Метка: заңсыз

  • ҚМА: ШҚО заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша тергеуді аяқтады

    ҚМА: ШҚО заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша тергеуді аяқтады

    Компанияның лицензиясы тек геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ғана құқық берген, ал өнеркәсіптік көлемде кен өндіруге рұқсат болмаған, деп хабарлайды Sona.kz afm_rk-ға сілтеме жасап.

    Алайда іс жүзінде темір құрамды тау жынысын өндіру, оны қайта өңдеу, жинақтау және ішкі нарықта, сондай-ақ Қытай Халық Республикасына өткізу жұмыстары жүргізілген.

    Ауыр арнайы техниканы қолдану қоршаған ортаға теріс әсер етіп, жер бедерінің табиғи қалпының бұзылуына және жердің тозуына әкеп соққан.

    Заңсыз өндірілген өнімнің жалпы көлемі 70 мың тоннадан асқан.
    Алынған қылмыстық табыс сомасы 1 млрд теңгеден жоғары.

    Аталған қаражатқа күдіктілер жылжымалы және жылжымайтын мүлік: бизнес-орталық, Алматы қаласындағы пәтер, «LAND ROVER RANGE ROVER» маркалы автокөлік, 2 автотұрақ орны және 2 жер телім сатып алған.

    Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.

    Айта кетейік, бұған дейін Департамент Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы аумағындағы «Шыбынды» және Самар ауданының «Кенкарын» учаскелерінде ауыр арнайы техника мен өнеркәсіптік жабдықтарды пайдалана отырып алтынды заңсыз өндірумен айналысқан екі қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан.

    Аталған заңсыз әрекеттер орман алқаптарының кесілуіне, өзен арналарының өзгеруіне және топырақтың құнарлы қабатының жойылуына әкеліп, экологияға елеулі зиян келтірген.

    Заңсыз кен өндіруді тоқтату табиғи ортаның одан әрі бүлінуінің алдын алып, өңірдің экологиялық қауіпсіздігіне төнген қатерді жоюға мүмкіндік берді.

  • СҚО-да egov қызметкерлері заңсыз ЖСН жасаған

    СҚО-да egov қызметкерлері заңсыз ЖСН жасаған

    Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) беру кезінде заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Sona.kz облыс прокуратурасының ресми сайтына сілтеме жасап.

    Талдау барысында «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының СҚО филиалы 720 шетелдікке олардың Қазақстан аумағында болмағанына қарамастан ЖСН рәсімдегені белгілі болды.

    Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кінәлілер заң алдында жауапқа тартылды. Сонымен бірге заңсыз берілген ЖСН-дарды жою шаралары жүргізілуде.

    Бұдан бөлек, 3 шілдеде Петропавл қаласы мен М.Жұмабаев ауданының полиция органдары ҚР ҚК-нің 206-бабы 2-бөлігі («Ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

    Іс облыс прокуратурасының бақылауында.

  • Жетісу облысында балаларды заңсыз діни кітаптармен оқытқан ұйымдар анықталды

    Жетісу облысында балаларды заңсыз діни кітаптармен оқытқан ұйымдар анықталды

    Жетісу облысында полицейлер жедел-алдын алу іс-шарасы барысында «Жетісу» және «Нұрелана» атты жекеменшік қайырымдылық мекемелерін әшкереледі. Бұл жерлерде кәмелетке толмаған балалар күмәнді мазмұндағы діни кітаптармен заңсыз оқытылғаны анықталды, деп хабарлайды Sona.kz ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Полиция мұндай әрекеттер экстремистік ағымдардың пайда болуына әкелуі мүмкін екенін және қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретінін атап өтті. Ведомство алдағы уақытта да осындай заңсыз фактілерді анықтау жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді.

    Жетісу облысының тұрғындарына кәмелетке толмағандарды заңсыз діни оқыту деректері белгілі болса, құқық қорғау органдарына хабарласу ұсынылады.

  • Қостанайда заңсыз такси жүргізушісі 41 мың теңге айыппұл төледі

    Қостанайда заңсыз такси жүргізушісі 41 мың теңге айыппұл төледі

    Қостанай облысында жолаушыларды заңсыз тасымалдаған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Sona.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    2025 жылғы 16 шілдеде Пригородное ауылында полиция қызметкерлері Toyota автокөлігін тоқтатқан. Көлікте төрт жолаушы болған, олардың бірі Жітіқара – Қостанай бағытына бару үшін 5000 теңге төлегенін растаған.

    Сот жүргізушінің жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегенін және қызметі туралы хабарлама бермегенін анықтады. Осыған байланысты оған 15 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 30% жеңілдікпен 41 286 теңге төлеу міндеттелді.

    Көлікті тәркілеу шарасы қолданылмады. Сот қаулысы заңды күшіне енді.