Метка: Ұлттық қор

  • «Бәйтерек» холдингі Ұлттық қорға 23,5 млрд теңгені мерзімінен бұрын қайтарды

    «Бәйтерек» холдингі Ұлттық қорға 23,5 млрд теңгені мерзімінен бұрын қайтарды

    Ұлттық басқарушы холдинг «Бәйтерек» Ұлттық қорға 23,5 миллиард теңгені мерзімінен бұрын қайтарғанын хабарлады. Холдингтің мәліметінше, бұл шешім тұрақты және жауапты қаржылық саясаттың нәтижесі болып отыр, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Ұлттық қор қаражаты 2014 жылы жиырма жыл мерзімге тартылған. Қаражат 2015–2019 жылдарға арналған Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобаларды қаржыландыруға бағытталды. Механизм бір теңгеге екі теңге жеке және нарықтық инвестиция тартуды көздеді.

    Қаржыландыру «Қазақстан Даму Банкі» АҚ арқылы жүзеге асырылды. Барлығы өңдеу өнеркәсібі, көлік және электр энергетикасы салаларында 13 жоба қолдау тапты. Олардың қатарында рельс-брус зауытының құрылысы, теміржол дөңгелектерін шығаратын өндіріс және минералды тыңайтқыштар шығаратын кәсіпорынды жаңғырту жобалары бар.

    Холдингтің еншілес ұйымдарының мәліметінше, аталған жобалар айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық әсер берген: өнім шығару көлемі 2016 жылғы 16,2 млрд теңгеден 2024 жылы 390,9 млрд теңгеге дейін өсті, экспорт 0,17 млрд теңгеден 99,5 млрд теңгеге дейін артты. 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

    «Бәйтерек» алдағы уақытта да экономиканы жаңғыртуға және өнеркәсіптік әлеуетті арттыруға бағытталған жобаларды қолдай отырып, даму институты ретіндегі қызметін жалғастыратынын атап өтті.

  • Ұлттық қорда 58 млрд АҚШ доллары бар

    Ұлттық қорда 58 млрд АҚШ доллары бар

    Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов «Jibek Joly» телеарнасының «УӘДЕ» жобасына сұхбат берді.

    Сенатор Ұлттық қордың қазіргі жағдайы және оның болашағына қатысты өзекті мәселелерді айтты.

    Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, қазіргі таңда Ұлттық қорда 58 млрд АҚШ долларына тең қаржы бар. Сенатор балаларға инвестициялық табыс есебінен 50%-ы бөлінгенін, әр балаға биыл 100 доллар берілгенін атап өтті. Келесі жылы бұл көрсеткіштің 130 долларға дейін өсуі жоспарланып отыр.

    Сұхбат барысында журналист Ерболат Мұхамеджан Ұлттық қорды ұлғайтудың нақты жоспарлары туралы сұрақ қойды. Сенатордың айтуынша, қордың 2030 жылға дейінгі дамуына арналған стратегиясы бар.

    «Қордың өсімі жоспарланған. Егер биылғы жылы қор 58 млрд доллар болса, келесі жылы 62 млрд долларға, ал одан кейінгі жылы 69 млрд долларға жетеді деп күтілуде. Алайда, геосаяси ахуал және көрші елдерге тәуелділік сияқты сыртқы факторлар белгілі бір қауіп тудырады. Дегенмен, бұл процесті Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп әр тоқсан сайын бақылап отырамыз», – деп түсіндірді сенатор.

    Айта кету керек, Ұлттық қордың басты міндеті – болашақ ұрпақ үшін қаржы резервін жинақтап, жаһандық шикізат нарығындағы өзгерістердің еліміздің экономикасына әсерін азайту.

  • Сенат 3 жылдың бюджетін мақұлдады

    Сенат 3 жылдың бюджетін мақұлдады

    Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.

    Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заңы бюджеттің келесі параметрлеріне байланысты әзірленген.

    Біріншіден, республикалық бюджеттің кірістері салық түсімдерін 3,1 трлн теңгеге азайтуға және салыққа жатпайтын түсімдерді 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға байланысты 2 трлн теңгеге азайды. Екіншіден, экономиканың өсу қарқынын төмендету тәуекелі жағдайында өңірлік өсу деңгейін ұстап тұру үшін, сондай-ақ биыл республикалық бюджеттің шұғыл шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт 2 трлн теңгеге ұлғайтылды, – деді Мәди Такиев.

    Министр 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде қарастырылғанын, кірістер трансферттерді есепке алмағанда, 14,1 трлн теңге деңгейінде болатынын жеткізді.

    Биыл бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде болжанды. Бюджет шығыстары – 24,1 трлн теңге. Бұл көрсеткіштер кепілдік берілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджеттік қағидаларға сәйкес келеді, — деді министр.

    Мәди Такиев 2024 жылы жоспардағы 2 трлн теңге салық түспегенін жеткізді. Салық түсімдерінің төмендеуіне төмендегі факторлар әсер еткен.

    • «Теңіз Шевройл» бойынша Болашақ кеңейту жобасын (БКЖ) іске қосу мерзімі 2025 жылға ауыстыруға байланысты мұнай өндіру көлемінің 5,1 млн тоннаға төмендеуі. Бұл шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша түсімдердің 200 млрд теңгеге азаюына әкеп соқты.
    • 2023 жылғы 594 млрд теңге сомасында борышты қайтаруға байланысты қосымша құн салығын қайтарудың өсуі. Былтырмен салыстырғанда, бюджеттен қосымша құн салығы 2,5 есе артық қайтарылды.
    • Республикалық бюджет түсімдерінің 216 млрд теңгеге төмендеуіне үшінші елдердің импорт көлемінің 6,4%-ға азаюы әсер етті.
    • Негізгі экспорттық тауарлардың әлемдік бағалары сияқты сыртқы факторлардың тұрақсыздығы  республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне теріс әсер етті. Бұл үрдіс жыл бойы бірқатар металл бойынша сақталып отыр.
    • Геосаяси жағдайға байланысты ірі компаниялардың логистикалық шығындары ұлғайды. Табыстың төмендеуіне байланысты салық түсімдері шамамен 350 млрд теңгеге төмендеді.

    Салыққа жатпайтын төлемдердің бекітілген жоспарға қарағанда 1,1 трлн теңгеге ұлғаюы «Самұрық-Қазынадан» шамамен 600 млрд теңге сомасында, «Бәйтеректен» 126 млрд теңге сомасында  дивидендтер бойынша біржолғы төлемдердің түсуіне, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының шамамен 60 млрд теңгеге жоспарды асыра орындауына байланысты болды, – деді министр.

    Биыл 11 айда салық саласындағы әрі кедендік әкімшілендіру және оларды цифрландыру аясында шамамен 900 млрд теңге сомасында қосымша түсімдер қамтамасыз етілді.

    «Ұлттық қордан 2 трлн теңгеге нысаналы трансферт тарту барлық шұғыл шығысты, оның ішінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруға мүмкіндік береді», – деді Мәди Такиев.

  • Келесі жылы Ұлттық қордан балалардың шотына 100 доллардан көп түседі

    Келесі жылы Ұлттық қордан балалардың шотына 100 доллардан көп түседі

    2025 жылдың басында «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында кәмелетке толмаған балалардың шотына 100 доллардан көп ақша түседі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты.

    Осы жылдың он айы ішінде Ұлттық банк Ұлттық қорды басқарудан 5,3 млрд доллар пайда тапқан.

    «Естеріңізде болса, былтыр әр балаға шамамен 100 доллар аударған едік. Бірақ 2023 және 2024 жылдар инвестициялық кіріс тұрғысынан өте позитивті жыл болды. Сол себепті келесі жылдың қаңтарында балалар арасында бөлінетін сома 100 доллардан көп болуы мүмкін», — дейді Молдабекова Ұлтттық банкте өткен брифингте.

    Ол нақты сома балалар санына байланысты болатынын атап өтті. Балалардың шотына төлемдер қаңтар айының басында аударылады.