Емі жоқ Марбург вирусы Руандада дендеп барады. Қазір бұл ауру түрі елдің 30 аймағының жетеуінде тіркелген. Оның ішінде Руанда астанасы Кигалиде бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дабыл қағуына осы жайт себеп. Ал, дертті жұқтырғандар қатарында медицина қызметкерлері көп. Бұл жағдай мамандарды алаңдатып отыр. Себебі, вирус медицина мекемелерінде тез таралуда. Аурудың белгілері вирусты жұқтырғаннан кейін, 2-21 күн ішінде пайда болады. Марбург вирусына қарсы арнайы ем немесе вакцина жоқ.
Метка: Вирус
-

Қазақстанда қыздарды папилломаға қарсы вакцинациялау басталды
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 11 қаулысына сәйкес 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі.
Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін.
Жатыр мойны обыры Қазақстандағы барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орындағы және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері бойынша екінші орындағы қатерлі ісік болып табылады. Жыл сайын елде бұл аурудың 1900-ға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясын жұқтыру екенін дәлелдеді.
АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады. Бүгінгі таңда бірқатар елдерде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90%-ға төмендеді.
-

МИНИСТРЛІК МАЙМЫЛ ШЕШЕГІНЕН ҚОРҒАНУДЫҢ ЖОЛДАРЫН ҰСЫНДЫ
Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегінен қорғанудың жолдарын ұсынды. Эндемиялық елдерге баратын туристер инфекциядан сақтану үшін осы талаптарды қатаң сақтауы тиіс.
— Ауырған адамдарға және инфекция жұқтырған жануарларға жоламау керек. Вирусты маймыл, егеуқұйрық, тиіндер мен басқада жабайы жануарлар тасымалдауы мүмкін.
— Жануарлармен жұмыс істеу кезінде қорғаныш құралдарын пайдалану керек. Яғни, оларға күтім жасау кезінде, зертханалық жағдайда қорғаныш киімдерін, қолғаптар мен маскаларды қолдану маңызды.
— Гигиенаны қатаң сақтау қажет. Қолды сабынмен жиі жуу керек.
— Дезинфекциялық құралдарды қолдану ұсынылады. Себебі, бұл зат инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектеседі.
— Маймыл шешегінің белгілері: дене бөртеді, қызу көтеріледі, бойда әлсіздік пайда болады, бас аурырады. Мұндай жағдайда жедел дәрігерге қаралу керек.Еске салайық, маймыл шешегі бірнеше ай бұрын Конго Демократиялық Республикасында өршіп, 500-ден астам адамның өмірін қиды. Жалпы алғанда, жұқпалы инфекция әлемнің 116 еліне тараған.
«Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында маймыл шешегіне күдікті аурудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.
Осы инфекцияны Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге жол бермеу бойынша профилактикалық шаралар қабылданды. Қазақстанның санитариялық-карантиндік пункттерінде (әуежай, теміржол, теңіз, автомобиль өту жолдары) аса қауіпті ауруларға күдікті науқасты мемлекеттік шекарада анықтау (әкелудің алдын алу) жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі. Жағдайды Денсаулық сақтау министрлігі тұрақты бақылауға алып отыр», — делінген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарламасында.
