Метка: Талдықорған

  • Талдықорғанда көп балалы ана кісі қолынан қаза тапты

    Талдықорғанда көп балалы ана кісі қолынан қаза тапты

    Қылмыстық іс туралы сол ауылдың тұрғындары хабарлаған. Ал осы оқиға бойынша Orda.kz редакциясы Жетісу облысының полиция департаментінен жауап алды.

    «Ескелді ауданының полиция бөлімі ішімдік ішу кезінде жасалған кісі өлтіру туралы қылмыстық істі тергеп жатыр. Күдікті ұсталды және қамауда отыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында», – деп жауап берді олар.

    Сондай-ақ, құқық қорғау органдары алкогольді шамадан тыс пайдалану қайғылы салдарға әкелуі мүмкін екенін еске салады.

  • Талдықорған әкімдігі қаладағы газ жарылысына қатысты түсініктеме берді

    Талдықорған әкімдігі қаладағы газ жарылысына қатысты түсініктеме берді

    Соңғы үш айда Талдықорғанда газ-ауа қоспасының екі рет жарылысы болды. Sona.kz редакциясы тергеу барысы мен осындай төтенше жағдайдың алдын алу шаралары туралы білу үшін редакция әкімдікке сауал жолдаған болатын.

    Алайда, билік өз жауабында тергеудің егжей-тегжейі туралы ақпарат беруден гөрі алдын алу жұмыстарын тізіп берген.

    Әкімдіктің ресми жауабында 2025 жылы қалада газбен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бес профилактикалық іс-шара жүргізілгені хабарланды. Тексерулерге тұрғын үйлер, сондай-ақ коммуналдық шаруашылық нысандары – дәмханалар, мейрамханалар мен жанармай құю станциялары қамтылды. 

    Осы іс-шаралардың нәтижесінде жанар-жағармай құю бекеттерінде тұрмыстық газ баллондарын толтыруға тыйым салатын 10 хабарлама беріліп, қауіпсіздік талаптарын бұзған үш дәмхана иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    Сондай-ақ әкімдікте қала тұрғындарына газды қауіпсіз пайдалану туралы жаднамалар таратылып, кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алайда бұл шаралардың қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді.

    Тергеу барысы туралы әкімдіктің ресми жауабы да қысқа болды: Қылмыстық іс Жетісу облыстық полиция департаментінің тергеу бөліміне берілді. Қазіргі уақытта іс  аяқталмаған.

    Осылайша, жергілікті билік алдын алуды басты назарда ұстайтынын айтса да, бірақ бұл шаралар нақты нәтиже бере ме немесе болашақта осындай қайғылы оқиғаларды болдырмау мүмкін бе?

  • Талдықорғанда жарылған көлікке қатысты жаңа дерек шықты

    Талдықорғанда жарылған көлікке қатысты жаңа дерек шықты

    4 наурыз күні Талдықорған маңындағы Еркін ауылында жеке тұрғын үйдің аумағында көлік жарылды. Оқиғаға қатысты QAZAQGAZ AIMAQ компаниясы пікір білдірді.

    Компанияның мәліметінше, төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына жетіп, қажетті жұмыстарды бастаған.

    «Оқиға орнында газ анализаторының көмегімен газдың шоғырлануын анықтау мақсатында газ құбыры бойында бұрғылау тексерісі жүргізілді. Сондай-ақ 50 метр радиуста газ ұңғымаларында және іргелес коммуникация ұңғымаларында жұмыстар атқарылды», – деді QAZAQGAZ AIMAQ АҚ Жетісу өндірістік филиалының апаттық-диспетчерлік қызметінің басшысы Вячеслав Рубан.

    Мамандар газдың таралғаны расталмағанын хабарлады. Техникалық тексеріс жүргізіліп, тиісті акт жасалды.

    Оқиға 4 наурыз күні таңертең болғанын еске саламыз. Үй иесі қыздарын мектепке апаруға дайындалып, көлігін оталдырған сәтте жарылыс болған. Көлік тұратын орын жермен жексен болып, үйдің бір қабырғасы қирады.

  • Жетісу облыстық білім басқармасы: «Мектеп директорының орнында қалу-қалмауын комиссия шешеді»

    Жетісу облыстық білім басқармасы: «Мектеп директорының орнында қалу-қалмауын комиссия шешеді»

    Талдықорғандағы Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясы оқушыларының «ойыны» әлеуметтік желіге тарап кетіп, көпшілікті шошытқан еді. Онда бірнеше бала қатарласын жан-жақтан төмпештеп, дәретханаға кіргізіп бара жатқан көріністен бөлек «Сотталушыны кіргіземіз!» деген дауыс естіледі. Әрі қарай әлгі баланы дәрет алатын жерге отырғызып, екінші біреу шалбарының ауын ағытып жатқан жерінен бейнежазба үзілген.

    Бұл бейнежазбаны балалар Tik-Tok желісіне өздері жүктеген көрінеді.

    Бұл мәселеге орай жергілікті білім саласы мамандары барлық мектепте буллингтің алдын алу және психологиялық қолдау көрсету шаралары жүргізілетінін, тәртіптік бақылау күшейтілетінін атап өтсе, Жетісу облысының білім басқармасы жағдай ерекше бақылауға алынғанын және оқиға бойынша кешенді тексеру жүргізілетінін хабарлады.

    Талдықорған қаласы білім бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері Ұлжанат Жақұбаеваның айтуынша, оқушылар мен олардың ата-аналарына түсіндірме жұмысы жүргізілді. «Тараптардың бір-біріне ешқандай талабы жоқ. Ақпарат шешім қабылдау үшін Талдықорған қаласының полиция басқармасына берілді», – деп жауап берді.

    Ал бүгін оқушылардың ерсі ойынынан кейін бірнеше адамның жұмыстан кеткені белгілі болды. Оның айтуынша, балалардың ата-анасына айыппұл салынып, оқиғаға қатысы бар балалар есепке алынған.

    Талдықорған білім басқармасының басшысы Шынар Шәріпбаева: «9-сынып оқушылармен әңгіме жүргізілді, қазіргі таңда балалардың психологиялық жағдайы тұрақты. Дүйсенбіден бастап сынып жетекшісі, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары жұмыстан кетеді. Ал мектеп директорына қатаң сөгіс жарияланды», – деді.

    «Қаладағы №1 мектепте түсірілген әлеуметтік желіде таратылған жарияланымға байланысты мынаны хабарлаймын. Талдықорған қалалық ІІБ ата-анасына ҚПК-нің 127-бабына (ҚР ӘҚБтК) сәйкес айыппұл салды. Жетісу облысының білім басқармасы өкілдері мен Балалардың құқықтарын қорғау уәкілінің қатысуымен шұғыл жиын өтті», – деді Талдықорған білім басқармасының басшысы Шынар Шәріпбаева.

    Ал Талдықорған әкімдігінің баспасөз хатшысы Олжас Құрмашев: «Бұрын білім бөлімі қалаға қарайтын. 2022 жылдан бастап облыстық білім басқармасына бекітілді. Сол жақтан қаржыландырылады. Иә, аумағы қалада орналасқан. Өткізетін шараларына қатысамыз. Ал дәл осындай даулы мәселе болса, оған жауап бере алмаймыз. Бұл олардың ішкі мәселесі. Әкімдікке қараса, «Біз директорға осындай шара қолданатын едік» деп айтуға болады», – деп жауап берді.

    Алайда, бізді мазалаған жайт – осы оқиғадан кейін неге сынып жетекшісі, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары ғана жазаланып, директор ғана сөгіспен құтылуы тиіс?

    Бұл сауалды Жетісу облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Саханұлы Қасымов мырзаға қойдық.

    «Сынып жетекшісінің негізгі жұмысы – мұғалім. Яғни, ол лауазымды міндеті – сынып жетекшілігінен босатылды. Ал екі тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен педагог-психолог өз еркімен жұмыстан кетті. Мектеп директоры Айгүл Қадырманқызына сөгіс берілді. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Қазіргі кезде оның лауазымында, яғни орнында қалу-қалмауы туралы мәселе қарастырылып жатыр. Мектептегі тәрбие жұмысы, басқа да жайттар тексеріліп, соның қорытындысы бойынша шешім қабылданады», – деп жауап берді Жетісу облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Саханұлы. 

  • 70 жолаушысы бар ұшақ Астанадан Талдықорғанға ұша алмай қалды

    70 жолаушысы бар ұшақ Астанадан Талдықорғанға ұша алмай қалды

    Астана-Талдықорған бағытындағы Qazaq Air рейсінің тоқтатылуына Талдықорған әуежайындағы күрделі метеорологиялық жағдайлар әсер етті. Ұшу-қону жолағы қардан тазаланбаған және әуе кемелерін қар мен мұздан тазартуға арналған сұйықтық жетіспеген.

    Qazaq Air компаниясының өкілі рейстердің тоқтатылуына әуе компаниясының еш қатысы жоқ екенін атап өтті.

    «Келесі рейс Астанадан Талдықорғанға 13 желтоқсанда ұшады», – деп Qazaq Air өкілі ашуға булыққан жолаушыларды тыныштандыруға тырысты.

    Алайда бұл рейстің де ұшуы белгісіз, себебі орындардың толып қалу қаупі бар. Осылайша, жолаушыларға үш күн бойы әуежайда күтуді немесе өз бетімен Талдықорғанға жетудің жолын табуды ұсынды.

    «Біз билеттерді ыңғайлы әрі жедел ұшу үшін сатып алдық. Бірақ салдарынан қосымша шығынға ұшырап, уақыт жоғалтуға мәжбүр болдық», – деп шағымданды жолаушылар.

    Жолаушылардың бірі Астанадан Алматыға жаңа билет сатып алуға мәжбүр болғанын айтты. Оның құны 71 мың теңге болып, ал Талдықорғанға жету үшін такси жалдауға тура келген.

  • Талдықорғанда жасөспірімдер арасында бұзақылық көбейген

    Талдықорғанда жасөспірімдер арасында бұзақылық көбейген

    Талдықорғанда жалпы қылмыс деңгейі 14 пайызға азайғанымен жасөспірімдер арасында бұзақылық көбейген. Талдықорған қаласы прокуратурасының мәліметінше,  жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты 12 іс сотқа жөнелтіліп, үкім шыққан. Ал қазан айының 10 күнінде тағы 4 қылмыстық іс қозғалған. Арасында топтасып төбелесу, ақша немесе ұялы телефон бопсалау және есірткі заттарды жасыру сияқты ауыр қылмыстар бар. Басым бөлігі мектеп оқушылары мен колледж студенттері. Мәселе өзекті болғандықтан қалалық прокуратура кешенді бағдарлама әзірлеп, жасөспірімдерге қатысты құзырлы органдармен жиын өткізді. Қылмыстың алдын алу жолдары қарастырылып, ұсыныстар айтылды. Бұдан былай кәмелетке толмағандар арасында қылмыс немесе теріс қылықтар тіркелсе, ата-анасынан бөлек басқа да қатысы бар тұлғалар жауапкершілікке тартылуы мүмкін.