

    Қазақстандық блогерлерге қатысты салық тексерістері – бұл заң талаптарына сай жүргізіліп отырған процесс. Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтардың шағымдарын ескере отырып, табыстардың ашықтығы мен салықтардың дұрыс төленуін қамтамасыз етуді мақсат етеді. Блогерлер үшін ең бастысы – табыс көздерін дұрыс көрсетіп, қажетті есептілікті уақтылы тапсыру.

  • Депутаттар жаңа Салық кодексін қашан қарайды?

    Депутаттар жаңа Салық кодексін қашан қарайды?

    Талқылау қорытындысы бойынша Салық кодексінің жобасына түзетулер 20 ақпанға дейін Мәжілістің қарауына енгізіледі. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында салық реформасы мәселесі қаралды.

    «Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде салық реформасын кәсіпкерлермен, депутаттармен және сарапшылармен бірге егжей-тегжейлі талқылауды тапсырды», – деді Олжас Бектенов.

    Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. Мәселен, биылғы 10 ақпанда «Атамекен» палатасымен және кәсіпкерлермен сараланған мөлшерлемелер, арнайы салық режимдері, ҚҚС бойынша есепке қою шегі мәселелері талқыланды.

    «Жалпы ұсыныстарды қолдаймыз. Осы аптада өңірлерге барып, халықтың барлық санаттарымен егжей-тегжейлі талқылау керек. Мен де Астанада және өңірлерге барып, талқылаулар өткіземін.

    Осы жұмыстың нәтижесі бойынша Салық кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобасына түзетулерді 20 ақпанға дейін Мәжіліске енгізу керек. Ары қарай Мәжілісте талқылауды жалғастырамыз», – деді Олжас Бектенов.

    Бүгіннен бастап Үкімет бастамаларын өңірлердегі бизнес-қауымдастықтардың қатысуымен талқылайтын алты жұмыс тобы өз жұмысын бастайды.