Метка: туризм

  • Туристік инфрақұрылым: «Алматы» демалыс аймағында жаңа жол салынды

    Туристік инфрақұрылым: «Алматы» демалыс аймағында жаңа жол салынды

    Бұл жұмыстар қаланың көліктік қолжетімділігін арттырып, туризм әлеуетін күшейтуді көздейді.

    Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиевтің сөзінше, Қапшағай су қоймасының жағалауы ҚР Туристификация картасына енгізілген. Оған сәйкес, «Алматы» демалыс аймағындағы «Бөктер» станциясына дейін жол салынды. Мұнда ағымдағы жөндеу жүргізілген. Жолдың ұзындығы – 1 шақырымнан астам. Сонымен бірге биыл «Riviera», «Комфорт» демалыс орындарына, былтыр «Morelux» демалыс орнына апаратын жол да ретке келтірілді.

    «Туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Көшпенділер қалашығына» да жол салынуда. Мердігер – «D2 Construction» ЖШС. Бүгінде жолдың негізі салынып, қиыршық тас төселді. Жолдың 3 шақырымына асфальт төселді, 130-дан астам көше жарығы бағаналары орнатылды. Құрылыс жақын арада аяқталады деп жоспарлануда», – деді бөлім басшысы.

    Бағдат Алиев қала ішіндегі күрделі жөндеу жұмыстарына да тоқталды. Соның бірі – 8,10-шағынаудан жолы. Қазір мұндағы жұмыстың 55%-ы орындалды. Жоба келесі жылға өтпелі. Ал «Қарлығаш» ықшамауданында 7,4 шақырым жол күрделі жөндеуден өтуде. Аталған жоба аясында 8.5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарық бағаналары орнатылуда.

    «Қонаев қаласының Кешенді даму жоспары аясында Сарыбұлақ, Ақөзек және Қосқұдық ауылдарында ұзындығы 20 шақырымнан асатын жол жөнделді», – деді маман.

    Ресми мәліметке сүйенсек, Кешенді даму жоспары аясында жалпы 19 жоба қарастырылған. Қазіргі уақытта бірқатар жобаның сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылуда.

  • Қонаевтағы туризм: 1 млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсетілді

    Қонаевтағы туризм: 1 млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсетілді

    Мәліметке сәйкес, биыл Қапшағай су қоймасының жағалауына 1,8 млн демалушы келді. Қаладағы 140-тан астам туристік нысан жыл басынан 1 млрд 200 млн. теңгеден астам сомаға қызмет көрсетті. Бұл өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 100 млн теңгеге артық.

    «2025 жылы былтырдан қарағанда демалушылардың саны 300 мыңға өсті. Мұның себебі «АСП арена» аумағында түрлі концерттер, іс-шаралардың ұйымдастырылуы, ашық суда жүзуден жарыстың өтуі, апта сайын «Aspan fest» фестивалінің ұйымдастырылуы болды. Бұдан бөлек, №5 жағажайдың жаңғыртылып, абаттандырылуы да демалушылар санының артуына айтарлықтай әсер етті. Бұл жағажайға демалыс күндері 5000-ға жуық адам келді», — деді бөлім басшысының м.а. Айдын Әбілқасым.

    Сондай-ақ ол қауіпсіздік шараларына да ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. ТЖД-ның 73 маманы судағы қауіпсіздікті, полицияның 12 қызметкері қоғамдық тәртіпті қадағалап отырды, күнделікті рейдтік шаралар жүргізілді.

    «Баршаңызға мәлім, қалада 8 коммуналдық жағажай болса, оның ішінде №5,6,7-ші жағажайларға келушілер көп. Әрқайсында медпункттер, санитарлық аймақтар, құтқарушылардың жұмысы ұйымдастырылды», — деді маман.

    Жағажайдан басқа, Қонаев қаласының аумағында «Көшпенділер қалашығы», тарихтан сыр шертетін «Таңбалы тас» шатқалы орналасқан. Бұл нысандардың да халық арасында танымалдылығы жоғары болып отыр. Мысалы, алғашқы туристік аймақ айына 300-500 адамды қабылдауда. Ал «Таңбалы тасты» көруге 4000-ға жуық турист келген.

    «Көшпенділер қалашығы» шығармашылық топтары үшін де танымал нысан. Биыл мұнда екі түрлі жанрда кино, «Жібек жолы» арнасында көрсетілетін бірегей бағдарлама түсірілді», — деді Айдын Әбілқасым.

    Алдағы жоспар

    Биыл №6 жағажайды абаттандыру жұмыстары басталады деп көзделуде. Қаладағы жалпы ұзындығы 6,1 шақырым (1 км астамы қолданыста) болатын жағажай жаңғыртылады.

    «Көшпенділер» қалашығын туристік бағытта заманауи үлгіде дамыту үшін жобалар қарастырылуда.
    Сонымен қатар шаһарда 11 инвестжоба жүзеге асады деп жоспарлануда. Тартылатын инвестиция көлемі – 306,4 млрд.теңге.

  • Қонаевта туризм қалай дамуда?

    Қонаевта туризм қалай дамуда?

    Қонаев қаласы – туристік әлеуеті жоғары қала. Оған дәлел – қазір шаһар аумағында 2 ірі инвестжоба жүзеге асуда, деп хабарлайды Sona.kz тілшісі.

    Жобаның бірі – 8-жағажайды «Аттракциондар паркіне» айналдыру болса, 2-шісі «Арена АСП» көпфункционалды туристік, спорттық-ойын сауық кешенінің құрылысы жүруде.

    Биылғы шомылу маусымында Қапшағай су қоймасының жағажайларына демалуға 1,5 млн адам келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 200 мыңға көп.

    Сондай-ақ 2024 жылдың жазында 5 жағажайды абаттандыру жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді. Аталған аймақ халыққа тегін қызмет көрсетті.

    Одан бөлек, жеке инвесторлар жағажайдың 1 шақырымын абаттандырып жатыр. Жалпы 5 шақырым жағажайды демалушыларға ыңғайлы, қолайлы, заманауи етіп жасау жоспарлануда. Ал солтүстік жағалаудың жер учаскелері түгенделіп, картасы әзірленді. Ол төңіректі дамыту үшін де бірқатар шаралар қолға алынбақ.

    Сонымен қатар, Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауындағы жер телімдері түгенделіп, аумақты одан әрі дамыту үшін арнайы жол картасы дайындалғанын айта кеткен жөн. Мұның аясында инфрақұрылымды жақсартуға, рекреациялық аймақтарды дамытуға және қосымша инвестиция тартуға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

    Қаланың жаңа Бас жоспарына сәйкес, аумағы 19 мың гектарға ұлғайтылды. Бұл өз кезегінде туристік нысандардың көбейіп, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай тудырып отыр.

  • Қазақстан 2025 жылы саяхаттауға тиіс үздік елдердің тізіміне енді

    Қазақстан 2025 жылы саяхаттауға тиіс үздік елдердің тізіміне енді

    Халықаралық Lonely Planet журналының сарапшылары жыл сайын саяхатшылар, қызметкерлер, авторлар және туризм саласындағы басқа да мамандардың ұсыныстарына негізделген бағыттарды мұқият талдап, үздіктерді анықтайды. 2025 жылғы таңдау Қазақстанға түсіп отыр.
    Еліміз өзінің бай тарихымен, алуан түрлі табиғатымен және қайталанбас мәдени мұрасымен шетелдік сала мамандарын қызықтырған.

    «Қазақстанның Lonely Planet секілді әлемдегі беделді басылымның Best in Travel 2025 рейтингінде болуы – еліміздің туризміне әлем бойынша қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Елдің шынайы мәдениеті мен алуан түрлі табиғатын халықаралық деңгейде ілгерілетуді жалғастыра отырып, біз тұрақты туризм принциптерін ұстанамыз», деді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
  • Жетісуда әжетхана салуға бөлінген 75 млн теңге жымқырылды

    Жетісуда әжетхана салуға бөлінген 75 млн теңге жымқырылды

    Жетісу облысында Сарқан аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы мен мердігер ұйымның директоры аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды.

    Өңір прокуратурасының ақпаратынша, сотталғандар туристтік объектілердегі санитарлық-гигиеналық тораптарды орнатуға арналған 74,7 млн теңге бюджет қаражатын талан-таражға салған.

    «Прокурорлық тексеріс, объект іске қосылмағанын, ал бөлінген қаражат шығындалып кеткенін көрсетті. Сарқан ауданының прокуратурасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, іс сотқа дейін жеткізілді», — деді.

    Сот үкімімен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы мен мердігер ұйымның директоры түрлі мерзімдегі бас бостандығынан айыру жазаларына сотталды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

  • Бүгін – Дүниежүзілік туризм күні

    Бүгін – Дүниежүзілік туризм күні

    Еліміздегі туризм саласына құйылған инвестиция биыл екі есеге өсіп, 390 млрд теңгені құрады. Бүгінде ҚР Туризм және спорт министрлігі арқылы жалпы құны шамамен 400 млрд теңгені құрайтын 61 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Туризм саласындағы жұмыспен қамту 497,7 мың адамға жеткен.

     

    Биыл қаңтар-маусым аралығында 3 млн 431 мың қазақстандық ел ішінде саяхаттаған.

     

    Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, елімізге келетін шетелдік туристердің географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Мысалы, жақын көршілерден бөлек, елімізге мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттерден де саяхатшылар келе бастаған. Шекаралас Ресей мен Қытайдан бөлек Үндістан (53 695 адам), Түркия (30 312), АҚШ (19 597) елдері үздік бестіктің қатарына кірген.

    The New York Times бойынша осы жылы Алматы қаласы үздік 52 туристік бағыт қатарына енді.

    Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай ауданы британиялық Wanderlust журналының Travel Green List атты «жасыл» туризм бағыттарының тізіміне және халықаралық ITB Berlin 2024 туристік көрмесі аясында «Тұрақты туризмнің 100 үздік бағыты» аталымы бойынша 3-орынды жеңіп алды.

    Ал қыркүйекте Астанаға 12 400-ге жуық шетелдік турист келді. Олардың жатын орынға, көлікке, тамақтануға, ойын-сауыққа жұмсаған жалпы шығыны 7,5 млрд теңгені құраған.

  • Қонаевта бюджет есебінен 31 тұрғын үй бой көтереді

    Қонаевта бюджет есебінен 31 тұрғын үй бой көтереді

    Қазіргі таңда бюджет қаржысына 10-шағын ауданда 180 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Сондай-ақ әрқайсысы 60 пәтерлік 9 көпқабатты үйдің сметалық құжаттары жасалып жатыр. Бұл туралы Қонаев қаласының әкімдігі ұйымдастырған пресс-тур барысында белгілі болды.

    «Алдағы жылдары 31 көпқабатты үй тұрғызу жоспарланған. Жалпы 2050 жылға есептелген Бас жоспарға сәйкес, 2 538.2 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру көзделуде», – деді құрылыс бөлімінің бас маманы Самал Тасқалиева.

    Тілшілер бүгінде жеке инвесторлардың қаржысына салынып жатқан «Sun City» және «Аристократ» кешендеріне барды. «Sun City» кешені 12 қабаттан, 3 бөліктен тұрады. Жалпы ауданы – 23 000 шаршы метр, мұнда 360 пәтер бар.

    Ал «Аристократ» кешенінде 552 пәтер қамтылған. Ғимараттың жалпы ауданы – 54,5 мың ш.м. Бес блокты 10,9 мың  ш.м. құрайтын бөлігін биыл пайдалануға беру жоспарланған.

    «Қаламызда 7 құрылыс компаниясы өз қаражаттары есебінен 2 тұрғын үй кешені мен 5  көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Олардың жалпы ауданы 123,61 мың шаршы метрді құрайды. Халықтың әлеуметтік осал топтарын коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында  85 пәтер сатып алынып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің теңгеріміне өтті. Жақында табыс етіледі», – деді маман.

    Бұдан кейін журналистер бұқаралық спортты дамытуға арналған «Кроссфит» алаңына барды. Мұнда шағын футбол, баскетбол, воркаут алаңдары орналасқан. Тапсырыс беруші – қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі. Құрылыс жұмыстары былтыр басталып, биыл аяқталады деп күтілуде. Нысанның жалпы аумағы – 1 гектардан астам. Алаңның әрін жасыл аймақ пен шағын сәулеттік нысандар келтіріп тұр.

    «Бұл жерде жұрт демалуға әрі денешынықтырумен айналысуға арналған спорттық шараларды ұйымдастырмақпыз. Қонаевта жылына 300-ден астам түрлі турнир, жарыстар, додалар өтеді. Спортсүйер қауымның да саны жыл санап артуда. Әсіресе, ашық алаңда ұйымдастырылатын шаралардың көрермені қалың», – деді мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Бибігүл Шайкенова.

    Бұдан бөлек, БАҚ қызметкерлері жаңадан ашылған №5 қалалық жағажайды аралап шықты. Демалыс орнының аумағы 2,7 гектарды алып жатыр. Мұнда футбол, волейбол, воркаут, балалар ойын алаңдары, үстел теннисі орнатылған. Суға түсу орны мен дәретхана, шатырлар, пирс, жасыл аймақ, бизнес объектілері, балалар бассейні, автотұрақ та бар. Құтқарушыларға арналған 2 орын қойылған.

    Жергілікті мамандардың сөзінше, қалада туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Былтырғы шомылу маусымында 1,2 млн халық келсе, биыл оның саны екі есе өсуі мүмкін деген болжам бар. Осы бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасын табады.

    Жағажай жайлы жұртшылық та пікірін білдірді.

    «Ұнады. Бұл нысан басқалармен салыстырғанда әдемі етіп жасалған екен. Балаларымыз хауызға шомылып, әткеншек теуіп, риза болып жүр. Қонаев өркендеп, дами берсін», – деді алматылық тұрғын Айгерім.

    Сонымен қатар мамандар Қонаевта №6 және №7 жағажайларды абаттандыру көзделіп отырғанын айтты. Ал №8 жағажай инвесторлар қаржысына салынып, аттракциондар паркіне айналмақ.