Метка: саяжай

  • Саяжай тұрғындарымен кездесу: Бас жоспар мәселесі талқыға салынды

    Саяжай тұрғындарымен кездесу: Бас жоспар мәселесі талқыға салынды

    Негізгі баяндамадан соң тұрғындар өздерін толғандыратын бірқатар сұрақтарды қойды. Оның негізгісі саяжайларға шағынаудан статусын беру болды.

    «Бұл мәселе тек Бас жоспар бекітілгеннен кейін шешімін табады. Аталған құжатқа өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Оның оң қорытындысы шығарылса, қаланың шекарасы бекітіліп, саяжай массивтеріне шағынаудан статусы беріледі. Барлық процесс ауқымды жұмыс екенін естен шығармайық. Уақыт қажет», – деді әкім.

    Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, Бас жоспар бекітілгеннен кейін ауыз су тарту, жаңа жол салу жобалары дайындалады.

    Қала әкімі түйткілдің түйіні тарқамай тұрғанына қарамастан, соңғы жылдары мұнда айтарлықтай жұмыс жасалғанын да атап өтті. Мысалы:
    • Саяжайларға балалар, спорт алаңдары салынды;
    • ауыз су құбырлары мемлекет меншігіне алынып, «Қонаев Су Арнасы» мекемесінің иелігіне өтті;
    • 81,3 шақырым электр желісі ауыстырылып, жөнделді;
    • көше жарығы орнатылды;
    • кейбір аумақтарда жол жөнделді;
    • аялдамалар мен жасанды жол дөңестері қойылды;
    • бейнебақылау камералары орнатылды;
    • мемлекеттік мекеме 1200 метр ауыз су құбырын жаңартты (абоненттер жыл соңына дейін жаңа желіге қосылады);
    • барлық саяжайға газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленуде.

    Сонымен қатар халық үй жануарларының иесіз қаңғып, көшелерде жүретінін айтып, шағымданды. Бұл сұрақ полиция басқармасының бақылауына алынды.

    Айта кетейік, Қонаев қаласының аумағында 8 саяжай кооперативі орналасқан.

  • Саяжайлардың инфрақұрылымын дамыту мәселесі қарастырылды

    Саяжайлардың инфрақұрылымын дамыту мәселесі қарастырылды

    Жиналыста Бас жоспардың орындалуы, саяжай массивтерін газдандыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, электр желілерін жөндеу сияқты инфрақұрылымға қатысты сұрақтар қарастырылды.

    Сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандарының сөзінше, Бас жоспарға саяжайлар «шағынаудандар» есебінде енгізілген. Қазіргі таңда құжатқа өзгерістер енгізілуде. Бас жоспар қайта бекітілгеннен кейін «шағынаудан» мәртебесі беріледі. Одан кейін егжей-тегжейлі жоспар жасалады.

    Екінші мәселеге келсек, бұған дейін саяжайлардан тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен ешқандай компания айналыспаған. Енді бұл жұмысты «Қонаев көркейту» мемлекеттік коммуналдық мекемесі атқарады.

    «ТҮКШ бөлімі конкурс ойнатқан болатын. Онда қала бойынша үш компания жеңімпаз атанды. Соның ішінде «Қонаев Көркейту» мекемесі Шеңгелді ауылдық округі мен саяжайлардағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару бойынша қызмет көрсетуші болып анықталды», — деді ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев.

    Сондай-ақ мамандар көгілдір отын тарту туралы да түсіндіріп өтті. Мәліметке сүйенсек, құрылыс жұмыстары қаланың Кешенді даму жоспары аясында жүзеге асады деп күтілуде. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр.

    Алдағы апталарда осы саяжайда жол шұңқырларын жөндеу, істен шыққан жарық бағаналарын бұзып, алып тастау секілді жұмыстар жасалады.

    Жиналыс соңында қала әкімі Асхат Бердіханов аталған проблемалық сұрақтарға байланысты пікірін білдірді.

    «Бүгінде саяжайлардың түйткілдері біртіндеп шешіліп келеді. Кей кооперативтер өз жұмысын тоқтатты, кей саяжайлардың электр желілері мен ауыз су, суармалы су құбырлары әкімдік меншігіне өтті. Мұның бәрі ортақ жұмыстың нәтижесі. Осы қалыптан таймай, өздеріңізбен ары қарай да қызмет етуді жалғастырамыз. Инфрақұрылымды дамытып, саяжайларды жандандыру халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Бүгін айтылған сұрақтар күн тәртібінен түспейді», — деді шаһар басшысы.

    Ақпаратқа қоса кетейік, Қонаев қаласының аумағында 8 саяжай кооперативі орналасқан.

  • Қонаевтағы саяжайлар дамуына қолдау көрсетіледі — Мәжіліс депутаты

    Қонаевтағы саяжайлар дамуына қолдау көрсетіледі — Мәжіліс депутаты

    Бүгін Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубаев Қонаев қаласындағы №7 саяжай аумағының тұрғындарымен кездесті.

    «Алтын Алма» тұтынушылар кооперативінің төрайымы Лина Черказьянова «Южная» және «Сиреневая» қарапайым серіктестіктерінің жұмысына шағымданып, ауыз су құбырларының ТҮКШ бөлімінің иелігіне берілуіне наразылық білдірді.

    Тұрғындар мына мәселелерді айтты:
    1. 2022 жылы «Алтын Алма» кооперативінің абоненттері толықтай ауыз судан ажыратылды. Осыдан кейін тұрғындар жиналыс өткізіп, қарапайым серіктестіктер құруға шешім қабылдаған.
    2. Кейін инженерлік желілер (су, электр) қала әкімдігінің балансына берілді. Соның нәтижесінде коммуналдық тарифтер арзандады: бұрын ауыз судың текше метрі 140 теңге болса, қазір — 70 теңге.
    3. Қарапайым серіктестіктер мен кооператив арасындағы сот процестері үш жыл бойы жалғасып, барлық істерде кооперативтің талаптары қанағаттандырылмады.

    Бүгінде екі серіктестікте шамамен 230 абонент бар. Әкімдіктің қолдауымен көше жарығы орнатылып, балалар алаңы салынды, орталық көшелер асфальтталды.

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов саяжайларды газбен қамту, сүзгі станциясын салу және су желілерін жаңғырту жобалары дайын екенін мәлімдеді. Мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған жағдайда бюджеттен қаржы бөлу қарастырылатынын айтты.

    Наурыз Сайлаубаев басты міндет — инфрақұрылымды дамыту, жарық пен суды үздіксіз жеткізу, жаңа жолдар салу екенін атап өтті:

    «Қаланың Бас жоспарына саяжайларды қала құрамына енгізу мәселесі қарастырылған. Дегенмен, әр кооператив немесе серіктестік қала құрамына ену немесе енбеу жөнінде өз бетінше шешім қабылдауға құқылы», — деді депутат.

    Сонымен қатар, ол Мәжілісте саяжайларды дамытуға қатысты жаңа заң жобасы қаралып жатқанын, оған түзетулер мен ұсыныстар қабылданып жатқанын айтты.

  • Асхат Бердіханов саяжай тұрғындарымен жиын өткізді

    Асхат Бердіханов саяжай тұрғындарымен жиын өткізді

    Жиында «Алтын Алма» саяжайындағы проблемалық сұрақтар талқыланды. Оның қатарында ауыз су, электр энергиясы, жол, газ жүргізу, елдімекен статусын алу секілді сұрақтар болды.

    Сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандарының сөзінше, Қонаев қаласының аумағында 9 саяжай алабы бар. Бас жоспар бойынша барлығы қала құрамына енгізілген. Алайда, құжатқа түзетулер мен өзгерістер енгізілуіне байланысты шағынаудан статусын беру әзірше мүмкін болмай отыр. Бұл сұрақ шешілмейінше күн тәртібінен түспейді.

    Келесі мәселе — ауыз су жүргізу бойынша арнайы жоба дайындалуда. Биыл мемлекеттік сараптамадан өтеді деп жоспарлануда. Оған дейін ағымдағы жөндеу ретінде үш аумаққа су құбырлары салынады. Қазір сүзгі станциясына қосу нүктесі анықталуда.

    «Сондай-ақ бұл саяжайға биыл көше жарығын орнату жоспарлануда. Газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр», — деді ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев

    Ал жаңа жолдарды салу мәселесі бойынша жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиев айтты.

    «Жаңа жолдарды салу жобасы уақытша тоқтатылды. Себебі, Бас жоспарға өзгерістер жасалуда», — деді ол.

    Дегенмен, әкім көше жолдарын тегістеуге қанша қаражат қажет екенін есептеп, келесі бюджеттің нақтылауына құжаттарды дайындауды тапсырды.

    Басқосу нәтижесінде хаттама жазылып, бөлімдерге орындауға жіберілді. Бұдан бөлек, шаһар басшысы «Алтын Алма» саяжайын аралап, кемшіліктерді көріп шықты.