Метка: виза

  • Қазақстан азаматтарына Үндістан визасы енді ақысыз беріледі

    Қазақстан азаматтарына Үндістан визасы енді ақысыз беріледі

    Үндістан үкіметі Қазақстан азаматтарына арналған визалық режимді жеңілдетті. Енді қазақстандықтар туристік, медициналық, сондай-ақ медициналық сүйемелдеу визаларын визалық алым төлемей ала алады, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Travel-ге сілтеме жасап.
    Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, азаматтарға 30 күнге дейінгі мерзімге визалар тегін беріледі. Тиісті шешім дереу күшіне енді.
    Министрлік хабарламасында бұл қадам екі ел арасындағы екіжақты байланыстарды нығайтуға және туристік алмасуды дамытуға бағытталғаны атап өтілген.
    Сонымен қатар, Үндістан азаматтары Қазақстан аумағында 14 күнге дейін визасыз бола алады.
    Визаны қалай рәсімдеуге болады
    Қазақстан азаматтары Үндістан визасын екі жолмен рәсімдей алады:
    •e-Visa онлайн жүйесі арқылы;
    •Үндістанның Астана мен Алматыдағы дипломатиялық өкілдіктерінде, сондай-ақ шетелдегі консулдықтарында қағаз форматта.
    Бұған дейін саяхатшылар онлайн-виза рәсімдеу кезінде сақ болуға шақырған. Сарапшылардың айтуынша, ресми сайтты көшіріп жасаған жалған платформалар кездеседі. Олар төлем қабылдағанымен, виза бермейді.
    Визалық режимді жеңілдету бойынша басқа елдер
    Айта кетейік, Қазақстан бірқатар елдермен визалық режимді жеңілдету жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, Израильмен визасыз режим енгізу мәселесі талқылануда. Бұл бағытта екі ел үкіметтері арасында ұлттық паспорт иелерін визадан босату туралы меморандумға қол қойылған.
    Сонымен қатар Қазақстан Еуропалық одақпен де визалық режимді жеңілдету мәселесін қарастыруда. ҚР СІМ мәліметінше, келіссөздер процесі басталып, алдағы айда екінші раунд өтеді.
  • Өтініш беруге болады, виза алу мүмкін емес: АҚШ Қазақстан азаматтарына иммиграциялық визаларды уақытша тоқтатты

    Өтініш беруге болады, виза алу мүмкін емес: АҚШ Қазақстан азаматтарына иммиграциялық визаларды уақытша тоқтатты

    АҚШ Мемлекеттік департаменті иммиграциялық визаларға қатысты ережелерді жаңартты: 2026 жылғы 21 қаңтардан бастап 75 елдің, соның ішінде Қазақстанның азаматтары үшін визаларды беру уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Travel-ге сілтеме жасап.

    Дегенмен, қазақстандықтар әлі де өтініш бере алады және сұхбаттан өте алады. Ерекше жағдай  қос азаматтығы бар адамдар, егер олар визаны тізімге кірмейтін елдің паспорты арқылы алса. Бұрын берілген визалар күшін жоймайды.

    Шектеу туристік визаларға қолданылмайды  тек иммиграциялық визаларға қатысты. Өтініш қаралған кезде консулдық қызметкерлер денсаулық, жас, ағылшын тілін білу, қаржылық жағдай және ұзақ мерзімді медициналық қызметке қажеттілік сияқты факторларды ескереді. Қартаң азаматтарға, артық салмаққа ие адамдарға және бұрын мемлекеттік көмек алған немесе мемлекеттік мекемелерде тұрған адамдарға виза берілуі мүмкін емес.

    Толық елдер тізімі АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми деректерінде жарияланған.

  • АҚШ Қазақстан азаматтарына виза беруді уақытша тоқтатуы мүмкін

    АҚШ Қазақстан азаматтарына виза беруді уақытша тоқтатуы мүмкін

    АҚШ Мемлекеттік департаменті тексеру рәсімдерін қайта қарау кезеңінде 75 елдің азаматтарына, оның ішінде Қазақстан азаматтарына виза беруді уақытша тоқтатады. Бұл туралы Sona.kz Fox News телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

    Телеарна мәліметінше, шешім 21 қаңтардан бастап күшіне еніп, белгісіз мерзімге дейін қолданылады. Тізімге Қазақстаннан бөлек Ресей, Ауғанстан, Сомали, Иран, Ирак, Мысыр, Нигерия, Таиланд, Йемен, Бразилия және өзге де елдер енгізілген.

    АҚШ билігі бұл шараны мемлекетке тәуелді болуы мүмкін тұлғалардың елге кіруін шектеу мақсатында қабылдағаны айтылған. Үміткерлерді бағалау кезінде денсаулық жағдайы, жасы, ағылшын тілін білу деңгейі, қаржылық ахуалы және ұзақ мерзімді медициналық күтімге мұқтаждық қаупі ескерілуі мүмкін.

    Материалда Қазақстандағы АҚШ консулдығы 2021 жылы кадр тапшылығына байланысты виза беруді уақытша тоқтатқаны да еске салынған.

    Бұған дейін АҚШ билігі иммиграциялық Diversity Visa бағдарламасын (грин-карта лотереясы) уақытша тоқтататынын хабарлаған. Бұл шешім Браун университетіндегі атыс оқиғасынан кейін қабылданған, күдікті аталған бағдарлама арқылы елге келген иммигрант болған.