Метка: Су деңгейі

  • ​Балқаштың су деңгейі 12 сантиметрге көтерілді

    ​Балқаштың су деңгейі 12 сантиметрге көтерілді

    Бір жылда Балқаш көлінде су деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341,52 метрден 341,64 метрге дейін, яғни 12 сантиметрге көтерілді. Ал су көлемі 2 млрд текше метрге ұлғайды, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі. 

    2025 жылдың басынан бері Қапшағай су қоймасынан Балқашқа 3,8 млрд текше метр су жіберілді. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 2,9 млрд текше метр болатын.

    Бұл өңірдің экологиялық ахуалына және Іле өзенінің сағасына оң әсерін тигізіп отыр. Қапшағай су қоймасын толтыру Ақдала және Шеңгелді суармалы алқаптарында суару маусымын жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.

    Балқаш көліндегі су көлемі трансшекаралық Іле өзеніне байланысты. Өзен ағысы Қапшағай су қоймасы арқылы реттеледі. Биыл су қоймасынан Балқашқа 12 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр.

    «Министрлік Балқаш көліне қажетті су көлемін қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Келесі аптада Франциядан келген сарапшылармен бірге Балқашты сақтау бойынша 2040 жылға дейінгі мастер-жоспарды әзірлеу мәселесін талқылаймыз. Былтыр біз көл алабын бірлесіп зерттеу туралы келісімге қол жеткізгенімізді еске салғым келеді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

  • Каспий деңгейі екі метрге төмендеді

    Каспий деңгейі екі метрге төмендеді

    2006 жылдан бері судың деңгейі 2 метрге төмендеген. Бұл құбылысты Ақтау тұрғындары да байқап, әлеуметтік желіге жүктеп жатыр.

    Халық бірнеше жыл бұрын түсірілген қала жағажайы мен оның бүгінгі көрінісін салыстырып, теңіздің тартылу себебін анықтау қажет деп дабыл қағып жатыр. Әуесқой фотограф Қанатбек Кенжеғұлов үш жыл бұрын теңізде тастың үстіне қонақтаған қос шағаланы түсіріпті.

    «Сол кезде жартастың екі ұшы су бетінде көрініп тұрды. Қазір су жағалаудан шегініп кеткен соң, басқа да ірілі-ұсақ тастармен бірге құрлыққа шығып қалды. Осыған қарап, Каспийдің қаншалықты тартылғанын байқауға болады», – дейді қала тұрғыны.

    Экологтардың мәліметінше, теңіздің таяздануынан су түбіндегі қысым азайып, улы газдар бөлінуі мүмкін. Бұдан оның флорасы мен фаунасына қауіп бар.

    «Мәселенің шешудің бір жолы –  Каспий маңындағы бес мемлекет өзара келісімге келіп, айдынға жүзден астам өзеннен келіп құйылатын судың мөлшерін көбейту қажет», – дейді мамандар.