Метка: Ұстаз

  • Ұлағатты ұстаздар марапатталды

    Ұлағатты ұстаздар марапатталды

    Бұл күні сапалы білім беруде ерен еңбек сіңірген педагогтер марапатталып, оқушылар мен жас мамандар өз өнерлерін паш етті.

    Алғашқы құттықтау сөзін алған шаһар басшысы Асхат Бердіханов мектептердің кезең-кезеңімен заманауи жабдықталып, күрделі жөндеуден өтіп, жылдан жылға білім сапасы артып келе жатқанын тілге тиек етті.

    «Ұстаз – жас ұрпақтың тағдырын қалыптастыратын, елдің ертеңін айқындайтын ұлы тұлға. Қаламызда білім беру саласы жүйелі түрде жаңғырып келеді. Мектептеріміз кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жабдықталуда. Мәселен, Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектептің жөндеу жұмыстары толық аяқталса, биыл А.Жұбанов атындағы №5 орта мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде», – деді ол.

    Сонымен қатар әкім биік белестерді бағындырған озат оқушылар мен мұғалімдерді ерекше атап өтті.

    «Бүгінгі шәкірттер – ертеңгі елдің тірегі, мемлекетіміздің болашағы. Сіздердің әрбір еңбектеріңіз – ұлт игілігіне қосылған үлес. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!» – деді Асхат Бердіханов.

    Салтанатты шара кезінде кей ұстаздарға Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы берілсе, ал басқалары Алматы облысы әкімінің және қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ мерекеде 30-40 жыл педагогика саласында қызмет еткен ардақты мұғалімдер сый-құрметке бөленді.

    «Педагогика – табандылық пен ізгілікті, шыдамдылық пен ізденісті талап ететін сала. Жақында қаламыздың 55 жыл мерейтойы аталып өтті. Енді міне кәсіби мерекемізді тойлап отырмыз. Келер ұрпақ ел іргесін мығым ұстайтын алғыр, парастты болып өссін. Баршаңызды айтулы күнмен құттықтаймын», – деді Кербұлақ ауылының ардагер ұстазы Асия Солтаева.

    Кеш Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы туралы қойылымға ұласып, концерттік бағдарламамен жалғасты

  • 25 % айлығымызды қиып тастады: Алатаулық ұстаздар бас көтеріп жатыр

    25 % айлығымызды қиып тастады: Алатаулық ұстаздар бас көтеріп жатыр

    Алматы облысында жаңадан құрылған Алатау қаласының ұстаздары бас көтеріп жатыр. Көпшіліктің айтуынша, олардың айлығын 25 пайызға қысқартып тастаған. Осы жайтқа наразы мұғалімдер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялап, көмек сұрап жатыр. Сондай-ақ, дәл осы мәселенің әділ шешілуіне Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаев пен Мәжіліс депутаттары да араласса  дейді, ұстаздар  қауымы.

    Алатаулық ұстаздардың наразылығына қаланың білім бөлімі жазбаша былай деп жауап берді.

    «2024 жылғы 1 қазанда Алатау қаласындағы №1 және №47 мектептерінің педагогикалық ұжымдары жергілікті мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесті. Бұған дейін аталған мектеп ұжымдары әкімшілік-аумақтық құрылыстың өзгеруіне байланысты жалақы мөлшерінің өзгеруіне қатысты алаңдаушылықтарын білдірген болатын.

    Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 9 қаңтардан бастап Алатау қаласының құрамына бұрын Алматы облысының Қонаев қаласына, Іле және Талғар аудандарына қарасты бірқатар елді мекендер енгізілді. Осыған орай, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған аумақтарда тұратын бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесінде өзгерістер орын алды», — делінген Алатау қаласы Білім бөлімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

    Сондай-ақ, ведомство қызметі туындаған мәселелерді жан-жақты қарау мақсатында кездесуге Алатау қаласы әкімінің орынбасары, қалалық білім бөлімінің басшысы, сондай-ақ облыстық білім және ішкі саясат басқармаларының өкілдері қатысқанын жеткізді.

    «Нәтижелі диалог барысында еңбекақы төлеу мәселелерімен қатар, тұрғындардың өзекті мәселелері — көлікпен қамтамасыз ету, қоқыс шығару, газбен жабдықтау мәселелері де талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша педагогикалық ұжымдармен өзара түсіністікке қол жеткізілді», — деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.