Метка: Талғар қаласы

  • Талғарға жаңа әкім сайланды

    Талғарға жаңа әкім сайланды

    15 желтоқсанда Талғар қаласында өткен әкім сайлауында «AMANAT» партиясынан ұсынылған Арыстанбек Әбілқайырұлы 9 071 дауыс жинап, жеңіске жетті.

    Қалған үміткерлер арасында Жәнібек Қаденов 1 875 дауыс, ал Әлібек Рамазанов 1 140 дауыс жинады. Сонымен қатар, 182 сайлаушы «Барлығына қарсы» таңдауын жасады. Сайлауға жалпы 42 774 тұрғын тіркеліп, оның 12 875-і өз таңдауын жасады. Қатысу деңгейі 30,1%-ды құрады.

    1983 жылдың 12 наурызында Алматы облысында дүниеге келген Арыстанбек Әбілқайырұлы – мамандығы бойынша эколог. Өз еңбек жолын 2005 жылы «MAG group» құрылыс компаниясында бастап, алғашқы тәжірибе жинаған. Кейін 2006-2009 жылдары Үкіметтік тәжірибелік шаруашылығында директордың көмекшісі болып қызмет етті.

    2009 жылдан бастап Талғар қаласындағы «Марат» өндірістік кооперативінде жұмыс істеп, даму менеджерлігінен бастап осы мекеменің орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. 2023 жылдан бері «Талғар тұрғын үй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарып келеді.

    Тұрғындардың қолдауына ие болған Арыстанбек Әбілқайырұлы өзінің сайлауалды бағдарламасында Талғар қаласын дамытуға бағытталған нақты бастамаларды ұсынды.

    Арыстанбек Әбілқайырұлы қаланың экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін инвесторларды тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын және орта бизнесті қолдауға уәде берді. Сонымен қатар, қалада жаңа кәсіпорындар ашуға ықпал етіп, жергілікті өнімдерді өндіруге басымдық бермек.

    Инфрақұрылымды дамыту мәселесінде әкім жол-көлік жүйесін жаңартуға ерекше назар аударады. 2026 жылға қарай 20 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көлік кептелісін азайту мақсатында қалада жаңа көпір салуды қолға алмақ. Қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2028 жылға дейін толыққанды шешім қабылданатынын мәлімдеді.

    Әлеуметтік салада Әбілқайырұлы тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге ерекше мән беріп, «Талхиз» мұражайын ашуға ықпал етпек. Сонымен бірге, №2 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, әлеуметтік осал топтарға тұрақты баспана беру мәселесін бақылауда ұстайтынын жеткізді.

    Қоғамдық қауіпсіздік саласында қала көшелеріне бейнебақылау камераларын орнатып, жаяу жүргіншілер жолын жаңарту және жарықтандыру жүйесін дамыту шараларын қолға алады.

  • Алматы облысы полициясы мәлімдеме жасады

    Алматы облысы полициясы мәлімдеме жасады

    Алматы облысы полициясы Талғар қаласының маңында 30 жастағы ер адамның мәйіті табылғаны бойынша, келесіні хабарлайды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылу арқылы өз-өзіне қол жұмсаған.

    Марқұм осы жылдың 4 қазанында қайғылы қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды.

    Тергеу барысында марқұм туыстарының біріне өзіне-өзі қол жұмсау туралы мессенджерде жіберген жазбасы анықталды. Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұрады.
    Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.

    Құрметті азаматтар, тек ресми дереккөздерге сенуіңізді сұраймыз және жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске саламыз!, — делінген мәлімдемеде.

  • Талғар маңынан Шерзат Болаттың ағасының өлі денесі табылды

    Талғар маңынан Шерзат Болаттың ағасының өлі денесі табылды

    Талғар қаласының маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылды. Алдын ала болдам бойынша, ол өз-өзіне қол салған. Оқиғаға қатысты полиция пікір білдірді.

    «Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу кезінде денесінде қылмыстық сипаттағы белгілер анықталған жоқ. Марқұм Ш.Болаттың отбасы барлық уақытта полиция қорғауында болғанын атап өтеміз. Осы уақыт ішінде марқұмның отбасына қауіп төндіру фактілері тіркелмеген. Күзет қызметкерлерінің түсініктемелері бойынша, ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да шығып, жеке көлігімен кеткені анықталды», – делінген полицияның хабарламасында.

  • Шерзат Болаттың өліміне қатысты сараптама қорытындысы бір айдың ішінде шығатын болды

    Шерзат Болаттың өліміне қатысты сараптама қорытындысы бір айдың ішінде шығатын болды

    Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Талғардағы қанды оқиғаға қатысты тергеу әлі күнге дейін жүріп жатқанын мәлім етті.

    «Қазір осы қылмыстық іс қатаң бақылауда. Қазір күтіп отырмыз, әзірге бірнеше сараптама дайын емес. Бір айдың ішінде сараптама қорытындысын алғаннан кейін қосымша толық ақпарат беріледі. Қазір тергеу толық жүріп жатыр, бәрі бақылауда. Бәрімізге мәлім, жауапты қызметкерлер жазаланды», — дейді Санжар Әділов.

    Айта кетейік, Талғарда 4 қазан күні Талғар қаласында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан қаза тапты. Көп ұзамай марқұмның отбасы тұратын үй өртеніп кетті. Құқық қорғау органдары бөтеннің мүлкін қасақана өртеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

  • Талғарға жаңа әкім сайлайтын күн белгілі

    Талғарға жаңа әкім сайлайтын күн белгілі

      Алматы облысы Талғар қаласы әкімін сайлау күні 15 желтоқсанға белгіленді.

    Қоғамда резонанс тудырған оқиғадан кейін 15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Күрішбеков және орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылған.

    Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен кетті. Ал, Талғар ауданының әкімі Танат Есенкелдіұлы Айдарбеков және оның орынбасары Айбек Дүйсембекұлы Бидаев сөгіс алды.