Метка: шомылу маусымы

  • Жаз басталғалы бері Қазақстанда 37 адам суға батып кетті, оның ішінде 12 бала бар

    Жаз басталғалы бері Қазақстанда 37 адам суға батып кетті, оның ішінде 12 бала бар

    Жазғы шомылу маусымы басталғалы Қазақстанда 37 адамның суға кетуі тіркелді, оның ішінде 12-сі — кәмелетке толмаған балалар. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Sona Media редакциясының ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

    Қайғылы оқиғалардың көбі — рұқсат етілмеген орындарда болған

    Мәліметке сәйкес, суға кеткендердің алтауы ғана арнайы рұқсат берілген, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағажайларда шомылып жүріп қаза тапқан. Қалған 31 адам шомылуға арналмаған, бақылаусыз, жабдықталмаған су айдындарында суға кеткен.

    «Осындай қайғылы оқиғалар, әдетте, құтқару қызметі жоқ, бақылау жүргізілмейтін су жағасында болады. Сондықтан азаматтардан судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауын сұраймыз», — делінген министрлік хабарламасында.

    Елімізде 722 жағажай ресми түрде рұқсат алған, ал 6 784 жерде шомылуға тыйым салынған белгі орнатылған

    Қазіргі таңда республика көлемінде қауіпсіздік талаптарына сай келетін 722 ресми жағажай жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, шомылуға тыйым салынған 6 784 су айдынында «Шомылуға тыйым салынады» деген арнайы белгілер орнатылған. Рұқсат етілген және тыйым салынған орындардың толық картасын 2GIS платформасынан көруге болады.

    30 мыңнан астам рейд пен 201 мобильді құтқару бекеті

    Жаз басталғалы ТЖМ және полиция қызметкерлері еліміздегі су қоймаларында 30 000-нан астам рейд пен патруль жүргізген. Нәтижесінде судағы қауіпсіздік ережесін бұзған 902 адам әкімшілік жауапқа тартылған.

    Сондай-ақ, аса қауіпті аумақтарда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 201 мобильді құтқару бекеті орналастырылған.

    Суда қауіпсіздік сақтаудың негізгі ережелері:
    • Тек ресми рұқсат етілген жағажайларда шомылыңыз;
    • Мас күйде суға түспеңіз;
    • Балаларды ешқашан қараусыз қалдырмаңыз;
    • Буйлардан әрі жүзіп кетпеңіз, биік жартастардан секірмеңіз;
    • Катерлер мен өзге жүзу құралдарына тым жақындамаңыз.

    «Су жанындағы бір сәттік мұқиятсыздық адам өмірін қиюы мүмкін. Сондықтан демалыс сәті көңілді ғана емес, қауіпсіз де болуы тиіс», — деп ескертеді Төтенше жағдайлар министрлігі.

  • Қонаевта демалушылар саны артқан

    Қонаевта демалушылар саны артқан

    Биыл Қапшағай су қоймасының жағалауына демалуға 1,5 миллион адам келген. Өткен жылмен салыстырғанда демалушылар саны 300 мыңға көбейген.

    Мәліметке сәйкес, шаһардағы 140 демалыс орны 840 млн. теңгеге қызмет көрсеткен. Қауіпсіздікті сақтау бағытында күніне 100-ге жуық ТЖБ мамандары мен 6 экипаж полиция қызметкерлері жұмыс істеген.

    Сонымен қатар туристерді тарту мақсатында қала басшылығы шомылу маусымы кезінде ашық суда жүзуден «Ocean Man» Халықаралық жарысы, «Rock family fast» фестивалі, «Aspan fest» концерті ұйымдастырған.

    Инвестициялық жобаларға келсек, биыл «Ақ Жайық» демалыс орнының қонақ үй кешені қолданысқа берілген. Алдағы уақытта инвестициялық қаржыға 9 демалыс нысаны салынбақ. Тартылатын қаражаттың жалпы көлемі –294,6 млрд. теңге. Жаңадан 2000-нан астам жұмыс орны құрылады.

  • Биыл жазда 70 адам суға кетті – ТЖМ

    Биыл жазда 70 адам суға кетті – ТЖМ

    Биылғы шомылу маусымы басталғалы балалардың суға кету фактісі жиілеген. Мұны ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов айтты. 

    Сөзінше, биыл жаз басталғалы 70 адам суға кеткен. Оның ішінде 30 бала бар. Өткен жылы 83 адам суға батып кеткен. Бала өлімі бойынша көрсеткіш былтырғыдан асып түсті.

    «Дегенмен жыл сайын суға батып қайтыс болғандар саны азайып келеді. Атап айтқанда, 2021 жылы 3 пайызға, 2022 жылы 42 пайызға, 2023 жылы 4 пайызға, биыл 15 пайызға төмендеді. Дей тұрғанмен, әр статистиканың артында адам өмірі мен жақындарының қайғысы тұрғанын ұмытпауымыз керек. Соңғы 10 жылда 2 мыңнан астам адамның өмірі судан қиылып отыр (2 240 ересек, 701 бала)», — дейді ол.