Метка: Заң

  • Тоқаев банктер мен қаржы нарығы туралы заңдарға қол қойды

    Тоқаев банктер мен қаржы нарығы туралы заңдарға қол қойды

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы нарығын реттеу, байланыс және банкроттық мәселелеріне қатысты бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Sona.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Сонымен қатар, мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы банктер мен банктік қызмет туралы» заңға қол қойды. Бұл заң банктер жүйесінің негізгі қағидаларын, лицензиялау талаптарын, қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау тәртібін айқындайды.

    «Мемлекет басшысының қол қоюымен «Қаржы нарығын реттеу, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Заң мәтіні баспасөзде жарияланатын болады», – деп хабарлады Ақорда.

    Қабылданған заңдар ресми жарияланғаннан кейін күшіне енеді, бұл банктер мен қаржы ұйымдарына өз қызметін жаңартылған заң талаптарына сәйкес жүргізуге мүмкіндік береді.

  • Сенат медицина қызметкерлеріне зорлық үшін жазаны қатайту туралы заңды қабылдады

    Сенат медицина қызметкерлеріне зорлық үшін жазаны қатайту туралы заңды қабылдады

    Қазақстан Сенаты медицина қызметкерлеріне және жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты зорлық үшін жазаны қатайту туралы заңды мақұлдады. Құжат екі оқылымда қабылданып, Президенттің қол қоюына жіберілді.

    Заң Қылмыстық кодексті жаңа 380-3-баппен толықтырады: «Медицина қызметкеріне немесе жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне қатысты зорлық немесе қауіп төндіру».

    Қызметкерлерге қатысты қауіп төндіру үшін 200–500 МӘҚ көлемінде айыппұл, түзету жұмыстары, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе екі жылға дейінгі шектеу/бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ауырлататын жағдайларда  екіден үш жылға дейін.

    Денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмейтін зорлық үшін айыппұл 500–1 000 МӘҚ, түзету немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не екі–үш жылға дейінгі шектеу/бас бостандығынан айыру тағайындалады. Ауырлататын жағдайларда  үштен жеті жылға дейін.

    Денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін зорлық үшін бес–он жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, ауырлататын жағдайларда  жеті–он екі жыл.

    Сенат заңның медицина қызметкерлерін құқықтық қорғауды қамтамасыз ететінін, қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыратынын және медициналық қызмет сапасын арттыратынын атап өтті.

  • Астанада әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлерді заңсыз иемдену әрекеті әшкереленді

    Астанада әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлерді заңсыз иемдену әрекеті әшкереленді

    Қаржылық мониторинг агенттігі Сот әкімшілігінің ішкі қауіпсіздік бөлімшелерімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен әлеуметтік осал топтарға арналған пәтерлерді заңсыз иемдену дерегі бойынша тергеу бастады, деп хабарлайды Sona.kz АФМ- ге сілтеме жасап

    Тергеу материалдарына сәйкес, 2014–2016 жылдары «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған Байжуманов А. пайшылардың ақшасын жымқырудың ауқымды схемасын ұйымдастырған. Аталған қылмыстар үшін ол 8 жылға бас бостандығынан айырылған.

    Кейін Астана қаласы әкімдігінің есебінен тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, пәтерлердің бір бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға беруге арналған. Алайда түрмеден шыққан соң Байжуманов жаңа заңсыз әрекетке барған.

    Күдіктілер жалған құжаттарды артқа шегеріп рәсімдеу арқылы пәтерлерді заңсыз иемденгені анықталды. Нәтижесінде 80-нен астам «жалған үлескер» жәбірленуші ретінде танылып, уәкілетті ұйым арқылы 170 жылжымайтын мүлік нысанына заңсыз құқық алған.

    Тегін алынған пәтерлерді кейін үшінші тұлғаларға сату жоспарланған. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы құны 2,3 млрд теңгеден асатын тұрғын үйді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді.

    Күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасуда.

  • Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң күшіне енді

    Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң күшіне енді

    Қазақстан Президенті жасанды интеллектті реттеуге арналған заңға қол қойды. Бұл құжат ИИ саласындағы құқықтық қатынастарды анықтап, қауіпсіз және жауапты қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Sona.kz Ақордаға сілтеме жасап.

    Заңға сәйкес жасанды интеллект енді адамның нақты міндеттерді орындауына көмектесетін құрал ретінде танылады. ИИ-ді жасаушылар, иелері және пайдаланушылар жүйелерді пайдалану кезіндегі өз рөлдеріне байланысты жауапкершілік арқалайды. Сонымен қатар, тәуекелдерді басқару, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ету, пайдаланушыларға қолдау көрсету сияқты міндеттер белгіленді.

    Құжат ИИ қолдану саласындағы негізгі қағидаларды да бекітеді: заңдылық, әділдік, теңдік, ашықтық, түсініктілік, адамның еркін еркі мен әл-ауқатының басымдығы, деректерді қорғау және құпиялылық.

    Азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан аумағында манипуляцияға, адамның санасына қысым жасауға, сондай-ақ заңсыз деректер жинауға негізделген ИИ жүйелерін жасауға және пайдалануға тыйым салынады.

    Бұдан бөлек, жасанды интеллект қолданылған тауарлар, жұмыстар және қызметтер міндетті түрде арнайы маркировкадан өтеді.

    Заң шеңберінде ұлттық жасанды интеллект платформасының жұмыс істеуінің құқықтық негізі қалыптасты. Платформа ИИ модельдерін әзірлеу, оқыту және сынақтан өткізу үшін шектеулі уақытқа қолданылатын орталық алаң болмақ.

  • Жаңа заң жобасы: дәрігерлерге шабуыл жасағандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

    Жаңа заң жобасы: дәрігерлерге шабуыл жасағандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

    Қазақстанда ақ халаттыларға күш қолданғандарға қатысты жаза қатаңдатылмақ. Мәжілісте қаралып жатқан жаңа заң жобасында дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасағандар 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

    Депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, соңғы жылдары медицина қызметкерлеріне қол көтеру деректері жиілеген.

    «Кейде дәрігерлерді немесе жедел жәрдем жүргізушілерін ұрып-соғу жағдайлары орын алады. Сондықтан дәрігерлер өз қауіпсіздігіне алаңдап отыр. Біз ең алдымен жазаны қатаңдатуды ұсынып отырмыз», – деді депутат.

    Заң жобасында:
    • Егер дәрігерге денсаулығына нұқсан келтірмей күш қолданылса — 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 1 000 АЕК көлемінде айыппұл;
    • Ал ауыр жарақат келтірілсе — 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

    Аймағамбетовтің айтуынша, бұл шаралар ең алдымен дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерін қорғау мақсатында енгізілуде. Құжат бойынша жұмыс тобы құрылып, жақын арада Мәжілісте бірінші оқылымда қаралады.

  • ҚР ІІМ: Елімізде электрсамокат қолдану заңмен реттелмек

    ҚР ІІМ: Елімізде электрсамокат қолдану заңмен реттелмек

    Қазақстанда электрсамокаттарды пайдалануды заңнамалық деңгейде реттеу қажет. Бұл туралы Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха Мәжіліс кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамада кемшіліктер бар, сондықтан полиция әрқашан тиісті шара қолдана алмайды.

    «Осы маусым аясында депутаттық түзетулер енгізіледі. Бұл түзетулер заңнамадағы олқылықтарды жойып, жүргізушілерге де, полицейлерге де, басқа қатысушыларға да түсінікті ережелер қалыптастырады», — деді Лепеха.

    Сонымен қатар, электрсамокаттарға арнайы нөмір беру мәселесі қарастырылып жатыр.

    «Бұл мемлекеттік тіркеу емес, бірақ идентификациялау үшін белгі енгізу талқылануда. Бұған дейін каршеринг компаниялары саябақтар мен тротуарларда жылдамдықты өздері шектейміз деп уәде еткен еді. Өкінішке қарай, ол жүзеге аспады. Сондықтан, енді мұның бәрін заңнамалық деңгейде шектеуге тура келеді», — деп қосты вице-министр.

    Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында электрсамокаттардың қауіптілігіне арнайы тоқталған болатын.

  • Елімізде жемқорлардың жария тізімі пайда болады

    Елімізде жемқорлардың жария тізімі пайда болады

    Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады.

    Тиісті заң жобасымен 3 кодекс пен 5 заңға түзетулер енгізіліп отыр. Түзетулердің басым бөлігі жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған.

    «Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу. Бұл – профилактикалық құрал. Оның басты мақсаты – қоғамдық мін тағумен, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру. Тізілімде ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер қамтылатын болады. Соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі тізілімге енгізуге негіз болмақ. Тізілімінен ақтау үкімінің заңды күшіне енуі және соттылықтың өтелуі негізінде шығару мүмкін болады. Тізілім Агенттіктің сайтында орналастырылатын болады. Тізілімді жүргізуді Агенттікке бекіту көзделіп отыр», — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.

    Бұл заң қабылданған жағдайда тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібі бекітілетін болады. Тізімде жемқорлардың аты-жөні, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған уақыттағы жұмыс орны мен лауазымы, жемқорлық қылмыс құрамы, айыптау үкімінің деректемелері және тағайындалған жаза түрі көрсетілуі мүмкін.

  • Мопедті тіркеуге арналған құжаттар тізімі жарияланды

    Мопедті тіркеуге арналған құжаттар тізімі жарияланды

    Енді әрбір қазақстандық мопедті тіркеуге міндетті. Ол үшін қандай құжат керек? Ішкі істер министрлігі тізімді жариялады. Яғни, 5 құжаттар керек.

    • жеке басты куәландыратын құжатты (жеке басты сәйкестендіру үшін) немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық нысанда;
    • Салық кодексінінің 553 және 615-баптарында көзделген тіркеу алымымен КҚТК, МТНБ бергені үшін мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжаттарды;
    • бар болған жағдайда техникалық құжатты немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы ашық ақпараттық көздерден алынған  мәліметті; иесінің өтінішін;
    • көлік құралын қарап тексеру актісін (көлік құралын бастапқы тіркеу кезінде).

    Осы құжаттар болған жағдайда мопедті тіркей аласыз. Естеріңізге сала кетейік, мопедті тіркеуге осы көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуы себеп болды.  Заңға өзгеріс енегізілді. Оған сәйкес, мопедтерді тіркеуге арналған құжаттар тізімі белгіленді. Айта кетейік, мәселен Алматының өзінде жыл басынан бері мопедтің қатысумен 350-ден аса жол-көлік оқғасы тіркелген. 364 адам зардап шегіп, 6 адам көз жұмған.

     

     

  • Интернет-дүкендердің тілі қазақшаға аударылады

    Интернет-дүкендердің тілі қазақшаға аударылады

    Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев кәсіпкерлерге электронды сауда алаңдарын қазақшалау талабы қойылғанын хабарлады.

    Мәжілістің 3-ші сессиясының отырысында депутаттар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы қарады. Сауда министрінің сөзінше, электронды сауда алаңдары қазақшаланып, тұтынушыларға ана тілімізде қызмет көрсетуге міндеттеледі.

    «Депутаттардың көмегімен заңға жаңа новеллалар енгіздік. Ол электронды сауда алаңдарына қатысты. Біз бақылау шараларын өткізетін кезде платформаларды тексеретін боламыз. Тағы бір маңызды тұсы қазақ тілі мәселесі. Ақпарат ретінде айта кетейін, бізде 6 ірі электронды сауда алаңы бар. Kaspi, Ozon, Wildberries, Alibaba сияқты ірі маркетплейстер мен басқа да 41 электронды сауда алаңдарын жинап, оларға қазақ тілінде қызмет көрсету туралы талап қойдық. Қазір байқасаңыздар Kaspi, Wildberries, Колесо болсын қазақ тілді қызмет тетігін іске қосқан»,– деді министр. 

    Сондай-ақ ол кемшіліктер мен шағымдардың көп екеніне де тоқталды. 2023 жылы маркетплейстерге түскен шағымдар 15%-ға, ал биыл небәрі 6 ай ішінде 25%-ға күрт өскен.

    Министр төрт жыл бұрын енгізілген тұтынушылар құқығы туралы қолданыстағы заң қазіргі жағдайға сай емес екенін алға тартты. Ал бұл заң жобасын әзірлеу барысында ТМД елдерінің, Германия, Польша, Түркия және басқа да елдердің тәжірибесі зерттелген.

     Заңға мынадай негізгі өзгерістер ұсынылды:

     1. Дауларды шешу тәртібін жеңілдету. Азаматтық-құқұқтық тұтұнушылық дауларды шешу тәртібі көп сатыдан екі сатыға дейін жеңілдетіледі.

    2. Заңның қолданылу аясын кеңейту. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» туралы заңның базалық қағидаттары салалық реттеу мен осы салалардағы тиісті мемлекеттік органдардың құзыретін сақтай отырып, қаржылық қызметтерден басқа, барлық қызмет көрсету салаларына қолданылатын болады.

    3. Тұтұнушылардың белгіленген және белгіленбеген тобы туралы ұғымдар. Омбудсмен мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктер тұтынушылардың белгіленбеген тобына қатысты, сотқа талап қою құқығына ие болады.

    4.  Кәсіпкерлердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі. Егер тұтынушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілмесе, тұтынушының пайдасына азаматтық процесте сот өндіріп алатын айыппұл түрінде кәсіпкердің азаматтық құқықтық жауапкершілігі енгізіледі.

    5. Онлайн саудада тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту бойынша түзетулер ұсынылады.

    6. Институционалды нығайту. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институты енгізілуде. Ол мемлекеттік органдардың стратегиялық серіктесіне айналады және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жүйелі проблемаларды анықтауға көмектеседі.

    Мәжіліс «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» туралы заң жобасының жаңа редакциясын және оған ілеспе заң жобасын мақұлдады.

     

  • Президент: Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет

    Президент: Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында Қазақстанға Банктер туралы жаңа заң қажеттігін айтты.

    «Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Мемлекет басшысы ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет деді.  

    «Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Мемлекет басшысы халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосатынын жеткізді.

    «Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным. Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды», — екеніне тоқталды Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатырқанын сынға алды.

    «Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр.  Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиіс», — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Айта кетейік, дәл қазір Президенттің халыққа жолдауы өтіп жатыр.  Жолдау телеарна эфирлерінде тікелей көрсетілуде.