Метка: Сұлтанбек Мәкежанов

  • Ұлттық қорда 58 млрд АҚШ доллары бар

    Ұлттық қорда 58 млрд АҚШ доллары бар

    Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов «Jibek Joly» телеарнасының «УӘДЕ» жобасына сұхбат берді.

    Сенатор Ұлттық қордың қазіргі жағдайы және оның болашағына қатысты өзекті мәселелерді айтты.

    Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, қазіргі таңда Ұлттық қорда 58 млрд АҚШ долларына тең қаржы бар. Сенатор балаларға инвестициялық табыс есебінен 50%-ы бөлінгенін, әр балаға биыл 100 доллар берілгенін атап өтті. Келесі жылы бұл көрсеткіштің 130 долларға дейін өсуі жоспарланып отыр.

    Сұхбат барысында журналист Ерболат Мұхамеджан Ұлттық қорды ұлғайтудың нақты жоспарлары туралы сұрақ қойды. Сенатордың айтуынша, қордың 2030 жылға дейінгі дамуына арналған стратегиясы бар.

    «Қордың өсімі жоспарланған. Егер биылғы жылы қор 58 млрд доллар болса, келесі жылы 62 млрд долларға, ал одан кейінгі жылы 69 млрд долларға жетеді деп күтілуде. Алайда, геосаяси ахуал және көрші елдерге тәуелділік сияқты сыртқы факторлар белгілі бір қауіп тудырады. Дегенмен, бұл процесті Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп әр тоқсан сайын бақылап отырамыз», – деп түсіндірді сенатор.

    Айта кету керек, Ұлттық қордың басты міндеті – болашақ ұрпақ үшін қаржы резервін жинақтап, жаһандық шикізат нарығындағы өзгерістердің еліміздің экономикасына әсерін азайту.

  • Сенат үш жылдық бюджетті мәжіліске қайтарды

    Сенат үш жылдық бюджетті мәжіліске қайтарды

    Сенаттың жалпы отырысында жоғары палата депутаттары «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мәжіліске қайтарып берді.
    Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов депутаттардың кейбір ұсыныстары қолдау тапқанын айтты.

    «Сенат комитеттері мен депутаттарының барлық ескертуі мен ұсынысы салыстырма кестеге жинақталды. «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңын Сенат отырысының қарауына енгізеді және Конституцияның 61-бабының 4-тармағына сәйкес заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және заңның көрсетілген баптарының жаңа редакциясын ұсына отырып, оны Мәжіліске қайтаруды ұсынады»,- деді Мәкежанов.

    Бірақ, сенаторлар «Ұлттық қордан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын мақұлдады.

    Қаржы министрі Мәди Тәкиев заң жобасы бюджет кодексінің ережелері негізінде әзірленгенін айтқан еді.

    «Кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджеттік қағидаларға сәйкес анықталған. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 доллары, 2026-2027 жылдары барреліне 41-39,4 доллары деңгейінде белгіленген. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд  долларын, 2026-2027 жылдары 69,9-78,7 млрд долларын құрайды. Заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді министр сенат отырысында.

    2025 жылы шығыстарды ұлғайту бойынша ұсыныстарға 60,0 млрд теңге сомасына қолдау көрсетілді. Шығыстарды ұлғайту үкімет резервін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылады.

    «Баяндалғанның негізінде қаржы және бюджет комитеті мыналарды ұсынады: »Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының заңы мақұлдансын», – деді Мәкежанов.