Метка: Шеңгелді

  • Асхат Бердіханов Шеңгелді шаруаларымен кездесті

    Асхат Бердіханов Шеңгелді шаруаларымен кездесті

    Басқосуда сорғы станцияларының жай-күйі, тарифтердің өзгеруі, су алуға лимит, топырақ құнарлығы, паразиттерге қарсы өңдеу секілді түйткілді мәселелер көтерілді.

    Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асқар Ибраимовтың сөзінше, биыл Шеңгелді ауылдық округінде 11 мың гектардан астам аумақ игерілді. Күзгі дала жұмыстарының нәтижесінде жиналған 8 мың тонна пияз бен картоп қоймаларда сақталған. Өнімді ірі сауда орталықтарына өткізу үшін келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ «Қонаев ӘКК» АҚ-ның тұрақтандыру қорына өткізу мәселесі қарастырылуда.

    Келесі сұрақ – су тарифі. №2 сорғы станциясының басшылығы 2026 жылы тариф 1 текше метр суға 30 теңге болуы мүмкін екенін айтып, шаруаларға хабарлама берген. Тарифтің өсуі су желілерін күтіп ұстау мен жөндеу шығындары, электр энергиясы тарифінің өсуіне байланысты болып отыр. Түбегейлі шешім әлі қабылданған жоқ, алдағы уақытта қоғамдық тыңдалым өтеді.

    Ал №4 сорғы станциясының су желілері тозып, биыл бірнеше рет апат орын алған. Осыған байланысты станцияны сатып алып, мемлекет иелігіне өткізу, кейіннен күрделі жөндеу проблемасы талқылануда. Егер нысанды сатып алмайтындай жағдай болса, басқа техникалық шешімдер қарастырылады. Шаруаларға бұл жағдай да толығымен түсіндірілді.

    Сонымен қатар жиында «Қапшағай Бидай Өнімдері» ЖШС-на бидай өткізу, «PepsiCo» компаниясына картоп өткізуге болатыны айтылды. Ірі зауыттармен жұмыс істеу шаруалардың тиімді әрі пайдалы қызметін қамтамасыз етеді.

    «Шаруалармен үнемі кездесулер өткізіп, бірқатар проблемаларды шештік. Алдағы маусымда да бірлесе қызмет етейік. Барлық жобалар, жоспарлар өздеріңізбен ақылдаса отырып, жүзеге асырылады», – деді Асхат Бердіханов пікірін білдіріп.

    Өз кезегінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер су лимитін өзгерту, топырақ құнарлығын зерттеу, зиянкестерге қарсы өңдеу жайлы сұрақтарын қойды. Жиынның хаттамасы жасалып, соның негізінде тиісті шаралар қабылданады.

  • Күзгі дала жұмыстары: Шеңгелдіде 25 мың тоннадан астам өнім жиналды

    Күзгі дала жұмыстары: Шеңгелдіде 25 мың тоннадан астам өнім жиналды

    Қонаев қаласында ауыл шаруашылығы саласы биыл айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл туралы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асқар Ибраимов айтты.

    Алдымен ол жалпы өнім көлеміне тоқталып өтті. Сөзінше, жыл басынан бері бұл көрсеткіш 13,5 млрд теңгені құраған.

    «Шеңгелді ауылдық округінде егістік алқабының жалпы көлемі 14 812 гектарды құрайды. Соның ішінде көктемгі дала жұмыстары аясында 11 769 гектар жер игерілді. Өнім алу бойынша 2024 жылмен салыстырғанда барлық салада өсім бар», — деді ол.

    Қазіргі таңда күзгі өнім жинау қарқынды жүргізілуде:
    • бидай – 210 гектардан 315 тонна өнім жиналды (өнімділік 11%-ға артты),
    • арпа – 2 157 гектардан 3 127 тонна өнім алынды (өсім 7,3%),
    • картоп – 120 гектардан 3 360 тонна өнім жиналды (өсім 12%),
    • пияз – 350 гектардан 14 мың тонна өнім алынды (өсім 4,7%),
    • бақша дақылдары – 256 гектардан 4 430 тонна өнім алынды.

    «Шаруалар 250 тонна субсидияланған дизель отынын алды. Одан бөлек, 263,4 млн теңгеге 10 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын (SEMAZ, Massey Ferguson, Беларусь тракторлары) сатып алынды. Сондай-ақ биыл 1 331 тонна минералды тыңайтқыш пайдаланылып, 819 тонна тұқым себілді. Ал 2026 жылғы егіс маусымына арналған 1 058 тонна тұқым қоры дайындалуда», — деді Асқар Ибраимов.

    Сонымен қатар ол мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы жайында атап өтті.

    «Аграрлық секторды қолдау мақсатында өңір шаруашылықтары «Кең дала 2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелер алып отыр. Мысалы, «Марьям» шаруа қожалығы 288 гектар жерге егін егу үшін 40 млн теңге несие алды, ал «Ақбидай» ЖШС 17,5 млн теңге несие алуға өтінім берді. 2026 жылы тағы 5 шаруашылықты қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр», — деді бөлім басшысы.

    «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 13 жеке үміткер мен 1 кооператив жалпы сомасы 124 млн теңге болатын өтінім тапсырған. Екі жеке үміткер 15,5 млн. теңгеге несие алды. Қалған өтінімдер «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында қаралуда.

    Қонаев өңірінің агроөнеркәсіптік кешені жыл сайын жаңарып, инновациялық тәсілдер енгізіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қоспақ.

  • Шеңгелдіде “Таза Қазақстан” акциясы өтті

    Шеңгелдіде “Таза Қазақстан” акциясы өтті

    Шеңгелді ауылындағы Бөлек би мемориалында “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында тазалық жұмыстары жүргізілді.

    Акцияның мақсаты – ауылдың тазалығын сақтау, тарихи нысандарды күтіп ұстау және табиғатты қорғауға тұрғындардың назарын аудару.

    Іс-шараға ауылдық округ әкімі, әкімдік қызметкерлері, тұрғындар мен жастар қатысып, мемориал аумағын қоқыстан тазартып, шырша ағаштарын отырғызды.

    Осындай шаралар туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, болашақ ұрпаққа таза орта қалдыруға бағытталған. 

     

  • Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округіндегі бірқатар нысанды аралады

    Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округіндегі бірқатар нысанды аралады

    Әкім алдымен ауылдарда салынып жатқан тас жолдың сапасын тексерді. Жауапты бөлім мамандарының айтуынша, жақын арада барлық елдімекендердегі құрылыс жұмыстары аяқталады.

    Одан кейін шаһар басшысы қоғамдық көлік мәселесі жайында Кербұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Ол жақын арада Қонаев пен екі ортаға қатынайтын автобус бағыты ашылатынын атап өтті. Тиісті құжаттар рәсімделу үстінде.

    Бұдан бөлек, Асхат Бердіханов Шеңгелдідегі мал сою алаңы мен өрт сөндіру депосының құрылыс барысымен танысты. Мал сою алаңы кейіннен ветеринарлық бөлімнің иелігінде болады. Ал депо тұрғызылған соң, Қонаевтың өрт сөндіру бөлімінен 1 техника бөлінеді. Бұл — төтеншеліктердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған шаралардың бірі.

    Шаһар басшысы жергілікті Мәдениет үйінің де жағдайымен танысты. Нысан 1987 жылы қолданысқа берілген, 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазіргі таңда 220 орындық Мәдениет үйінің кафельдері сынып, қабырғасы қақыраған, спорт зал жылу жүйесіне қосылмаған. Мұнда 100 орындық кіші зал да бар. Ғимаратты толықтай жөндеуден өткізу мақсатында жобалық-іздестіру жұмыстары жүруде. Кейіннен жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданады. Шаһар басшысы бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

  • Шеңгелдіде өсірілген жүгеріден тәтті таяқшалар жасалуда

    Шеңгелдіде өсірілген жүгеріден тәтті таяқшалар жасалуда

    Ерік Байғараевтың әкесі ауыл шаруашылығында 25 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ұлдарымен бірге олар 70 гектар жерді игеріп, жүгері мен жоңышқа өсіреді, асыл тұқымды қой өсіріп, шаруашылықты жем-шөппен толық қамтамасыз етеді.

    Фермердің айтуынша, Шеңгелдіде өсірілген жүгері Қонаев қаласындағы «АЯМ» зауытында өңделіп, тәтті таяқшаларға айналады. «Осылайша, өнім шетелге шығарылмайды, өзімізде өңделіп, қазақстандық нарыққа түседі. Биыл әр гектардан 12 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отырмыз», – деді Байғараев.

    Ол алдағы уақытта бұл істі балаларына табыстауды армандайды. Сонымен қатар, егістік алқаптарын 150 гектарға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. «Шеңгелдіде барлық жағдай жасалған: су үздіксіз беріледі, мемлекеттен субсидия аламыз. Биыл өнім жақсы болды, келесі жылы көрсеткішті арттырамыз деп сенеміз», – деді ол.

    ? Байғараевтардың адал еңбегі мен жерді тиімді пайдалану тәжірибесі Президент жариялаған Жұмысшы кәсіптер жылының жарқын үлгісі болуда.

  • Шеңгелдіге газ тарту жобасы дайындалуда

    Шеңгелдіге газ тарту жобасы дайындалуда

    Бұл туралы ауыл халқымен кездескен Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов айтты.

    Тұрғындармен кездесу барысында шаһар басшысы бірқатар келелі мәселеге тоқталды. Оның ішінде ең өзектілері инфрақұрылымды дамытуға, қолайлы орта қалыптастыруға байланысты болды.

    Әкімнің сөзінше, Кербұлақ ауылында екі спорт алаңы жөндеуден өтіп, біреуі жаңадан салынуда.

    «Қаланың Кешенді даму жоспарына сәйкес, барлық ауылдарда көше жарығын орнату бойынша жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Бұдан бөлек, Шеңгелдіде трансформаторлық қосалқы станция қойып, 3 шақырым электр желісін жаңадан тарту жоспарлануда. Бұл жоба 6 көшені қамтиды», – деді Асхат Бердіханов.

    Ауыз су мәселесіне келсек, әкім «Шеңгелді топтық су жүйесін қайта жаңғырту және құрылысы» жобасы дайындалып жатқанын атап өтті. Жобада жаңадан бөлінген жер учаскелеріне ауыз су тарту да қарастырылған.

    «Халықты көгілдір отынмен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Біріншіден, автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Екіншіден, елдімекендерге газ тарту жобасы әзірлене бастады. Құрылыс жұмыстары қаржы қарастырылған жағдайда алдағы үш жылда аяқталады деп күтілуде», – деді шаһар басшысы.

    Сондай-ақ ол жол-көлік инфрақұрылымы, су тасқынының алдын алу, ауыл шаруашылығы секілді салаларға тоқталып өтті.

    Ал тұрғындар тарапынан жолдың сапасы, балалар алаңын жөндеу және өрт сөндіру бөлімшесін салу сұрақтары көтерілді. Бұл бойынша тиісті бөлім басшыларына тапсырма берілді.

  • Шеңгелдіде балабақша ашылды

    Шеңгелдіде балабақша ашылды

    1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалықпен басталды. Шеңгелдіде 50 орынға арналған жаңа жекеменшік балабақша есігін айқара ашты.

    Мекеменің ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова қатысып, жұртшылықты айтулы күнмен және жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтады.

    «Бұл балабақшадан елге тұтқа болатын азаматтар өсіп шықсын. Мерекелеріңіз құтты болсын! Ауыл тұрғындарына, балақайларға зор денсаулық, ашық аспан, мол бақыт тілейміз!» – деді қала әкімінің орынбасары.

    Бүгінде Қонаев қаласында (ауылдық округтерді қоса есептегенде) барлығы 19 балабақша жұмыс істейді. Оның ішінде 12-сі – мемлекеттік, 7-еуі – жекеменшік. Осы көрсеткіш бүгін тағы бір балабақшамен толықты

  • Шеңгелдіде 8050 гектар егістік игерілді

    Шеңгелдіде 8050 гектар егістік игерілді

    Күзгі дала жұмыстарының нәтижесінде 33 667 тонна өнім жиналды:
    • арпа – 2596 т
    • жүгері – 6675 т
    • картоп – 2340 т
    • пияз – 17000 т
    • бақша дақылдары – 4794 т
    • бидай – 82 т.

    5000 Тонна пиязды ірі сауда желілеріне өткізуге келісімшарт жасалды. Тұрақтандыру қорына 1700 тонна пияз, 160 тонна өзге де көкөніс түрлері өткізілді. 7000 Тонна пияз қоймаларда сақталады.

    Күзгі дала жұмыстарына 119,1 тонна арзандатылған дизель отынына өтінім берілді. Жыл басынан бері 4 дана техника лизингке, 5 трактор жеке шаруашылықтардың өз қаржысына сатып алынды. Шеңгелді ауылдық округі бойынша шаруа қожалықтары 2600,0 тонна тыңайтқыш алып, пайдаға асырды. 4 Су берушіге 363 млн. теңге көлемінде субсидия берілді.

    Шаруа қожалықтарына пияз өнімін сатуы үшін «Алтын Орда» әмбебап базарында тегін орындар ұсыну қарастырылған.