Метка: Токио

  • Президент Токионың Төтенше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталығымен танысты

    Президент Токионың Төтенше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталығымен танысты

    Президент Жапонияға жасаған сапары аясында Токио қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталық мегаполистегі азаматтық қорғаныс пен қауіп-қатерлердің алдын алу жүйесінің негізгі буыны болып саналады, деп хабарлайды Sona.kz Aqorda-ға сілтеме жасап.

    Орталықтың басты міндеті  қаладағы жағдайды тәулік бойы бақылау, ықтимал қатерлерді талдау және төтенше жағдай туындаған кезде мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіру.

    Ахуалдық орталықта жер сілкінісі, тайфун, су тасқыны, ірі техногендік апаттар мен лаңкестік қауіптерге қатысты ақпарат жиналып, жүйеленеді. Осы деректер негізінде дағдарыс жағдайында жедел басқару шешімдері қабылданады.

    Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылады. Бұл бағытта тәулік бойы мониторинг жүргізетін арнайы бөлімше жұмыс істейді.

    Күнделікті қызмет аясында орталық дағдарыс жағдайларын басқару жүйелерін жоспарлау және жетілдірумен, азаматтық қорғаныстың өңірлік жоспарларын әзірлеумен, оқу-жаттығуларды дайындау және өткізумен, сондай-ақ халықты құлақтандыру және төтенше жағдай салдарын жоюға арналған ақпараттық жүйелерді дамытумен айналысады.

  • Президент Токио губернаторы Юрико Коикэмен кездесті

    Президент Токио губернаторы Юрико Коикэмен кездесті

    Кездесу барысында тараптар цифрландыру саласындағы ынтымақтастық, Smart city технологияларын дамыту, жасанды интеллект, қала дамуының тұрақтылығы және қала басқаруына инновациялық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Sona.kz Aqorda-ға сілтеме жасап.

    Сонымен қатар мегаполистер тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы, экологиялық таза, қауіпсіз және инклюзивті орта құру мәселелері қаралды.

    Мемлекет басшысы екі астананың қала басқаруында жасанды интеллект интеграциясы бойынша ынтымақтастығында үлкен әлеует көретінін атап өтті.

    Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа Токио қаласының Smart city концепциясы таныстырылды. Бұл концепция өмір сапасын арттыру, басқару тиімділігін жоғарылату және тұрақты даму мақсатында озық технологияларды қолдануды көздейді.

  • Қазақстан Нью-Йорк, Токио және Сингапурға тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр

    Қазақстан Нью-Йорк, Токио және Сингапурға тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр

    Қазақстан халықаралық әуе қатынасын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ICAO кеңесінің төрағасы Сальваторе Шаккитаномен кездесуде мәлімдеді.

    Мемлекет басшысының айтуынша, қазір еліміз 30-дан астам мемлекетпен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Енді Нью-Йорк, Токио және Сингапур бағыттарында жаңа тікелей рейстерді іске қосу жоспары бар.

    «Өткен жылдан бастап Монреаль қаласында ICAO жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігі жұмыс істеп тұр. Ал 2024 жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа әуежай терминалдары пайдалануға берілді. Алматы әуежайының өткізу қабілеті алты есеге — жылына 2,5 миллионнан 14 миллион жолаушыға дейін ұлғайды», — деді Президент.

    Сондай-ақ кездесуде азаматтық авиацияны дамытуға арналған мастер-жоспардың маңыздылығы атап өтілді. Бұл құжат саладағы ұзақмерзімді стратегияның негізіне айналмақ.

    ICAO басшысы Қазақстанның авиация саласындағы ілгерілеуін жоғары бағалап, тұрақтылықты, даму қарқынын және нақты институционалдық құрылымды ерекше атап өтті.

    Айта кетейік, 2025 жылы қазақстандық және шетелдік әуе компаниялары ондаған жаңа бағыт ашуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Дананг және Каир бар. Билік өкілдері мұндай бәсекенің өсуі билет бағасын төмендетіп, жолаушыларға көбірек таңдау ұсынады деп сенеді.