Метка: Талғат Ардан

  • Антикор LRT-ға жауаптыларды іздеуді тоқтатпайды

    Антикор LRT-ға жауаптыларды іздеуді тоқтатпайды

    Елордадағы LRT құрылысына жауапты тұлғаларды іздеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлім етті.

    – Белгілі бір ақпарат пен ілгерілеу бар, бірақ іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өкінішке қарай, қазір БАҚ-пен бөлісуге болатын жаңартылған ақпарат жоқ. Жаңа мәліметтер пайда болған жағдайда хабарлаймыз, – деді Данияр Бигайдаров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

    Еске сала кетсек, «Астана LRT» бойынша іс сотқа 2020 жылы қазанда жолданды. Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылы мамырда елордада салынбай қалған Astana LRT құрылысына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Сот үкімімен Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков 7 жылға сотталды. Сондай-ақ Бас прокуратура Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековті іздеу жұмысының тоқтамайтынын айтты. Жыл басында еліміздің Бас прокуратурасы Интерпол Талғат Арданның қайда екенін анықтамағанын хабарлады.

  • LRT-ның іздеуде жүрген экс-басшысына қатысты жаңа үкім шықты

    LRT-ның іздеуде жүрген экс-басшысына қатысты жаңа үкім шықты

    LRT-ның іздеу жарияланған экс-басшысы Талғат Ардан тағы да сырттай сотталды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарлауынша, үкім сотталушыға қатысты халықаралық іздестіру жарияланғандықтан оның қатысуынсыз шығарылған.

    Сот мәліметінше, LRT-ның экс-басшысы Талғат Ардан қызмет мүдделеріне қайшы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалана отырып, нақты қажеттіліксіз LRT құрылыс жобасы бойынша Қытайдың мемлекеттік даму банкінен сыртқы қарыздың бірінші траншы ретінде 257,6 млн долларды заңсыз сұратқан. Алайда оған «қаражат түскен сәттен бастап жоба бойынша пайдаланылмаған» деген айып тағылған.

    Еске сала кетсек, Талғат Ардан Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 03.05.2023 жылғы үкімімен аса ірі мөлшерінде бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін (ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) сырттай мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

    Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылар мен мамандардың қорытындыларымен, қылмыстық істің материалдарымен расталды. Сот үкімімен А. ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды және ҚР ҚК-нің 58-бабы 6-бөлігі қолданылып, соттың 03.05.2023 жылғы үкімі бойынша тағайындалған жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — делінген хабарламада.

    Үкім заңды күшіне енген жоқ.

    Айта кетсек, 2023 жылдың мамырында Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында LRT ісіне қатысы бар 9 адам сотталған болатын. Сол кезде Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім шығарылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • LRT ісі: Қазақстан Талғат Арданды қайтара ала ма?

    LRT ісі: Қазақстан Талғат Арданды қайтара ала ма?

    Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев шетелде қашып жүрген қылмыскерлерді елге қайтару процесі туралы айтты. Оның ішінде LRT құрылысына жауапты Талғат Арданға да тоқталды.

    «Іздеуде жүрген 3,5 мың адам бар, оның ішінде 1,5 мыңы – халықаралық іздеуде. Олардың аты-жөні мен барлық ақпарат қолда бар. Интерполмен жұмыс жүріп жатыр. Біз олардың жүрген жерін анықтап жатырмыз. Тиісінше, оларды экстрадициялау жұмысы жүргізіледі», – деді Қойгелдиев.
    Сонымен қатар, аты шуға айналған Астана LRT құрылысына жауапты болып, 2023 жылы сырттай 7 жылға бас бостандығынан айырылған және шетелде қашып жүрген Талғат Арданға қатысты халықаралық іздестіру жұмыстарының қандай деңгейде екенін айтты.

    «LRT құрылысына жауапты болған Талғат Ардан қазір іздеуде. Оның жүрген жерін анықтаған бойда Интерпол арқылы жұмыс жүргізіледі», – деп қысқа қайырды прокуратура өкілі.
    Сондай-ақ, Қойгелдиев шетелде қашып жүрген қылмыскерлер ерте ме, кеш пе Қазақстанға келіп, өз жазаларын өтейді деп түйіндеді.