Метка: Теміртау

  • Теміртауда заңсыз майнинг фермасын құрған азаматқа қатысты сот үкімі шықты

    Теміртауда заңсыз майнинг фермасын құрған азаматқа қатысты сот үкімі шықты

    Қарағанды облысы Теміртау қаласында заңсыз майнингпен айналысқан Э. Г. Толововқа қатысты сот үкімі шықты. ҚМА Қарағанды облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында оның 2021 жылдың тамызынан бастап лицензиясыз жасырын майнинг фермасын басқарғаны анықталды.
    Толовов Ресейден 156 майнинг құрылғысын сатып алып, оларды өзінің өндірістік базасына орнатқан. Өндірілген активтер (11,2 BTC және 90,2 LTC) «BinancePool» және «Litecoinpool.org» пулдары арқылы жинақталып, кейін P2P аударымдарымен теңгеге айырбасталып отырған. Заңсыз алынған табыстың жалпы көлемі 185 млн теңгені құрады.
    Сот шешімі:
    Жаза мөлшері: 1 жылға бас бостандығынан айыру.
    Тәркілеу: барлық майнинг жабдықтары мемлекет меншігіне алынды.

    Өндіріп алу: қылмыстық жолмен табылған 185 млн теңге көлеміндегі қаражат мемлекет пайдасына қайтарылды.
    Сот үкімі заңды күшіне енді.

  • Теміртауда қарт кісіні аяусыз ұрып-соққан жасөспірімдер қамалды

    Теміртауда қарт кісіні аяусыз ұрып-соққан жасөспірімдер қамалды

    Теміртау қаласында қарт кісінің үйіне баса-көктеп кіріп, ұрып-соққан жасөспірімдер екі айға қамауға алынды.

    Теміртау қаласында зейнеткерге қатысты жасалған құқыққа қайшы әрекеттер фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабы 3-бөлігінің 3) тармақшасына (тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

    Күдікті ретінде танылған 9 адамның барлығы, оның ішінде  кәмелетке толмаған 7 адам, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 131-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты Теміртау қалалық соты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.

    Бұлтартпау шарасының ең қатаң түрінің таңдалуына қылмыстың ауырлығы негіз болды.

    «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауапкершілік он төрт жастан бастап туындайтынын атап өту қажет.

    Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды, жан-жақты және объективті тергеу жүргізілуде.

    Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамауына байланысты күдіктілердің ата-аналарына қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Бұл факті бойынша бөлек тергеу жүргізілуде.

    Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

  • Теміртауда бозбалалардың қарт кісіні соққыға жығу оқиғасы: облыс әкімі мәлімдеме жасады

    Теміртауда бозбалалардың қарт кісіні соққыға жығу оқиғасы: облыс әкімі мәлімдеме жасады

    Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Теміртауда қария кісіні соққыға жығып, қорлаған жасөспірімдер ісіне қатысты мәлімдеме жасады.

    Әкімнің айтуынша, өзінің орынбасары Әлібек Әлденей Қарағанды облысы бойынша кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысын өткізді.

    «Теміртау қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарына кәмелетке толмағандарға тиісінше бақылау жасамағаны үшін қатаң сөгіс жариялауды тапсырдым. Сондай-ақ, жасөспірімдер оқыған білім беру мекемелері директорларының орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

    Біз жасөспірімдер агрессиясына сөзсіз алаңдаймыз және болашақта осындай оқыс оқиғаларды азайту бойынша қосымша шаралар әзірлеуге кірісеміз. Кінәлілер қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілікке тартылады. Бұл оқиға бойынша полиция тергеу жүргізуде.

    Сондай-ақ ата-аналардан, педагогтардан балаларды тәрбиелеуге және олардың басқа адамдарға құрметпен қарауын, дұрыс құндылықтарды қалыптастыруға көбірек көңіл бөлуді сұраймын. Біз өз тарапымыздан жасөспірімдерді әлеуметтік қолдау мен алдын алу шараларын күшейту жұмыстарын жалғастырамыз», — дейді Ермағанбет Бөлекпаев.

    Айта кетейік, осыған дейін Теміртауда бір топ бозбала қарт кісінің үйіне баса-көктеп кіріп, соққыға жыққаны хабарланды.

  • Теміртауда үш колледж лицензиясынан айырылды

    Теміртауда үш колледж лицензиясынан айырылды

    Прокуратура органдары орта арнаулы білім беру ұйымдарында тексеру жүргізуде. Теміртау қаласындағы білім беру ұйымдарын тексеру барысында білім беру және медицина саласындағы міндетті стандарттардың бұзылғаны анықталды.

    Атап айтқанда, педагогикалық жұмыспен біліктілік санаттары жоқ және біліктілігін арттыру курстарынан өтпеген оқытушылар айналысқан. Сондай-ақ оқытушылардан соттылығы, медициналық қарсы көрсетілімдері, психиатриялық және наркологиялық есепте болу жағдайларына қатысты міндетті тексерулерден өтулері туралы анықтамалар талап етілмеген. Білім беру ұйымдарының Жарғылық құжаттары белгіленген талаптарға сәйкес келмейді, студенттерді оқуға қабылдау тәртібі бұзылған, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік және медициналық бұйымдар сақталған.

    Мысалы, Техникалық-экономикалық колледжде 12 оқытушы біліктілігін арттырмай сабақ берген болса, Жоғары политехникалық колледжде 5 мұғалімнің біліктілік санаты мүлдем жоқ.

    Прокуратураның қадағалау актілері бойынша үш білім беру ұйымының білім беру қызметіне мемлекеттік лицензиясының қолданылуы тоқтатылды. Кінәлілер жауапқа тартылып, 4 мыңнан астам студенттің құқығы қорғалды.