Метка: Тәуелсіздік күні

  • Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай 10 әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

    Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай 10 әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

    Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 76 отбасы жаңа баспаналарының кілтіне ие болды. Сол сияқты медициналық және ветеринариялық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, мәдениет үйі, ауылдық клуб және спорт кешені, жалпы алғанда 10 жаңа әлеуметтік нысан іске қосылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

    Атап айтқанда, Көксу, Ескелді, Панфилов аудандарында кезекте тұрған азаматтарға үй беріліп, өңірдегі 76 отбасы жаңа қоныс қуанышына кенелді. Оның 50-і Панфилов қаласының Жаркент қаласында, 16-сы Көксу ауылының Бозтоған және Мұқыры ауылдарында, 10-ы Ескелді ауданының Бақтыбай ауылында тұрғын үйге қол жеткізді.

    – Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өз үйіміз болса деген бірнеше жылдан бергі арманымыз орындалды. Бүгін үлкен отбасымыз кең, жайлы, жаңа үй алды. Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығының арқасында Тәуелсіздік күнін, алдағы Жаңа жылды енді өз үйімізде атап өтеміз, – деді Жаркент қаласының тұрғыны, көп балалы ана Шынар Азатбекова.

    Отбасымен бірге мерекелік қоныстой қуанышына жеткен Ескелді ауданының тұрғыны:

    – Тұрғын үйге кезекте тұрғанымызға біраз жыл болды. Шаңырағымызда төрт бала бар, міне, баспанамыздың кілтін алдық, үйдің ішін аралап көрдік, жақын жандарымыз құттықтап келіп жатыр. Еліміздің айтулы күні қарсаңында қоныс тойға жеткенімізге қуаныштымыз, – деді мұқырылық Сәулеш Жауынбаева.

     

    Сонымен қатар мереке қарсаңында Ескелді ауданында бірден 3 жаңа нысан іске қосылды. Аудан орталығы Қарабұлақ ауылында мәдениет үйі, Ақын Сара ауылында 120 орынды жаңа блокты-модульді ауылдық клуб пен әкімдік ғимараты пайдалануға берілді.

    Осы күні облыстың бірқатар ауылдарында жаңа медициналық мекемелер есігін ашты. Мәселен, Көксу ауданының 140 тұрғыны бар ПЧ-45 станциясында жаңа блок-модульдік медициналық пункт қолданысқа енгізілді.

    – Мұндай заманауи медициналық пункттің ауылымызда ашылғанына қуаныштымыз. Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Сондай кезде ешқайда бармай-ақ енді осында қараламыз. Бұл жаңа нысан тұрғындардың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз, – деді медицина саласының ардагері, ПЧ-45 станциясының тұрғыны Айша Сәрсенбаева.

    Сондай-ақ Панфилов ауданының Шежін, Керімағаш және Қызылжиде ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункт пен екі медпункт салынды. Оған қоса, Үшарал ауылында 50 орындық спорт кешені пайдалануға берілді. Онда күрес, бокс, бұқаралық спорт түрлері бойынша секциялар ашылды. Сонымен қатар ауданда алғаш рет инвестор есебінен салынған «Орбұлақ» халықаралық автовокзалы жұмысын бастады. Вокзал автопаркінде 31 автобус бар, 67 адам жұмыспен қамтылды.

  • 16 желтоқсанда Қазақстан-Қытай шекарасындағы бекеттер жұмыс істемейді

    16 желтоқсанда Қазақстан-Қытай шекарасындағы бекеттер жұмыс істемейді

    16-17 желтоқсанда Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттері жұмыс істемейді. Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге сәйкес, мереке күндері қос елдің өткізу пункттерінің жұмысы уақытша тоқтатылады.

    Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты 2024 жылғы 16-17 желтоқсанда Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерінде адамдарды, көліктерді және жүктерді өткізу іске асырылмайды. Алайда қазақ-қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істейді. Уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды сұраймыз, – деп жазылған Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан хабарламада.

  • Тәуелсіздік күніне орай Астанада отшашу болмайды

    Тәуелсіздік күніне орай Астанада отшашу болмайды

    «Тәуелсіздік күніне орай Астанада 50-ден астам түрлі мерекелік және ресми іс-шара өтеді. Оның ішінде көрмелер, концерттер, сурет байқаулары, турнирлер мен спартакиадалар сияқты іс-шаралар бар. Отшашу болмайды», — делінген әкімдік хабарламасында.

    Әдетте, бұл мерекеде дәстүрлі түрде демеушілердің ақшасына отшашу ұйымдастырылатын.

  • Тәуелсіздік мерекесіне орай қанша күн демалыс?

    Тәуелсіздік мерекесіне орай қанша күн демалыс?

    Тәуелсіздік күні – мемлекеттік мереке. Бұл күн 16 желтоқсанда атап өтіледі. Биыл мерекелік дата дүйсенбіге түсіп тұр. Соған орай, қазақстандықтар желтоқсан айында Тәуелсіздік күніне орай 16 желтоқсан күні қосымша демалады.

    Нақтырақ айтқанда:

    • бес күндік жұмыс аптасында — 14, 15, 16 желтоқсан демалыс күндері болады;

    • алты күндік жұмыс аптасында — 14 желтоқсан жұмыс күні, 15 және 16 желтоқсан демалыс.

    Сонымен қатар желтоқсан айында кәсіби және басқа да мерекелер бар. Жұмыс және демалыс күндеріне қарамастан, мереке атап өтіледі.