Метка: Сауд Арабиясы

  • Сауд Арабиясында аттракцион екіге бөлініп кетті — 23 адам жарақат алды

    Сауд Арабиясында аттракцион екіге бөлініп кетті — 23 адам жарақат алды

    Сауд Арабиясының Таиф қаласында аттракцион апатқа ұшырап, кем дегенде 23 адам зардап шекті.

    Бұл туралы Sona.kz Nur.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

    Жергілікті ақпарат көздерінің мәліметінше, аттракционның тірегі жоғары жылдамдықпен артқа серпіліп, қарама-қарсы тұрған адамдарға соғылған. Кейбірі ауыр жарақат алса, басқалары биіктіктен құлап, түрлі дене жарақатын алған.

    Куәгерлер жағдайды «қорқынышты және түсініксіз» деп сипаттады. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері дереу жетіп, тергеу басталды.

  • АҚШ пен Ресейдің Эр-Риядтағы кездесуі немен аяқталды?

    АҚШ пен Ресейдің Эр-Риядтағы кездесуі немен аяқталды?

    АҚШ пен Ресейдің Эр-Риядтағы кездесуі 12 сағатқа созылды. АҚШ мемлекеттік департаментінің мәліметінше, Украина мен РФ атысты тоқтату туралы келісімге келуіне аз қалды.

    DW мәліметінше, Эр-Риядта АҚШ делегациясы Украина және Ресей өкілдерімен бөлек, жабық режимде келіссөздер өткізді. 23-24 наурыз күндері өткен кездесулерде үш жылдан астам уақытқа созылған Ресей мен Украина арасындағы соғысты ішінара тоқтату мәселесі қаралған.

    Келіссөздер аяқталар алдында АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс Украина мен Ресей толық атысты тоқтатуға жақындап қалғанын мәлімдеді.

    – Біз қазір бұған өте жақынбыз. Бұған дейін ешқашан осыншалықты жақын болған емеспіз, – деді ол.

    Брюстың айтуынша, қазіргі уақытта Қара теңіз аймағында атысты тоқтату мәселесі талқылануда, содан кейін тараптар басқа тақырыптарға көшеді. Ол сондай-ақ бейбіт келісімге қол жеткізу үшін екі тараптың да ымыраға келуі қажет екенін атап өтті.

  • Украина соғысты бір ай тоқтата тұруға келісті

    Украина соғысты бір ай тоқтата тұруға келісті

    Сауд Арабиясында өткен келіссөздер бір қадам болсын соғысты тоқтатуға жақындата ма?

    – Украина АҚШ-тың екі тараптың өзара келісімімен ұзартуға болатын 30 күндік уақытша бітім енгізу туралы ұсынысын қабылдауға дайын екенін көрсетті. Бұл бітім Ресей Федерациясының келісімі мен оны бір мезетте орындауына тәуелді, – делінген Жиддадағы келіссөздерден соң жарияланған АҚШ-Украина бірлескен мәлімдемесінде.

    АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл ұсынысты Мәскеуге дереу жеткізетінін айтып, «Ендігі кезек – Ресей тарапында» деді. Егер Кремль бұл келісімге қол қоймаса, «бейбітшілікке кім кедергі келтіріп отырғанын анық білеміз» деп нақтылай түсті ол.

    – Бүгін біз әлемге бейбітшілікті қалайтынымызды көрсеттік. Әділетті және ұзақ мерзімді бейбітшілік керек, – деді келіссөздерден кейін Украина Президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак. 

    Сауд Арабиясындағы келіссөздерге қатыса алмаған Украина президенті Владимир Зеленский ел ұстанымын тағы да қайталады.

    – Біздің ұстанымымыз өте айқын. Украина соғыстың алғашқы күнінен бастап бейбітшілікке ұмтылып келеді. Біз оны мүмкіндігінше тез әрі сенімді түрде жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бізге соғыстың ешқашан қайталанбағаны керек, – деді ол.

    Егер Ресей толықтай атысты тоқтату шарттарын қабылдайтын болса, сол сәттен бастап тыныштық орнауы мүмкін.

    – Украина бейбітшілікке дайын. Енді Ресей де соғысты тоқтатуға дайын екенін көрсетуі тиіс. Немесе оны жалғастырғысы келе ме? Ақиқат ашылатын уақыт келді, – деп сөзін қорытындылады Зеленский.

    Екі ел өкілдерінің Сауд Арабиясында прайдалы қазбалар бойынша келісімге келу мүмкіндігін талқылағаны да белгілі болды. Бірлескен мәлімдемеде бұл келісім көп ұзамай жүзеге асатыны айтылған.

  • Президент Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды

    Президент Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев One Water саммитіне қатысу үшін Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды.

    Халықаралық форум Қазақстан мен Францияның төрағалығымен, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банк тобының қолдауымен өтеді.

    Сонымен қатар Президент Эр-Риядта бірқатар кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

  • Бір жылда Сауд Арабиясында 200-ге жуық адам өлім жазасына кесілген

    Бір жылда Сауд Арабиясында 200-ге жуық адам өлім жазасына кесілген

    28 қыркүйекте тағы үш өлім жазасын қоса алғанда, 2024 жылы корольдіктегі өлім жазасына кесілгендердің жалпы саны 198-ге жетті, деп жазады DW медиакомпаниясы AFP-ға сілтеме жасап.

    Өткен жылы Сауд Арабиясында 170 адам өлім жазасына кесілген болса, 2022 жылы 196 адамға осындай жаза белгіленген.

    Ел өлім жазасына кесілгендердің көптігі үшін сынға ұшырады. Reprieve, адам құқығын қорғау ұйымының өкілі қайғылы рекорд туралы хабарламаға реакция білдіріп, Сауд Арабиясы басшылығы жариялаған модернизация бағыты бос сөз екенін, өйткені уәделер орындалмай жатқанын айтқан.

    Ресми статистикаға сәйкес, биыл Сауд Арабиясында 32 адам лаңкестікке, тағы 52 адам есірткіге қатысты айыппен өлім жазасына кесілген.

    Сауд Арабиясының ресми өкілдерінің айтуынша, өлім жазасы «қоғамдық тәртіпті сақтауға» қызмет етеді және сотталушы барлық заңды мүмкіндіктерін таусылғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.

    Қазіргі уақытта Сауд Арабиясында өлім жазасына кесілгендердің саны елдің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның сөзіне қайшы келіп отыр. 2022 жылы The Atlantic журналына берген сұхбатында ханзада өз елінде өлім жазасы қазір тек кісі өлтіру немесе көптеген адамдардың өміріне қауіп төндіру үшін ғана қолданылатынын айтқан.