Метка: Тұтқын

  • Шымкенттегі колонияда жасырын жиналыстар өткізген сотталушыға қосымша жаза тағайындалды

    Шымкенттегі колонияда жасырын жиналыстар өткізген сотталушыға қосымша жаза тағайындалды

    Шымкентте қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот бес баланың әкесіне қатысты істі қарады. Ол жазасын өтеу кезінде жасырын жиналыстар өткізіп, экстремистік көзқарастарды насихаттаған, деп хабарлайды Sona.kz қала сотына сілтеме жасап.

    Сот дерегінше, 2025 жылдың сәуір–мамыр айларында сотталушы №54 мекемесінде өзге тұтқындарды жинап, экстремистік ұйымға тән радикалды көзқарастарды таратқан. Оның әрекеті ҚР ҚК 259-бабы 1-бөлігі бойынша (экстремистік әрекет ұйымдастыру мақсатында үгіттеу) сараланды.

    Айыпталушы кінәсін мойындап, қатаң жаза бермеуді сұраған. Сот оның бес кішкентай баласының барын – жеңілдететін, ал қылмысты қайталап жасағанын – ауырлататын жағдай ретінде қарады.

    Нәтижесінде сотталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Жазаларды біріктіру арқылы түпкілікті жаза – 8 жыл 6 ай болып белгіленді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

    Бұған дейін Ақтөбедегі колонияда сотталғандар бейнебақылау камераларын сындырып, қосымша жаза алған. Ал Абай облысында сегіз сотталушы өзге тұтқындардан ақша бопсалағаны үшін 8 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

  • Израиль тұтқындарды босату бойынша ХАМАС-пен келісімге келді

    Израиль тұтқындарды босату бойынша ХАМАС-пен келісімге келді

    Израиль мен ХАМАС радикал тобы (ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым танылған) атысты уақытша тоқтату және 2023 жылы 7 қазан күнгі шабуыл кезінде тұтқындалған израильдіктердің бір бөлігін босату бойынша келісім жасады. Бұл жөнінде Катардағы баспасөз жиыны кезінде премьер-министр Мұхаммед бин Абдулрахман әл-Тани мәлімдеді.

    Келісім жасалғанын Израиль билігі мен ХАМАС өкілдері де растады. Ол 19 қаңтардан бастап күшіне енеді.

    Израиль ақпарат құралдарының жазуынша, келісімге сәйкес, ХАМАС 33 израильдік тұтқынды босатады. Ал Израиль түрмеден ХАМАС-қа қатысы бар және израильдіктерге шабуыл жасады деп сотталған тұтқындарды қамаудан шығарады. Әрбір израильдік үшін ХАМАС – 30 тұтқын, әрбір әскери қызметкер үшін 50 сотталушы алады.

    Қанша тұтқынның тірі екені, қаншасы мерт болғаны әзірге айтылмайды.

    Израильдік 12-арнаның хабарлауынша, әуелі тірі қалған израильдіктер босатылады. Алғашқы үш тұтқын 19 қаңтарда босатылуы мүмкін. Жеті күннен кейін яғни, 26 қаңтарда тағы төрт тұтқын жіберілмек.

    Осыдан кейін ХАМАС әр апта сайын (14-күн, 21, 28, 35-күн) үш-үштен тұтқындарды босатып отырады. Соңғы аптасында қалған 14 тұтқын бостандыққа шығады.

    Келісім бойынша, атысты тоқтату мерзімі алты аптаға созылады. Осы уақыт аралығында Газа секторына 600 жүк көлігімен гуманитарлық көмек беріліп, Израиль әскері біртіндеп сектордан шығарыла бастайды.

    АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден келісімді жылы қабылдап, оған қол жеткізуде Америка дипломатиясы маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

    ХАМАС жетекшісі Халел әл-Хейя палестиналықтарға қолдау көрсеткен елдерге алғыс айтып, Ресейді де атады. Ол Газа сектор тұрғындарын атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізуімен құттықтап, бірақ Израильмен текетірес жалғаса беретінін айтты.

    Келісім жасалғаны жөнінде ақпарат тарағаннан кейін Газа секторының бірқатар қаласында жүздеген адам көшеге шығып, келісімді тойлаған. Израиль көшелерінде де жұрт тұтқындардың жуық арада оралатындығына қуанып, тойлай бастаған. Алайда израильдіктердің бір бөлігінің келісімге көңілдері толмайды, себебі тұтқындардың бір бөлігі ғана үйге оралмақ.