Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Алматы қаласы мен Павлодар облысында вейптердің заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топты әшкереледі. Заңмен тыйым салынғанына қарамастан, күдіктілер электронды тұтыну жүйелерін сатудың тұрақты схемасын құрған.
Қылмысты жасыру үшін дүкендер желісі ресми түрде қорқор өнімдерін сататын орындар болып өзгертілген. Бірақ іс жүзінде онда вейптер мен олардың бөлшектері саудаланған. Сонымен қатар, тауарлар Telegram арналары мен курьерлер арқылы таратылып отырған. Топ мүшелері жалдамалы пәтерлер мен шифрланған байланысты пайдаланған.
Тінту кезінде құны 711 миллион теңге болатын 131 мыңнан астам вейп тәркіленді. Өнімдер негізінен жастарға, соның ішінде мектеп оқушылары мен студенттерге бағытталған. Түскен пайда жалған жеке кәсіпкерлердің шоттары арқылы мүшелер арасында бөлінген.
Тергеу анықтағандай, ұйымдастырушы қылмысы әшкереленгеннен кейін де сенімді тұлғалар арқылы топты басқаруды жалғастырған. Заңсыз табысқа ол Алматының элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер және төрт автокөлік сатып алған. Бұл мүліктерге камау қойылды.
Қазіргі уақытта ұйымдастырушы мен топтың бес мүшесі қамауға алынды. ҚМА істің барлық мән-жайын анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
Метка: вейп
-

ҚМА 711 млн теңгенің вейп саудасымен айналысқан қылмыстық топты құрықтады
-

Қазақстанға вейп әкеліп сатпақ болған шетелдік сотталып кетті
Қазақстанға электронды темекі әкеліп сатпақ болған шетелдік сотталып кетті.
Маңғыстау облыстық прокуратураның мәліметінше, Бейнеу ауданының соты шетел азаматын электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) елге әкелгені үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 301-1-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Шекара бекетін тексеру барысында автокөліктің жүк салғышында 4 550 дана «WAKAsoPro20000» маркалы электрондық тұтыну жүйелері анықталған.
Заңды күшіне енген сот үкімі бойынша көрсетілген тауарлар жоюға жіберілді.
«Қылмыстық кодекстің 301-1 жаңа бабы темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін жауапкершілікті белгілейді.
Құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қамауға алу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан шектеу не айыру жазалары қарастырылған.
Маңғыстау облысының прокуратурасы электронды тұтыну жүйелерін сату және тарату қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді», – делінген прокуратура хабарламасында.
-

Қырғызстанда электронды темекіге тыйым салынды
Көрші ел президенті тиісті заңға қол қойды. Енді мұнда электронды темекі әкелгендер мен оны пайдаланғандар айыппұл арқалайды. Бұл туралы 24 kz жазды.
Жеке тұлғалар үшін оның мөлшері – 10 мың сом. Бұл біздің ақшамен 57 мың теңгеден асады.
Заңды тұлғалар 6 есе көп төлейді. Тыйым салынған затты елге алып кіргендер үшін жаза қатаң. Олар үшін ірі мөлшерде айыппұл, бір жылға дейін түзету жұмыстары, бір жыл белгілі бір іспен айналысуға тыйым салу және екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
-

Павлодарда 55 млн теңгенің вейптері тәркіленді
Polisia.kz мәліметінше, сақшылар электронды темекіге қатысты заң бұзушылықтың жолын кесіп, жалпы құны 55 миллион теңгеге жететін вейп партиясын тәркілеп алды.
Екібастұз қаласындағы өнеркәсіптік база аумағында орналасқан қоймада полицейлер 5503 дана вейп пен 1097 қосымша сұйықтық құятын құтыны анықтап, тиісті шаралар қолданды. Бұл заңсыз тауар сатылымға шығарылмақ болған. Ресми тыйым салынғанына қарамастан, жастар интернет-дүкен арқылы мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі арналарды пайдаланып, вейптерді сатумен айналысқан. Нәтижесінде заңсыз электронды темекі сатты деген күдікпен екі азамат полицияға жеткізілді.
Темекі өнімдеріне жатпайтын электронды тұтыну жүйелерінің, ароматизаторлар мен сұйықтықтардың айналымына байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – деді Екібастұз қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Төлеген Құдайбергенов.
Рейдтік іс-шаралар барысында интернет-дүкен арқылы тапсырыстар бойынша жеткізуге арналған вейп өнімдері бар автокөлік тоқтатылып, тексеру нәтижесінде заңсыз тауар табылды.
Полиция 20 маусымда Қазақстанда вейп және оларға арналған сұйықтықтардың айналымына тыйым салу туралы заң күшіне енгенін еске салады.
-

Оралда электронды темекі сатушыға айыппұл салынды
Оралда электронды темекі сатушыға айыппұл салынды.
«Орал қаласы тұрғынының Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1-бабымен (Шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы) көзделген қылмысты жасаудағы кінәсі толық дәлелденді», — делінген БҚО прокуратурасының хабарламасында.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, қала тұрғыны электронды темекіні сатумен айналысқан және вейптерді сатуға тыйым салатын заң күшіне енгеннен кейін сатылмай қалып қойған электронды темекілерді «Telegram» мессенджеріндегі топ арқылы сатқан.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 227 вейптің қалдықтары тәркіленді. Орал қалалық сотының үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, 73 840 теңге айыппұл салынды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы тұрғындардың назарын вейптерді сату және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.
Айта кетейік, 20.06.2024ж. вейптер мен электронды темекілерді сатуға, әкелуге және таратуға тыйым салу туралы норма күшіне енді.
Аталған мәселе мемлекет басшысымен көтеріліп, 2024 жылғы 19 сәуірде тиісті Заңға қол қойылды.
Заң әсіресе жастар арасындағы жаман әдеттермен күресуге бағытталған және бұзушылықтар үшін қатаң жазаларды қамтиды.
Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес вейптерді сату мен таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін жаңа 301-1 бап белгіленді.Атап айтқанда, осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 738 400 теңге) айыппұл салу, түзеу жұмыстары немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.
Сонымен қатар, вейптерді әкелу және өндіру 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салуға (шамамен 7,3 миллион теңге), қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе тіпті екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін.
Қылмыстық топ жасаған немесе аса ірі көлемде пайда тапқан әрекеттер үшін жаза 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға және 18,4 миллион теңгеге дейін айыппұл салуға әкелуі мүмкін.
-

10 млн теңгенің вейпі тәркіленді
Облыстық полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 10 миллион теңгеден астам сомаға электрондық темекі (вейп) партиясын тәркіледі. Операция шегілмейтін темекі өнімдерінің және электрондық тұтыну жүйелерінің заңсыз саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар шеңберінде жүргізілді, деп мәлімдеді облыстық ПД.
Жоспарлы іс-шара барысында тәртіп сақшылары 24 жастағы азамат тізгініндегі автокөлікті тоқтатты. Көлікті тексеру барысында жалпы саны 1627 дана болатын 15 қорап электронды темекі өнімдері анықталып, тәркіленді. Аталған тауарларды ұсталғандар сатуға апара жатқаны белгілі болды. Заңсыз электрондық темекіні сату әрі тарату күдігі бойынша 21 мен 24 жас аралығындағы үш адам анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр, – деп қосты ведомство.
Биылғы 19 сәуірде Қазақстанда никотинді (вейптерді), сондай-ақ олар үшін сұйықтықтар тұтынудың электрондық жүйелері айналымына тыйым салатын заң қабылданып, ол 20 маусымда күшіне енді. Сақшылар азаматтарға заңнаманы сақтау қажеттігін және электрондық тұтыну жүйелерінің заңсыз саудасына қатысуға сақ болуды ескертеді.
-

Алматыда вейп сататын орындар жойылды
Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.
– Олардың бірі Жетісу ықшам ауданындағы үйлердің бірінің ғимаратында орналасқан. 27 жастағы азаматтың электронды темекіні заңсыз сатуды ұйымдастырғаны белгілі болды. Тағы бір жағдайда, 31 жастағы жергілікті тұрғын Әуезов көшесінде орналасқан кеңседе “кәсіп” жасап, вейп сатқан. Сонымен қатар Алматы полициясының қызметкерлері барлық жерде электронды темекіні сатуға тыйым салынған деректерді анықтау үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қадағалайтынын еске саламын. Тек шілде айының өзінде “Киберпол” қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында бес адамды ұстады және әртүрлі өндірушілердің 10 мыңнан астам бір реттік темекілерін тәркіледі, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов.
2024 жылдың 20 маусымында Қазақстанда вейптерді сатуға тыйым салатын заң нормалары күшіне енді. ҚР ҚК-нің 301-1-бабы (Шылым шегуге болмайтын темекі өнімдерінің, электронды тұтыну жүйелерінің (вейп), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың айналымы) қосылды. Өзгерістер мен толықтырулар күшіне енген сәттен бастап вейптерді сатудың 8 дерегі тіркелді.
Аталған деректер бойынша ҚР ҚК-нің 301-1-бабының 1-бөлігімен қылмыстық істер қозғалды.
-

СҚО полициясы құны 15 млн теңгеден асатын вейптерді тәркіледі
ҰҚҚКБ жедел уәкілдері тыйым салынған заттарды саудалаған Интернациональная көшесіндегі бутиктердің бірін анықтады. Тінту кезінде екі маркадағы 150 вейп тәркіленді. Тәркіленіп алынған заттардың жалпы сомасы 2 миллион 400 мың теңгені құрады.
Дәл сол күні жедел уәкілдер Алтынсарин көшесінде 19 жастағы қала тұрғыны жалға алған көлікжайда 197 вейп пен оларға арналған сұйықтық құйылған 542 құтыны анықтап, тәркіледі. Тәркіленген заңсыз тауардың жалпы сомасы 7 миллион теңгені құрады. Жас жігіт аталған тауарды сатуға заңмен тыйым салынғанын біле тұра, оларды сатып келген, бұл ісін іске асыру үшін Telegram мессенджерін пайдаланған.
Бұдан бөлек, Добровольцев көшесінің бойында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Volkswagen автокөлігінің 19 жастағы жолаушысынан түрлі маркадағы 272 вейп пен оларға арналған сұйықтық құйылған 130 құтыны анықтады. Тәркіленген заттардың жалпы сомасы 6 миллион 220 мың теңгеге бағаланып отыр. Жас жігіттің айтуынша, ол да заңмен бұл тауарға тыйым салынғанын білген, бұған қарамастан танымал мессенджердегі каналды пайдаланып, осы өнімдерді сатып келген. Барлық үш факті бойынша да сотқа дейінгі іс жүргізу басталды, тергеу жүріп жатыр.