Метка: Талғат Уәли

  • 272 мың еркек, 11 мың әйел баласына алимент төлеуден жалтарып жүр

    272 мың еркек, 11 мың әйел баласына алимент төлеуден жалтарып жүр

    Өткен жылы баласына алимент төлемегені үшін 4,5 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты.

    – Алимент өндіру бойынша атқарушылық іс жүргізу – Әділет министрлігі тұрақты бақылауда ұстап отырған әлеуметтік маңызы бар мәселелердің бірі. Қазір өндірісте 283 мың атқарушылық іс бар. Оның ішінде борышкер ер адамдар саны 272 мың болса, әйелдер саны 11 мыңнан асады. Ондағы 16 352 іс бойынша берешек 16 млрд теңге, – деді ол.

    Ресми өкілдің айтуынша, көп жағдайда борышкерлердің алименті ай сайын жұмыс берушілердің бухгалтериясы арқылы өндіріледі. Сондықтан борышкерлерді жұмысқа орналастыру белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

    – 2023 жылы 4 238 адам жұмысқа орналастырылса, бұл көрсеткіш 2024 жылы 6 мыңнан астам адам болды. Өз міндеттерін орындамағаны үшін борышкерлер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мәселен, 2024 жылы 4,5 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал ҚК 139-бабы (алимент төлеу міндеттерін орындамау) бойынша 391 адам сотталды. Сондай-ақ борышкерлердің банк шоттарына тыйым салу және уақытша шектеулер сияқты шаралар қолданылады, – деді Талғат Уәли.

    Осы ретте ол биылғы ірі көлемдегі өндіріп алулар бойынша бірер мысал келтірді. Мәселен, Астанада алимент төлемей жүрген азаматтың Mercedes-Benz S400 маркалы көлігі 23 млн теңгеге сатылды. Жамбыл облысында борышкер қарызды өтеу үшін 11 млн теңгеден астам тұратын жылжымайтын мүлкін қарызын өтеу үшін берді. Борышкерге қылмыстық іс қозғалды. Ал Алматыда 9 млн теңгеден астам қарызды өтеу үшін 2017 жылғы Hyundai Tucson автокөлігі өндіріп алушыға тапсырылды.

  • Әділет министрлігі: Діни некенің заңды күші жоқ

    Әділет министрлігі: Діни некенің заңды күші жоқ

    Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли ведомствоның баспасөз мәслихатында діни рәсім бойынша тіркелген некенің заңдық күшіне байланысты пікір білдірді.

    «Конституцияның 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде бекітеді және оның ең жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені белгілі.

    «Неке және отбасы туралы» кодекстің 2-бабына сәйкес тек арнайы уәкілетті органдарда тіркеуден өткен неке ғана заңды деп танылады. Діни рәсімдер бойынша жасалған некенің Қазақстан Республикасы аумағында заңды күші жоқ. Сәйкесінше мұндай неке құқықтық реттеу тетіктерімен қорғалмайды. Ер мен әйелдің заңды некеде тұрмастан бірге өмір сүруі де неке ретінде танылмайды. Заңды неке құзыретті мемлекеттік органда ресми тіркелу керек», – деді ол.

    Бұған дейін Талғат Уәли Талғар оқиғасы бойынша қандай сараптама жүріп жатқанын айтқан.

    «Аталған шулы оқиғаға байланысты істің мән-жайын айта алмаймыз. Себебі ол Ішкі істер министрлігінің міндетіне жатады. Ал сот-медициналық сараптамаларға келсек, 5 түрлі сараптама тағайындалды. Олар: мәйіттің экспертизасы, сол жердегі шыққан өрттің себептерін анықтау экспертизасы, фото-техникалық экспертиза, молекурлярлы-генетикалық экспертиза, биологиялық экспертиза», – деді ол.