Метка: Ұлттық құрылтай

  • Қазақстанға бір емес, үш АЭС керек – Тоқаев

    Қазақстанға бір емес, үш АЭС керек – Тоқаев

    Қазақстанда бір емес, үш атом электр стансасы салынуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда осындай ұсыныс тастады.

    Оның айтуынша, қазақстандықтар референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы міндетті орындауға жол ашып берді.

    «Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді. Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін», – деп мәлімдеді Тоқаев.

    Мемлекет басшысы осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдаған.

    «Біз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек», – деді президент.

  • Президент түрмеде отырған әйелдерге қатысты маңызды мәлімдеме жасады

    Президент түрмеде отырған әйелдерге қатысты маңызды мәлімдеме жасады

    Бүгін Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев түрмеде отырған әйелдерге қатысты маңызды пікір білдірді.

    Президенттің айтуынша, оған белгілі адвокат Айман Омарова хат жолдаған. Адвокат өз хатында әйелдер колониясындағы ахуалды, соның ішінде, жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына баса назар аударған екен.

    «Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісемін. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей екені түсінікті. Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек», – деді Тоқаев.

  • Президент спорт саласындағы діни радикалдар туралы айтты

    Президент спорт саласындағы діни радикалдар туралы айтты

    Бурабайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда спорт саласындағы діни радикалдар туралы сөз болды.

    «Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүр. Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ», – деді Тоқаев.

    Президент елімізде дін бостандығына кепілдік берілгенін еске салды.

    «Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды», – деп санайды ол.

  • Ұлттық құрылтай: Аудан әкімдерін тікелей халық сайлайды

    Ұлттық құрылтай: Аудан әкімдерін тікелей халық сайлайды

    Бурабайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды.

    Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады. Бұл туралы Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

    «Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды. Үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Оның айтуынша, түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді.

    «Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады», – деді Президент.

  • Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды – Президент

    Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды – Президент

    Үш жылда саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Бұл туралы Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

    «Ең алдымен бүгін Амал күні баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шығып, ағайын-бауырмен көрісу – ежелден келе жатқан ата дәстүріміз. Бұл күн – Әз-Наурыздың бастауы. Еліміздің төл мерекесі биыл да қасиетті Ораза айына орайлас келіп отыр. Қастерлі мейрамдарымыз халқымызды игі амалдар жасауға үндейді. Асыл қасиеттерімізді кеңінен дәріптейді. Құрылтайдың ұлық мерекелермен қатар өтіп жатқаны – жақсылықтың нышаны», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жариялағанын еске салды.

    «Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім. Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды», – деді Президент.

  • Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды

    Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды

    Бурабайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды.

    Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлейді. Сондай-ақ, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.

    Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше басталған. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды.

  • Ертең Бурабайда Ұлттық құрылтай өтеді

    Ертең Бурабайда Ұлттық құрылтай өтеді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 наурыз күні Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады.

    Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті.

    Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.

    Айта кету керек, Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары: 2022 жылы Ұлытауда,  2023 жылы Түркістанда,  2024 жылы Атырауда өтті.