Метка: шектеу

  • Нұрлан Сабуровтың Ресейге кіруіне 50 жылға дейін шектеу қойылуы ықтимал

    Нұрлан Сабуровтың Ресейге кіруіне 50 жылға дейін шектеу қойылуы ықтимал

    Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, комик Нұрлан Сабуровқа Ресей аумағына кіруге 50 жылға дейін тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды Sona.kz MASH телеграм каналына сілтеме жасап

    РИА Новости агенттігі құқық қорғау органдарындағы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлағандай, шешім Ресей Федерациясының ұлттық қауіпсіздігі мүддесінде қабылданған.

    Аталған ақпаратқа қатысты ресми органдар әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

    Дереккөздердің айтуынша, шектеудің ықтимал себебі — Ресей аумағында табылған қаражатты делдалдар арқылы заңсыз жолмен шығару жөніндегі күдік.

    Сонымен қатар бірқатар БАҚ Сабуровтың Ресейге кіре алмағанын хабарлады.

    Мәліметтерге сәйкес, ол Дубайдан Мәскеудің Внуково әуежайына ұшып келген кезде елге кіргізілмеген.

    Қазіргі уақытта бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.

    Нұрлан Сабуровтың өзі де жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.

    Ақпарат нақтыланып жатыр.

  • Қазақстанда мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға несие алуға шектеу қойылуы мүмкін

    Қазақстанда мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға несие алуға шектеу қойылуы мүмкін

    Қазақстанда мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген азаматтардың несие рәсімдеуіне шектеу енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған қаулы жобасында айтылған, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Құжатта Қорғаныс министрлігі мен кредиттік бюролар арасында ақпарат алмасу тәртібі айқындалған. Атап айтқанда, мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар туралы, сондай-ақ олардың қызметтен босатылғаны жөніндегі мәліметтер кредиттік есепте көрсетілетін болады.

    Жобаға сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары несие алуға өтініш берген әскери жасындағы азаматтың мәртебесін міндетті түрде тексеруі тиіс. Егер кредиттік есепте оның мерзімді әскери қызметте жүргені туралы ақпарат болса, қаржы ұйымы несие беруден бас тартуға міндетті.

    Агенттік өкілдерінің мәліметінше, бұл шаралар әскерге шақырылған азаматтарға бұрын алынған қарыздар бойынша төлемді кейінге қалдыруды қамтамасыз етуге және әскери қызмет кезінде қаржылық жүктеменің артуына жол бермеуге бағытталған.

    Қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 3 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

    Бұған дейін Қарулы күштер Бас штабы мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібіндегі өзгерістер туралы ақпарат берген болатын.

  • Қазақстанда ЛГБТ насихатына шектеу енгізу жоспарлануда

    Қазақстанда ЛГБТ насихатына шектеу енгізу жоспарлануда

    Қазақстан Мәжілісі ЛГБТ насихатын шектеу жөніндегі түзетулерді мақұлдады, оны мұрағат ісі туралы заң жобасына енгізді, деп хабарлайды Sona.kz ресми дереккөзге сілтеме жасап.

    Құжат балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратты, соның ішінде ЛГБТ және педофилия тақырыбындағы материалдарды жария кеңістікте, БАҚ-та, телекоммуникациялық желілерде және онлайн-платформаларда таратуға тыйым салуды көздейді.

    Түзетулер тоғыз заңға өзгертулер енгізеді: бала құқықтары, жарнама, байланыс, мәдениет, білім, кино, БАҚ және онлайн-платформаларға қатысты.

    Депутаттар атап өткендей, жаңа нормалар ЛГБТ қауымдастығына қатысты құқықтарға әсер етпейді, тек ақпаратты жария таратуға шектеу қояды.

    Заң күшіне енуі үшін Сенат мақұлдауы және Президент қол қоюы қажет.

  • Қазақстанда балалардың әлеуметтік желілерге кіру жасын шектеу ұсынылды

    Қазақстанда балалардың әлеуметтік желілерге кіру жасын шектеу ұсынылды

    Мәжілісте Цифрлық кодекс жобасы қаралды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
    Депутат Асхат Аймағамбетов балалардың әлеуметтік желілерге тіркелу жасын шектеуді ұсынды. Оның айтуынша, бүгінде көптеген балалар 5–6 жастан бастап TikTok немесе Instagram-да өз бетінше аккаунт ашып жүр — ата-анасының рұқсатынсыз және ешқандай растаусыз.

    Аймағамбетов басқа елдердің тәжірибесін мысалға келтірді. Мәселен, Дания мен Австралияда тек 15–16 жастан бастап тіркелуге болады, ал АҚШ, Ұлыбритания және Ирландияда — тек ата-ананың келісімімен және жеке тұлғаны тексеру арқылы.

    Сонымен қатар депутат мектептерде смартфон қолдануға қатысты мәселені де қозғады. Оның айтуынша, еліміздегі кейбір алдыңғы қатарлы мектептерде телефонға тыйым салу оң нәтиже беріп отыр — балалар өзара көп сөйлесіп, үлгерім жақсарған.

    Өз кезегінде жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Цифрлық кодексте телефондарға тыйым қарастырылмағанын айтты. Дегенмен министрлік балалар мен ата-аналар арасында цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған шараларды жалғастырады.

  • Яндекс Такси бағасына шектеу қойылды

    Яндекс Такси бағасына шектеу қойылды

    Қазақстанда Яндекс Таксиге тарифті үш еседен артық көтеруге тыйым салынды. Монополияға қарсы агенттік пен Цифрлық даму министрлігі жүргізген тексерістен кейін компания бірнеше өзгеріске келісті:
    • Ауа райы нашар күндері тариф 3 еседен аспайды;
    • Баға өссе, Яндекс 3 күн бұрын хабарлайды;
    • Артық комиссия алынбайды, жүргізуші табысы өседі;
    • «Эконом» тарифіндегі комиссия 2 жылда 1 рет қымбаттайды;
    • Сапар бағасы толық көрсетіледі (2025 жылға дейін).

    Мақсат — тұтынушылар құқығын қорғау.

  • Қазақстанда мобилді аударымдарға шектеу енгізіледі

    Қазақстанда мобилді аударымдарға шектеу енгізіледі

    Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Тауарлар мен қызметтер үшін есеп айырысу мақсатында мобильді аударымдарды пайдалану айналасындағы пікірталас қайта ушықты. Өйткені Қазақстанда азаматтардың бірқатар санаты жаңа жылда басталатын «жалпыға бірдей декларациялаудың» 4-ші кезеңінен босатылды.

    Тиісті тұжырымдаманы қайта қарау аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ересек қазақстандықтардың көпшілігін активтері мен міндеттемелері туралы декларация табыстаудан босату жоспарлануда. Бұл – шамамен 8 миллион азаматты қамтиды. Қазіргі уақытта салық заңнамасын пысықтау жұмыстары жүргізілуде.

    Осы орайда жасы 18-ден асқан 13 миллиондай ел тұрғынының 8 миллионы, яғни, басым бөлігі кірістері мен шығыстарын міндетті декларациялаудан құтылғанын көріп, кейбір кәсіпкер клиенттерден төлемді қайтадан ұялы телефон арқылы белсенді қабылдай бастады.

    Мәселен, курс сатушы инфосығандар да өз ақысын қолма-қол ақшамен беруді, немесе мобильді аударыммен жолдауды сұрайтынды шығарды. Демек, көлеңкелі экономика қайтадан арта бастайды деген сөз.

    Сондықтан салық саласына жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) талдау критерийлерін өзгертуді жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Бұл ретте енді мобильді аударымдардың жалпы санын ғана емес, сондай-ақ олардың жалпы көлемін де есепке алатын болады.

  • Астанада бір түнде 146 жол апаты тіркелді

    Астанада бір түнде 146 жол апаты тіркелді

    Астанада бір түнде 146 жол апаты тіркелді. Қолайсыз ауа райы салдарынан 12 қазанда 118 жол апаты болған. 12 адам зардап шеккен. Полицияның ақпаратына сәйкес,  13 қазанда тағы 28 оқиға тіркелген. Әлеуметтік желіде Астана қаласында түсірілген кадрлар көптеп тарады. Видеодан көктайғақ салдарынан көліктердің тоқтауы қиынға соғып жатқанын  көруге болады. Қолайсыз ауа-райы әлі де сақталады. Қазгидромет 14 облыс пен Астанада қаласына ескерту жариялады. Мамандардың болжамына сәйкес, еліміздің басым бөлігінде бұрқасын соғып, көктайғақ болуы ықтимал. Ал, Қарағанды облысында жол қозғалысына шектеу қойылды. Екатеринбургк-Алматы автожолының  Ақсу-Аюлы-Балқаш бағытында автокөліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.  Ал, сахараны соңғы елу жылда болмаған  су басты. Марокканың оңтүстік-щығысында бір жылдық көлемнен артық жауын жауған.