Метка: сапа

  • «Үй салу жақсы, оның сапалы болуы одан да маңызды» – Асхат Бердіханов

    «Үй салу жақсы, оның сапалы болуы одан да маңызды» – Асхат Бердіханов

    Қонаев қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Олардың көбі жеке компаниялардың қаржысына салынуда.

    Қонаев қаласының әкімі шаһарды кезекті рет аралау барысында бірқатарына кіріп шықты. Алдымен ол «Самұрық» ТҮК-ке барды. Бұл кешен 11,6 гектар жерде тұрғызылады деп жоспарлануда. Жоба 2029 жылға дейін жүзеге аспақ. Тартылатын инвестиция сомасы – 65 млрд.теңгені құрайды. Қазір құрылыстың 1-кезеңі жүріп жатыр. Мұнда жалпы аудан 160 мың шаршы метрден астам тұрғын үй бой көтереді.

    Келесі нысан 10 шағынауданда орналасқан «NNS City» тұрғын үй кешені болды. Тапсырыс беруші – «Али-Нұр транс» ЖШС. Мұнда 21 көпқабатты тұрғын үй салынады. Қазір төртеуінің құрылысы аяқталған, жақын арада ауланы абаттандыру басталады. Содан кейін бірден қолданысқа беріледі.

    «Инженерлік желілерді тарту жұмыстары уақытылы жүргізілуі тиіс. Кейіннен қоныстанған халық арасында сапасыз құрылысқа шағым болмауы қажет. Әкімдікпен бірлесе, ақылдаса қызмет етіңіздер. Үй салу жақсы, оның сапалы болуы одан да маңызды», — деді Асхат Бердіханов.

    Одан соң әкім күрделі жөндеуден өтіп жатқан 8-10 шағынауданның жолын көрді. Бұл жерде көше жарығын орналастыру мәселесі қарастырылды. Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиевтің сөзінше, жоба 2026 жылға өтпелі болады. Әкім көше жарығын қоюда адамдарға ыңғайлы болуы қажеттілігін атап өтті. Бүгінде мұнда біршама жұмыстар аяқталған, тротуар бордюрлары, аялдамалар қойылып, жолдың кей бөлігіне асфальт төселген. Бұл жұмыстар қаланың Бас жоспарына сәйкес атқарылуда.

    Айта кетейік, биыл Шеңгелді ауылдық округіндегі елдімекендердің жолы ағымдағы жөндеуден өтуде. Сондай-ақ «Көшпенділер қалашығына» жаңадан жол салынуда. «Қарлығаш» ықшамауданында да жол күрделі жөндеуден өтуде.

    Құрылыс саласына келсек, жыл басынан 18843 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7 млрд.теңгені құрады.

  • «Құрылыста ең бастысы – сапа»: Қанат Ақылбеков өз тәжірибесімен бөлісті

    «Құрылыста ең бастысы – сапа»: Қанат Ақылбеков өз тәжірибесімен бөлісті

    Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Ақжайық ауылында дүниеге келген Қанат бүгінде Қонаев қаласындағы тұрғын үй нысандарында құрылыс учаскесінің басшысы қызметін атқарады. Ол бұл мамандықты жай жұмыс емес, өмірлік жол деп санайды.

    Қанаттың айтуынша, құрылысқа деген қызығушылығы 2018–2019 жылдары Алматыда ағаларына үй салуға көмектесіп жүрген кезде оянған. Ал әкесі де құрылыс саласының маманы болған.

    «Бала күнімнен әкемнің еңбегін көріп өстім. Бұл мамандықтың жауапкершілігін сол кезде-ақ сезіндім. Кейін университетті аяқтап, еліміздегі ірі құрылыс компанияларының бірінде жұмысымды бастадым», – дейді Қанат.

    Бүгінде ол құрылыс жұмыстарының әр кезеңін өзі қадағалап, сапа мен қауіпсіздікке ерекше мән береді.

    «Материал қабылдау, іргетас құю, қабырға көтеру – бәрі менің бақылауымда. Себебі бұл үйлерде ертең адамдар тұрады. Әр кірпіш – біреудің өмірінің бөлшегі», – дейді ол.

    Қанаттың пікірінше, құрылыс саласында кәсіби деңгейге жету үшін кемі 6–7 жыл үздіксіз еңбек ету қажет. Ол жастарға мамандықты жүрекпен таңдап, шыдамдылық танытуға кеңес береді.

    «Көпшілік бірден табысқа жетуді қалайды. Бірақ бұл салада тәжірибе мен табандылық басты рөл ойнайды. Еңбектенуден қорықпау керек», – дейді ол.

    Қанаттың келесі мақсаты – өз жобалау компаниясын ашу. «Жинаған білім мен тәжірибемді енді жеке кәсіп бастауға бағыттағым келеді. Бұл – тек бастамасы», – дейді ол сеніммен.

    Әрбір сапалы салынған үй – құрылысшының қолтаңбасы. Ол – тек құрылыс нысаны емес, қауіпсіздік пен жайлылықтың символы. Қанат сынды мамандардың еңбегі – нағыз құрметке лайық.