Метка: ЮНЕСКО

  • Қобыз және киіз үй ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұра тізіміне енді

    Қобыз және киіз үй ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұра тізіміне енді

    Қобыз және киіз үй ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне ресми түрде енгізілді. Бұл шешім ұйымның Үкіметаралық комитетінің 20-сессиясында қабылданды.

    Бұл туралы Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева хабарлап, бұл күнді «тарихи оқиға» деп атады. Сонымен бірге ол дәстүрді сақтап, ұрпаққа жеткізіп жүрген шеберлер мен мамандарға алғыс білдірді.

    ЮНЕСКО тізіміне енгізу ұлттық мұраның халықаралық деңгейде танылуына, мәдени диалогтың кеңеюіне және дәстүрлі өнерді дамытуға серпін береді.

  • Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО тізіміне енбек

    Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО тізіміне енбек

    «Маңғыстау түбегінің жерасты мешіттері» ескерткіштері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілмек. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

    Өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай ИКОМОС техникалық бағалау миссиясының өкілдерімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында Бекет-ата, Қараман-ата, Шақпақ-ата, Шопан-ата және Сұлтан-епе мешіттерін халықаралық тізімге енгізу мәселесі талқыланды.

    Әкімдіктің мәліметінше, бұл ескерткіштер 2021 жылы ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген. Мәдениет және ақпарат министрлігінің жетекшілігімен ғылыми-жобалық құжаттама дайындалып, Париждегі штаб-пәтерге жолданған. Сондай-ақ қорғау аймақтары белгіленіп, ақпараттық тақтайшалар орнатылып, фото-бейнематериалдар әзірленген.

    Миссия құрамында халықаралық сарапшылар бар: Түркиядағы Улудаг университетінің профессоры, ИКОМОС сарапшысы Кывылджым Чоракбаш Фиген Балыкесир, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Дмитрий Воякин, «Қазреставрация» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Олжас Шәриязданов және мекеме сәулетшісі Ләззат Бейсебаева.

    «Маңғыстау – тарихы терең өлке. Мұнда жерасты мешіттері, көне некропольдер мен кесенелер бар. Бұл нысандарды ЮНЕСКО тізіміне енгізу халқымыздың тарихи-рухани құндылықтарын сақтауға әрі еліміздің мәдени және экономикалық дамуына серпін беруге мүмкіндік береді», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

  • 2026 жылы Қазақстанның 11 ескерткішін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланып отыр

    2026 жылы Қазақстанның 11 ескерткішін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланып отыр

    Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тарихи-мәдени мұраларды сақтауға жергілікті билік құлық танытпай отырғанын сынға алды.

    – Біз өз тарапымыздан жергілікті әкімдіктерге бірнеше рет хат жолдап, тарихи-мәдени мұраларымызды сақтауға қатысты ұсыныстарымызды жібердік. Алайда кейбір жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеге жіті назар аудармай отыр. Осы орайда, министрлік жүйелі шараларды қамтитын 3 бағыттағы жоспар жобасын жасап, мемлекеттік органдармен келісіп, Үкімет қарауына ұсынуға дайын, – деді Мәдениет министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

    Бұл жоспар жергілікті әрі халықаралық деңгейде әртүрлі жұмыстарды ұйымдастыруға негізделген. Ондағы бірінші бағыт – ЮНЕСКО қорғауындағы ескерткіштермен кешенді жұмыс жүргізу. Бұл бағытта басым мәселелер қатарына ЮНЕСКО стандарттарын сақтау, қорғалатын және заманауи буферлік аймақтарды мониторингілеу технологияларын енгізу, Бүкіләлемдік мұра тізіміндегі 3 номинацияны (10 ескерткіш) басқарудың менеджмент-жоспарын әзірлеу бар.

    – Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың қаңтарында ЮНЕСКО қарауына екі номинациялық құжат жолданды. Олар – «Маңғыстау жерасты мешіттері» және Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанмен бірлесіп дайындалған «Жібек жолы. Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясы. Халықаралық регламенттерді ескере отырып, 2026 жылы ЮНЕСКО тізіміне 11 жаңа қазақстандық ескерткішті енгізу мақсатында тиісті жұмыстар жүріп жатыр, – деді А. Балаева.

    Жақында ғана «Беташар» рәсімінің мәдени маңыздылығы халықаралық деңгейде танылды. Таяуда «Салбурын» мен «Алпамыс батыр» номинациялары бойынша құжаттар әзірленіп, ЮНЕСКО қарауына ұсынылды.

  • Беташар ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне енді

    Беташар ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне енді

    Қазақтың көне дәстүрі адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді.

    Парагвайда ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысы өткені жайлы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин хабарлады .

    «Парагвай астанасы Асунсьонда қазақтың ежелгі салттарының бірі «беташар» адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді»деп жазды Қарин.

    Еске сала кетейік, осы жылдың мамыр айында президент қазақтың екі дәстүрін мәдени мұралар тізіміне енгізуді жоспарланғаны жайлы мәлімдеген.

    «ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне біздің «салбурын» және «беташар» сияқты ұлттық дәстүрлерімізді енгізу мәселесі пысықталып жатыр», деп хабарлады Тоқаев.

    Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенция 2003 жылы қазанда Париж қаласында ЮНЕСКО-да қабылданған. Құжаттың негізгі мақсаты адамзаттың материалдық емес құндылықтарын зерттеу, оларды қорғау жөнінде шара қолдану және бұл мәселе бойынша халықаралық ынтымақтастық орнату.

  • Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды

    Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды

    •  ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

    Белгілі тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген алғашқы қазақстандық нысан және ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіштеріне жатады.

    Оның маңыздылығы мен тарихи-мәдени құндылығын ескере отырып, сондай-ақ оның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығын мемлекеттік қорғауға жататын объектілер тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдады, — делінген Үкіметтің мәліметінде.

    Нысанның қауіпсіздігін ішкі істер органдарының тиісті бөлімшелері қамтамасыз етеді.

    Кесене Түркістан қаласында түркі ақыны және сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи жерленген орында тұрғызылған.