Метка: сату

  • Қазақстанда жаңа туған сәбилерді сату фактілері анықталды: құны 1,5 млн теңгеге дейін жеткен

    Қазақстанда жаңа туған сәбилерді сату фактілері анықталды: құны 1,5 млн теңгеге дейін жеткен

    Қазақстанда жаңа туған нәрестелерді асырап алу үшін сату деректері тіркелді, деп хабарлайды Sona.kz ІІМ-ге сілтеме жасап.

    Адам саудасына қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасары Шынар Кучербаеваның айтуынша, жыл басынан бері 19 қылмыстық іс қозғалған. Сәбилердің «құны» 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін болған.

    Бұл заңсыз схемаларға сәбиінен бас тартқан ата-аналар, сатып алушы іздеген делдалдар және бала сүйе алмайтын отбасылар қатысқан. Барлық тараптар бірдей қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

    Кучербаева атап өткендей, балаларды шетелге шығару фактілері тіркелмеген. Барлық жағдай ел ішінде болған.

  • Астанада LRT құрылысына қаржы тарту үшін жер телімдері сатылуда

    Астанада LRT құрылысына қаржы тарту үшін жер телімдері сатылуда

    “City Transportation Systems” ЖШС LRT құрылысына қаржы тарту мақсатында жылжымайтын мүлікті сатылымға қойды. Компанияда бұл қосымша қаржыландыру екені атап өтілді, деп хабарлайды Sona.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

    9 қыркүйек күні e-qazyna.kz сайтында CTS-ке тиесілі Нұра ауданындағы жер телімі аукционға шығарылады. Бастапқы баға – шамамен 338 млн теңге. Сондай-ақ Есіл ауданындағы аяқталмаған құрылыс нысаны мен елорданың түрлі аудандарындағы басқа да нысандар сатылымға қойылған.

    CTS баспасөз қызметінің хабарлауынша, сатудан түскен қаражат жеңіл рельсті көлік (LRT) құрылысына бағытталмақ. Бұл қосымша қаржыландыру болып табылады.

    Компания нысандар сатылмаса да, LRT құрылысы тоқтамайтынын айтты.

    CTS нысандардың компания қарамағына қалай өткенін де түсіндірді:

    “Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 341-бабына сәйкес, “City Transportation Systems” ЖШС-не міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін талап ету құқықтары берілді. Қарызды өтеу үшін талап ету құқығын беру шеңберінде ЖШС-ке мүлік қабылданды. Ол мүлік сатылымға шығарылды”, – деді баспасөз қызметінде.

    Астанадағы LRT құрылысы

    Мамыр айының соңында Қытайдың Таньшань қаласынан Астанаға LRT-нің алғашқы екі құрамы жеткізілді. Жыл соңына дейін елордаға Қытайдан тағы 17 вагон әкелінеді. Маусым айының басында Астанаға ұзындығы 60 метрлік автоматтандырылған басқару жүйесі бар алғашқы LRT пойыздары жеткізілген болатын.

    Осыдан кейін Abu Dhabi Plaza маңындағы станцияда екі вагоннан тұратын екінші LRT құрамы орнатылды.

    Қыркүйек айында LRT-нің сынақ режиміндегі іске қосылуы жоспарланған. Бұл кезең шамамен жарты жылға созылады, ал осы уақытта көлік жолаушыларды тасымалдамайды.

    Бұған дейін депутат LRT вагондарының ішкі көрінісін көрсеткен болатын. Маусым айында депоның 50%-ға аяқталғаны хабарланған.

    Тамызда негізгі желі бойына рельстер төсеу жұмыстары толық аяқталды. Оның жалпы ұзындығы – 22,4 шақырым. Акимат бұл кезеңді LRT құрылысының негізгі кезеңдерінің бірі деп атады.

    Сондай-ақ тамыз айында ресми түрде 18 станцияның атауы бекітілді.

  • Шымкентте жүргізуші куәлігін сатумен айналысқан топ әшкереленді

    Шымкентте жүргізуші куәлігін сатумен айналысқан топ әшкереленді

    Шымкентте қаржы мониторингі агенттігі прокуратурамен бірлесіп, жүргізуші куәлігін пара арқылы заңсыз берген қылмыстық топтың жолын кесті. Тергеу мәліметінше, 2023–2024 жылдары Халыққа қызмет көрсету орталығының №2 бөлімінің басшысы Ж.Р. Мурашимовтың басшылығымен емтихан тапсырмай-ақ куәлік беру схемасы құрылған. «Қызметтің» бағасы 150–400 мың теңге болған.

    Кемінде 500 адам заңсыз жүргізуші куәлігін алған. Тергеу аясында 200 млн теңгеден асатын мүлікке (2 үй, 2 пәтер, 2 жер учаскесі, 10 көлік) бұғат қойылды. Сот санкциясымен 12 күдікті қамауға алынды. Іс бойынша тергеу жалғасуда.

    Мамандардың айтуынша, мұндай құжат беру жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Соңғы екі жылда Шымкентте жол апаты екі есеге артқан — 2022 жылы 398 оқиға болса, 2024 жылы 878-ге жетті.