Метка: Тұрмыстық зорлық

  • Соңғы бес жылда әйелдерге қатысты қылмыс саны екі есеге азайды – Үкімет

    Соңғы бес жылда әйелдерге қатысты қылмыс саны екі есеге азайды – Үкімет

    Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдер құқығын қорғау шаралары күшейтілуде, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

    2024 жылы ішкі істер органдарына отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайлары туралы 100 мыңға жуық хабарлама келіп түсті. ІІМ 72 мың шектейтін қорғаныс ұйғарымдарын берді.

    Елімізде зардап шеккен әйелдер мен балаларға көмек көрсететін 69 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері осындай орталықтарға 5,5 мың әйел жүгінді, оның 3,7 мыңы балалы әйел.

    «Жүйелі жұмыс қазірдің өзінде нәтиже беруде. Соңғы бес жылда әйелдерге қатысты қылмыстар саны екі есеге қысқарды, оның ішінде зорлық-зомбылық қылмыстары 37,9%-ға, кісі өлтіру – 49,3%-ға, ауыр дене жарақатын келтіру – 8,7%-ға азайған. Бұл зардап шеккендерді қорғауға және қолдауға бағытталған кешенді шаралардың тиімділігін айғақтайды», – делінген хабарламада.

  • Қазақстанда бір жылда 99 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген

    Қазақстанда бір жылда 99 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген

    2023 жылы Қазақстанда 99 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Бұл туралы «Орталық Азиядағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету жүйесі: агрессорларды түзету бағдарламалары» конференциясында белгілі болды.

    Сарапшылардың айтуынша, 2024 жылы сәуірде қабылданған әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау туралы заңнан кейін жағдай біртіндеп өзгеруі тиіс. Қазақстандағы Фридрих Эберт қорының өкілдігі аймақтағы гендерлік теңдік мәселелерін талқылау үшін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан сарапшыларын жинады.

    Қазақстандағы Дағдарыс орталықтары бірлестіктерінің жетекшісі Зульфия Байсақованың айтуынша, қазір елде 19 ұйым тіркеліп, 48 дағдарыс орталығы ашылған. Бір ғана «Жансая» дағдарыс орталығын 1 қарашаға дейін 433 адам, оның ішінде 142 әйел, 285 бала паналаған. Бұл 2023 жылдың осы кезеңіндегі жағдайдан жоғары.

    «Зорлық-зомбылықпен күрестегі басты мәселелердің бірі қоғамның оны қалыпты жағдай ретінде қабылдауы болып отыр. Бұл үшін үлкен қоғамдық жұмыс қажет. Барлық қоғам қол көтеруді қылмыс деп тануы қажет», – деді Байсақова.

    Оның сөзін Тәжікстан Үкіметі жанындағы әйелдер және отбасы комитетінің төрағасы Джавохир Акобирова да қолдады.

    «Біздің аймақтағы әйелдердің зорлық-зомбылық көргені үшін өзін кінәлауы және мұны «ұят» деп көруі басты мәселе деп ойлаймын. Қазір тәжік қоғамында зәбір көрген адамның арыз жазуы қалыпты жағдай екенін түсіндіруге тырысып келеміз», – деді Акобирова.

    Ал қазақстандық заңгер Әйгерім Құсайынқызының сөзінше, қазір елдегі антигендерлік қозғалыстың күшеюі гендерлік теңдік орнатуда қиындықтар тудырып келеді.

    «2016 жылы гендерлік теңдік деген сөзді отбасы деген сөзге ауыстырып, «Әйелдер және отбасы ісі» деп қарайтын болдық. Себебі қоғамда гендерлік теңдік ұғымы отбасы құндылықтарына қарама-қайшы деген ой пайда болды», – дейді заңгер.