Метка: Темірлан Еңсебек

  • Темірлан Еңсебектің адвокаты апелляциялық шағым түсірді

    Темірлан Еңсебектің адвокаты апелляциялық шағым түсірді

    Темірлан Еңсебектің адвокаты апелляциялық шағым түсірді. Бұл іс енді апелляциялық іс жүргізу аясында Алматы қалалық сотында қаралуы тиіс. 

    11 сәуір күні Наурызбай аудандық соты Темірлан Енсебекті ҚР ҚК 174-бабы («Ұлтаралық араздықты қоздыру») бойынша кінәлі деп таныды. Темірлан Еңсебек Qaznews24 парақшасында Тина Канделаки туралы жарияланған жазбаға қосып қойған «Йоу, орыстар» әніне байланысты «экстремист» болып танылды.

    Үкімге қарасақ, Темірланға журналистикамен, құқық қорғаумен және саяси қызметпен айналысуға, митингілерге, тренингтерге, конференцияларға және кез келген жұрт өткізетін шараларға қатысуға тыйым салынған. 

    Сонымен қатар, оған жылына 100 сағаттық мәжбүрлі еңбек жазасы белгіленді. Дәлел ретінде алынған ноутбук пен телефон мемлекет меншігіне өткізілді. Енді сатирикке сұхбат беруге, әлеуметтік желілерді жүргізуге, гранттар алуға, эфирлерге қатысуға, онлайн және офлайн кездесулер өткізуге, сондай-ақ ойын-сауық өтетін жерлерге баруға тыйым салынған.

    Адвокат Жанар Балғабаева Наурызбай аудандық соты арқылы шағым түсіргенін айтты. Бұл шағым бір ай ішінде қаралып, апелляциялық сот отырысы Алматы қалалық сотында өтуі тиіс:

    «Мен қысқаша шағым түсірдім. Ал апелляциялық шағымды толықтырып жатырмыз. Дәлелдер өте көп. Қазір сот кабинеттерінде үлкен өзгерістер болып жатыр, жүйе дұрыс жұмыс істемейді, сондықтан мен e-Otinish арқылы жолдадым. Мерзімнен кешікпедік», – деді Балғабаева.

    Адвокаттың айтуынша, Еңсебекке қатысты соттың шектеу шаралары апелляциялық шағым қаралғаннан кейін ғана күшіне енеді. Алайда сотпен бекітілген міндеттемелерді орындау керек.

    «Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, бірақ онда мінез-құлыққа қатысты міндеттемелер жайлы ескерту болды. Мысалы, егер ол қазір белсенді түрде жазуды бастаса, оны құқық бұзушылық ретінде бағалауы мүмкін. Сондықтан бұл жерде абай болу керек. Дәл осы мақсатпен бәрі жасалды. Жалпы алғанда, үкім заңды күшіне енбейінше, ол пікір білдіруге құқылы, бұл шектеулер оған қолданылмайды», – деді Балғабаева.

  • Прокурор Темірлан Еңсебекті 5 жыл бостандығынан айыруды сұрады

    Прокурор Темірлан Еңсебекті 5 жыл бостандығынан айыруды сұрады

    11 сәуір күні Наурызбай аудандық сотында өтіп жатқан Темірлан Еңсебекке қатысты сот аяқталуға жақын.

    Үш күнге созылған тергеу соты аяқталып, 17:00 тараптар арасында жарыссөз басталды. Мемлекеттік айыптаушы Дидар Қабаев Еңсебектің кінәсі толық дәлелденгенін хабарлады.

    «Қылмыстық істі аяқтап жатырмыз. Айыпталушының кінәсі қылмыстық іс материалдары бойынша толық дәлелденді. Ешкім де кемсітушілікке ұшырамауы тиіс. Еңсебек қасақана ауыр қылмыс жасады. Еңсебектің әрекеті Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша ісі дұрыс сараланған. Үкімді жеңілдететін мән-жайлар жоқ», – деп түйіндеді прокурор.

    Прокурор Темірлан Еңсебектің бостандығын 5 жылға шектеуді сұрады. Сонымен қатар, блогер болуға, коуч ретінде жұмыс істеуге, сұхбат беруге, қоғамдық шараларға қатысуға тыйым салынды.

    «Мен мұны қазақстандық журналистикаға жасалған соққы деп есептеймін. Барлық айыптаулардың белгілі болған кезде-ақ негізсіздігі анықталды. Олар дәлелденген жоқ. Мен ақтауды талап етемін. Мен – журналистпін, экстремист емеспін. Бұл – Қазақстандағы сөз бостандығына жасалған соққы. Осы соттан кейін елдегі сөз еркіндігінің деңгейі Түрікменстанмен теңесуі мүмкін», – деді Еңсебек.

  • Темірлан Еңсебек сотта Тоқаевқа үндеу жасады

    Темірлан Еңсебек сотта Тоқаевқа үндеу жасады

    Бүгін Темірлан Еңсебек ісі бойынша өткен сот отырысында қорғаушы тарап екі өтініш білдірді: сарапшының қорытындысын дәлел ретінде жарамсыз деп тану және жаңа сараптама тағайындау. Адвокаттың айтуынша, сараптама қорытындысында қателіктер мен сарапшының біліктілігіне күмән бар.

    – Сарапшы қандай да бір біліктілікке ие екеніне сенімім болмады. Тіпті оның соттағы сөз сөйлеуі де кәсіби деңгейде көрінген жоқ. Мен оның қорытындысын дәлел ретінде есептемеуді сұраймын, – деді Темірлан Еңсебек.

    Адвокатының айтуынша, сараптама қорытындысында нақты қандай сөздер немесе тіркестер қорлау сипатында екені көрсетілмеген. Бұл – қорытындының жеткілікті дәлелді еместігін білдіреді.

    Алайда прокурор бұған жауап ретінде қорғау тарапы сот процесін созуға тырысып жатыр деп мәлімдеді:

    – Сарапшы тек өз құзыреті шегіндегі мәселелерге баға берді. Ол жазбаны тұтастай қарастырды, жеке трек немесе жазба ретінде емес. Қорытындысын да толық жарияланым бойынша жасады, – деді прокурор.

    Прокурор сөз сөйлеп тұрған кезде айыпталушы оны бөліп, пікір айтуға тырысты. Судья оған бірнеше рет ескерту жасады. Соған қарамастан, Темірлан Еңсебек мәлімдеме жасады:

    – Прокурор біз процесті созып жатырмыз дейді. Ал шын мәнінде, құқық қорғау органдары бұл трекке қатысты 20 жыл бойы үнсіз жатты, қылмыстық іс қозғаған жоқ. Істі созған – солардың өзі. Ал енді қорғау тарапы заң аясында әрекет етсе, бізді кінәлайды. Маған сөйлетуге мүмкіндік бермейді. Өзімді қорғауға жол бермейді. Екі ауыз сөзді байланыстыра алмайтын сарапшының сөзіне сүйеніп, қорытынды жасайды. Менің конституциялық құқықтарымды бұзып отыр. Мен Тоқаевқа жүгінгім келеді. Осы іске назар аударсын. Менің құқықтарым қорғалсын. Бүкіл әлем көріп отырсын: «Жаңа Қазақстандағы» соттың қандай екенін. Әр шешім прокурордың пайдасына шығуда.

    Судья қорғау тарабының екі өтінішін де қанағаттандырудан бас тартты. Сонымен қатар, судья қорғаушылар сот процесін әдейі созып жатыр деп атап өтті.

  • Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық істі қарау қайта басталды

    Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық істі қарау қайта басталды

    Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында Qaznews24 сатиралық арнасының авторы Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық істі қарау қайта басталды. Ол сот процесіне тергеу изоляторынан қатысып жатыр.

    Тергеу нұсқасы бойынша, блогер ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша «адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы ауыр қылмыс жасады» деп айыпталуда. Ол 2024 жылдың 18 қаңтарынан бастап қамауда отыр. Алғашында іс Алмалы аудандық сотында қаралған. Алайда мемлекеттік айыптаушының өтініші негізінде іс Наурызбай аудандық сотына ауыстырылды. Айыптаушы тараптың айтуынша, қылмыстық құқықбұзушылық Еңсебектің тіркеуде тұрған мекенжайында, яғни Наурызбай ауданында жасалған.

    Блогердің қорғаушысы, адвокат Жанар Балғабаева сотта бірқатар өтініштерді мәлімдеуді жоспарлап отыр:

    • Бұлтартпау шарасын өзгерту,
    • Қылмыстық істі тоқтату,
    • Сот отырысын офлайн форматта, Еңсебектің тікелей қатысуымен өткізу.

    Темірлан Еңсебекке қатысты іс бір ғана эпизодтан тұрады. Ол – 2024 жылдың 21 қаңтарында Qaznews24 сатиралық арнасында және Instagram парақшасында жарияланған жазба. Онда «Қазақстандық рэперлер Тина Канделакиге қатаң жауап жолдады» деген сипаттағы жазба жарияланған. Жазбамен бірге авторы белгісіз музыкалық композиция берілген. Ән мәтінінде ұлтаралық сипаттағы анайы, балағат сөздер кездеседі, атап айтқанда – орыс ұлты өкілдеріне бағытталған өте ауыр әрі қорлайтын сөздер бар.

    Айта кету керек, Наурызбай аудандық сотының ғимаратына келген «Oyan Qazaqstan» қозғалысының белсенділері Темірлан Еңсебектің сот ісін ашық әрі әділ өткізуді талап етті. Олар сот залына кіре алмады, ал процестің онлайн-трансляциясы мүлде жүргізілмей жатыр. Осыған наразы болған азаматтар соттың ашық өтуін талап етіп, ұрандатуға көшті.

    Баспасөз өкілдері мен белсенділердің қасына аудан әкімдігінен бір өкіл шығып, бұл әрекетті «рұқсат етілмеген жиын» деп бағалап, оның салдары болатынын ескертті. Қазір оқиға орнына полиция келуі мүмкін.

  • Журналист Әсем Жәпішева қамаудан шықты

    Журналист Әсем Жәпішева қамаудан шықты

    Ол 20 қаңтар күні Алматыда Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, «Сатира – қылмыс емес» деген жазуы бар плакат ұстап пикетке шыққан еді. Алайда журналист Жәпішеваны полиция алып кетіп, 15 күнге қамады. Журналистке «Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» (488-бап) деген айып тағылған. Жәпішева сот шешімімен келіспеді.

    Еске салайық, 17 қаңтар күні QazNews24 қоғамдық парақшасының әкімшісі Темірлан Еңсебек 2 айға қамалды.

  • Темірлан Еңсебек түрмеден хат жазды

    Темірлан Еңсебек түрмеден хат жазды

    QazNews24 сатиралық парақшасының әкімшісі Темірлан Еңсебекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы — әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздық қоздыру бойынша іс қозғалды. Ол 2 айға қамауға алынған болатын. Түрмеде отырған Темірлан Еңсебек хат жазды.

    «Сатира қылмыс емес! Мен экстремист емеспін! Мен заңның 20-бабын жүзеге асырдым. Мен қылмыскер де емеспін! Конституцияның менің құқығымды қорғауын талап етемін. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қайда? Мен не үшін отырмын?! Құқықтық мемлекетте әзіл үшін абақтыға жаппайды!», – деп жазды ол.

    Алайда полицияның мәліметінше, Темірланның ұсталуы сатиралық жазбаларына қатысты емес екен. Қылмыстық істің себебі – ұлтаралық араздық қоздыру және этностардың бірінің өкілдерін қорлау белгілері бар материал жариялау болған.