Метка: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі

  • Алматыда Дерматология орталығының директоры сотталды

    Алматыда Дерматология орталығының директоры сотталды

    19 наурызда Алматы қаласының Медеу аудандық сотымен «Қазақ Дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының» директоры Байсеркин Б., оның орынбасары Әбішев А. және «Халықаралық жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының» директоры Төлемісова А. сотталды.

    «Байсеркин өзінің орынбасары Әбішевтің көмегімен кәсіпкер Төлемісовадан медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру жөніндегі консорциум шарты шеңберінде жұмыстар мен қызметтерді кедергісіз орындағаны үшін 5 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Сот үкімімен Байсеркин мен Әбішевке әрқайсысына 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сол үкіммен Төлемісова аталған лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.

    Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

  • Жемқорлық жайлы хабарлағандар 35,5 млн теңге сыйақы алды

    Жемқорлық жайлы хабарлағандар 35,5 млн теңге сыйақы алды

    Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлім етті.

    «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәселелері бойынша 5,8 мыңнан кеңес берілді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері бар 862 хабарлама түсті. Call-орталық арқылы келіп түскен хабарламалардың нәтижелері бойынша ашылған қылмыстық істердің саны артып келеді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдем көрсететін адамдарға, егер кінәлі адамға қатысты сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда, біржолғы ақшалай сыйақы төленетінін еске саламыз», – деді Данияр Бигайдаров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

    Ресми өкілдің мәлімдеуінше, сыйақы қағидалармен регламенттелген және сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру және азаматтық қоғамды ынталандырушы тетік.

    «Сыйақы 10%-ға дейін, бірақ 4 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Яғни, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы сенімді ақпарат бергені үшін 15,7 млн теңгеге дейін сыйақы көзделген. 2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жалпы сомасы 35,5 млн теңгеге 104 азаматты көтермеледі, оның ішінде 38 мемлекеттік қызметші грамоталармен марапатталды», – дейді ол.

    Еске сала кетейік, Антикор іске қосқан WhatsApp чат-ботына жемқорлық туралы хабарласаңыз, 15,7 млн теңге сыйақы алуға мүмкіндік бар.

     

  • Арғын Нығматулинді Антикор іздеп жатыр

    Арғын Нығматулинді Антикор іздеп жатыр

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Арғын Нығматулинді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

    – Қылмыстық-процестік кодекстің 186-бабы тәртібінде 7 желтоқсанда іс Бас прокуратураның өндірісіне берілді. Осыған байланысты біз тергеу барысына қатысты түсініктеме бере алмаймыз. Бірақ Әкімшілік-процестік кодекстің 65-бабының 1-бөлігіне сәйкес, іздестіру біздің құзыретімізде екенін атап өткім келеді. Аталған тұлғаны іздеу бойынша жедел шараларды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізіп жатыр, жұмыс жалғасып жатыр, өзге ақпаратты жариялай алмаймын, – деді Антикордың ресми өкілі Данияр Бигайдаров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

    Оның айтуынша, аталған жайтқа қатысты артық ақпарат іздеудегі тұлғаның одан әрі жасырынып жүруіне әсер етуі мүмкін.

    Айта кетейік, 3 наурызда белгілі болғандай еліміздің прокуратура органдары бұрынғы Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинге іздеу жариялады.

  • Жемқорларға қатаң жаза қолданылуы мүмкін

    Жемқорларға қатаң жаза қолданылуы мүмкін

    Енді жегі құрттай болған жемқорлардың елден шығуына тыйым салынуы ықтимал.

    – Айта кетейін, бұл бірінші рет көтеріліп жатқан сұрақ емес, бұл бізде баяғыдан бері талқылануда. Бұл бастама бұрыннан қарастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, тиісті ұсыныстар бар, – деді Данияр Бигайдаров.

    Агенттік өкілінің сөзінше, парамен ұсталғандарды елден шығармау мәселесі басқа да құзырлы органдармен бірлесе қаралып жатыр.

    – Талқылау нәтижесі көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмысты біз ғана қабылдай алмаймыз, мұны бүкіл мемлекеттік орган, аппарат қабылдауы тиіс. Депутаттар қолдаса, әрине, енгізілуі мүмкін, – деп сөзін қорытындылады ол. 

  • Қайрат Сатыбалдының екі люкс көлігі Дубайда сатылды

    Қайрат Сатыбалдының екі люкс көлігі Дубайда сатылды

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалды қайтарған активтердің тізімін және олардың болашағы туралы ақпарат ұсынды.

    Кәсіпкер мемлекетке барлығы 29 автокөлікті қайтарып берді, олардың ішінде Bentley, Lexus, Mercedes маркалы көліктер бар.

    «Басқарушы компания активтерді қабылдау, есепке алу, басқару және өткізу барысында олардың иелерін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл активтерді Қайрат Сатыбалдының тікелей мүлкі деп айтуға болмайды. Қазіргі уақытта компания Дубайда құны 235 000 дирхам (31,4 млн теңге) Aston Martin Vantage автокөлігін және құны 1 250 000 дирхам (167,5 млн теңге) Rolls-Royce Cullinan автокөлігін сатты», – деп нақтылады компания.

    Кәсіпкерге қатысты қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қайтарылған активтердің жалпы сомасы 732,8 млрд теңгені құрайды.

  • «Алматы Арена» мен «Халық Арена» мемлекет меншігіне қайтарылды

    «Алматы Арена» мен «Халық Арена» мемлекет меншігіне қайтарылды

    «Алматы Арена» мен «Халық Арена» мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді.

    Оның айтуынша, еліміздің бес өңірінде спорт нысандарын тиімсіз басқарғандар анықталған. Олардың кейбіреулері мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың арасында Алматыдағы «Алматы Арена» мен «Халық Арена» нысандары да бар.

    Бұған дейін бұл нысандар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке ұйымның басқаруында тегін пайдалануға берілген еді.

  • ТЖМ мекемелерінің 3 басшысы қамауға алынды

    ТЖМ мекемелерінің 3 басшысы қамауға алынды

    Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді. Агенттіктің мәліметінше, комитет төрағасымен қоса министрліктің басқа да лауазымды тұлғалары сотталған.

    Ақмола гарнизоны әскери сотының үкімімен Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Н. Дербисов пен Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы М. Жақсыбаев 5 жылға, Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Б. Ізбасаров 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Б. Ізбасаров 1,7 млн теңге сомасында өзіне қосымша ақшаны заңсыз есептеп, билікті асыра пайдаланғаны үшін сотталды, – делінген хабарламада.

    Агенттіктің мәліметінше, оларға бизнес өкілінен кәсіпкерлік қызметіне қамқорлық жасағаны үшін жалпы сомасы 39,7 млн теңге сомасында пара алды деген айып тағылған.

    Сондай-ақ аталған шенділер мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

  • Талдықорғандағы жемқорлыққа қарсы шарадан жемқорлықтың иісі аңқып тұр

    Талдықорғандағы жемқорлыққа қарсы шарадан жемқорлықтың иісі аңқып тұр

    Оған өткен бейсенбіде Талдықорғаннан бір жігіт хабарласып, кездесу ұйымдастыру туралы ұсыныс айтқан. «Осы уақытқа дейін Талдықорғанда оқырманмен бес минуттық та кездесу өткізбеппін» деп, шақыртуды қабыл алғанын жазды.

    Алайда Талдықорғанға барған соң кездесу жиыны көзбояушылық екеніне көз жеткізген. Жазушы кездесуге барғанда алдынан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еркін форматтағы» кездесу деген жазуды көреді. Өзін екі жас қыз қарсы алады. Жазушының «Менің жемқорлыққа қатысым не?» деген сұрағына, күмілжіп дұрыс жауап бере алмаған. «Ақыры келдім ғой» деген ол бір сағаттай отырса да, ешкім келмеген. Ұйымдастырушы – Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық антикор екен.

    Ең сорақысы, қайтар кезінде жазушының шотына елу мың теңге түскен. Бір қыз қоңырау шалып, бұл ақшаның қаламақы екенін айтқан. Көзбояушылыққа ренжіген жазушы ақшаны кері салып жібергенін қоса кетті.  Бұған қатысты желідегі оқырмандар да «Жемқорлықтың өзі Антикордан бастала ма? Сыбайлас жемқорлық деген осы..» деген пікір қалдырды.

    Бүгін Жетісу облысының жастар ұйымы жазушы, журналист Қанат Тілеуханның ашына жазған постына қатысты жауап беріпті. Жетісу облысының жастар ұйымы 29 мамырда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы аталған ұйым мен Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы (тапсырыс беруші) арасында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылықты нығайтуға бағытталған жобаны ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғанын хабарлайды. Техникалық ерекшелікке сәйкес, ұйым жыл соңына дейін кемінде 21 іс-шара өткізуді және ұйымдастыруды жоспарлаған.

    – Өз кезегінде, 17 қазанда техникалық ерекшелікке сәйкес, басқармамен TEDx форматында іс-шараны, сондай-ақ оның шеңберінде спикер ретінде Қанат Тілеухан шақырылған бағдарламаны өткізу келісілді. Алайда, алдын ала келіссөздер барысында біз спикермен күн тәртібіне сай шараның «Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ» тақырыбында өтетінің хабардар етпедік және келіспедік. Сондай-ақ, 21 қазанда іс-шараны өткізу күні біз қатысушылардың санын толық қамтамасыз етпедік (кемінде 100 адам), нәтижесінде оғаш себептер орын алды және спикер іс-шараны өткізу орнынан кетті. Жоғарыда айтылғандардың негізінде біз аталған іс-шараның шығындарын өз есебімізге аламыз. Сонымен қатар, іс-шара есептілікке енгізілмейді және қайта өткізіледі, – делінген ұйымның хабарламасында.

    Sona.kz тілшісі жазушы, журналист Қанат Тілеуханға хабарласып, бұл шараға шақырту қайдан түскенін сұрады.

    «Мұндай жағдай менің басымда алғаш рет болып тұр. Көпшілік жұрт мені түсінбей жатыр. «Неге жетіп бардың?» деген сұрақтар қойыпты. Осыны түсіндіре кетейін. Өткен аптада маған «Халық шығармашылығы» орталығынан хабарласты. Бұл орталық Мәдениет басқармасына қарайды. Сосын мен мұны бір шығармашылық кездесу шығар деп ойладым. Алдын ала «Баннерлерің бар ма? Инстаграмдағы парақшама салып қояйын» дедім. Содан жоқ болып кетті, ешкім ештеңе жіберген жоқ. Талдықорғанға барсам, әлгіндей жағдайға тап болдым. Жиынды Қоғамдық даму департаментінің тапсырысымен өткізіп жатыр екен. Бұған «Халық шығармашылығы» орталығының не қатысы бар? Екеуі екі басқа» деп түсінбедім. Тағы бір ойым, түрлі тренинг, семинарлар өтіп жатады ғой. Мысалы, «Жемқорлық әрекетке жоласаң, соңы осындай баппен сотталасың» деген сияқты. Бәлкім, бұлар басқа форматта, шығармашылық тұрғыдан келіп, шақырып отырған шығар» деп бір сағаттай күттім. Сөйтсем, аяғы әлгіндей боп кетті ғой. Бірақ бұл жағдайға қатысты ешкім хабарласып, кешірім сұраған жоқ», – деп жауап берді Қанат Тілеухан.

    Расында, әр саладағы жемқорлықты әшкерелейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз қолын өзі былғап отырған жоқ па? Мемлекеттік ұйым бюджеттің 50 мың теңгесін ешбір ресми құжатсыз банк картасына қалай салып жібереді? Егер бұл шараны өткізу туралы арнайы байқау ұйымдастырылса, қаламақы құжатпен берілуі керек емес пе?! Демек, мұның өзі сыбайлас жемқорлыққа қарсы өткен жиында жемқорлықтың иісі аңқып тұрғанын көрсетпей ме? Ал бұл тұрғыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі не дер екен? Біз бұл мәселе жөнінде тиісті мекемеге хабарласып едік, тек қана ресми түрдегі сауалға ғана жауап беретінін жеткізді.

  • «Елорда құрылыстың» бұрынғы басшысы 10 жылға сотталды

    «Елорда құрылыстың» бұрынғы басшысы 10 жылға сотталды

    Бұл турады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

    Астана соты «Елорда құрылыс» компаниясының бас директоры Кәдесов пен азамат Дәулетовке қатысты үкім шығарды. Кәдесов Дәулетов арқылы Астанада көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу шарты бойынша аванс төлегені және сметаны ұлғайтқаны үшін мердігер ұйым басшысынан 170 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкімімен Кәдесов 10 жылға, Дәулетов 6 айға бас бостандығынан айырылды, – деді Бигайдаров.

    Кәдесовтен төрт автокөлік тәркіленді. Сондай-ақ 170 млн теңге өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.