Метка: заңсыз сауда

  • Қонаевта заңсыз сауда айналымына түскен тауарлар жойылды

    Қонаевта заңсыз сауда айналымына түскен тауарлар жойылды

    Қонаев қаласы әкімдігінің мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің мамандары сауда айналымына заңсыз түскен тауарларды жойды.

    Бұл тауарды «Іле ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімі» мемлекеттік сот орындаушылары тәркілеп, шара қолдану үшін әкімдікке жіберген.

    Тауардың тізімі келесідей:
    1. Акцизделмеген 4 тоннадан астам алкогольдік өнімдер;
    2. бір тоннадан астам Қытайда өндірілген белсенді биологиялық қоспалар;
    3. акцизделмеген 80 қорап темекі өнімдері.

    Мүлікті жою кезінде барлық комиссия мүшелері (СЭББ, МКБ, кәсіпкерлік бөлімі, депутаттар, қоғамдық ұйым өкілдері) қатысты. Тауарлар қоқыс полигонына жеткізіліп, ауыр техникамен жарамсыз етілді.

  • Қонаевта заңсыз саудамен күресудің жаңа тетігі пайдаланылмақ

    Қонаевта заңсыз саудамен күресудің жаңа тетігі пайдаланылмақ

    Саудагерлер әкімнен күнкөріс көзінен айырмауды сұрады. Шаһар басшысы болса, әкімдіктің ұстанымын түсіндіріп, оларға бірнеше талап қойды.

    «Бұған дейін сіздерге «Айша сити» базарында 6 ай, «Жетісу» базарында 3 ай тегін орындарды дайындап бердік. Тұтынушы аз болатынын алға тартып, бармадыңыздар. Қазір қала үлкейіп, күннен-күнге дамып келеді. Мәселені бір жағына шығаруымыз керек. Абаттандырылып, әдемі болып тұрған көшенің келбетін заңсыз сауда орындары бұзып тұрғанын бәріміз түсінуіміз қажет», — деді Асхат Бердіханов.

    Сонымен қатар ол тұрғындардан жиі шағым түсетінін атап өтті.

    «Тұрғындар аулада сауда жасайтындар қоқыстарын тастап кететінін, аяқ алып жүре алмайтындай жағдай туғанын айтып, жиі шағымданады. Сіздердің қамдарыңызды ойлап, проблемаға біржақты қарауға болмайды», — деді шаһар басшысы.

    Әкім түйткілді тарқату үшін «Айша сити» базарының алдына дүңгіршектер қойылатынын айтты.

    «Әкімдік барлық тұрғынның қамын ойлайды. Сол үшін сіздерді тыңдай келе, базардың алдынан дүңгіршектер орнатуды жөн көріп отырмын. Бірақ, бизнес орындары қойылғанда сіздер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеп, жұмыс жасауларыңыз қажет», — деді әкім.

    Содан кейін ол «Айша сити» базарын аралап шықты. Базар басшылығына жаңадан салынып жатқан нысанды бірыңғай дизайн-кодқа сәйкес етіп жасауды тапсырды. Ал сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлік бөлімдерінің басшыларына сауда орындарын қою үшін тез арада құжаттарды рәсімдеуді жүктеді.