Метка: Зауыт

  • Сенат және Мәжіліс депутаттары Қонаевтағы зауыттың жұмысымен танысты

    Сенат және Мәжіліс депутаттары Қонаевтағы зауыттың жұмысымен танысты

    Қонаев қаласына сапармен Сенат депутаттары Жанболат Жөргенбаев, Закиржан Кузиев және Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Ардақ Назаров келді. Олар былтыр ғана ашылған «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

    Мұнда құрама жем, ұн, сұйық май өндіріледі. Зауыттың логистикасы жолға қойылған, теміржол арқылы дайын өнім бірден экспортқа жіберіледі. Жалпы кәсіпорынның қуаттылығы жылына 1 млн тонна өнім шығаруға жеткілікті.

    Зауытта 200-ден астам жаңа жұмыс орыны құрылды. Өндіріс ошағы заманауи станоктармен жабдықталған. Қажетті қап та осында өндіріледі.

    Ал тартылған инвестиция көлемі – 15 млрд теңге.

    «Мұндай өндіріс орындарының іске қосылуы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға серпін беріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашады. «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС сынды кәсіпорындар жергілікті шаруаларды тұрақты өткізу нарығымен қамтамасыз етуде», – дейді депутаттар.

    Сондай-ақ олар осындай өнеркәсіп орындарының көптеп салынуы мен инвестиция көлемінің артуы ел экономикасының тұрақты өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететінін атап өтті.

  • Қонаевта жыл соңына дейін екі зауыт ашылады

    Қонаевта жыл соңына дейін екі зауыт ашылады

    Қонаев қаласында биылдың соңына дейін екі жаңа зауыт іске қосылады.

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі әкімдерге инвестиция тарту және өнеркәсіп орындарын көбейту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытта Қонаев қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

    Облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері қалаға 308,8 млрд теңге инвестиция құйылды. Оның нәтижесінде «Оспанова Девелопмент» балық өңдеу зауыты ашылып, үш түрлі өнім шығаратын зауыт жаңғыртылды. Сонымен бірге қонақ үйлер мен демалыс аймақтары салынып, жаңа жұмыс орындары құрылуда.

    Ресми деректерге сәйкес, Қонаевтың инвестициялық портфелінде 2024–2030 жылдары жүзеге асатын 39 жоба бар. Оның 11-і туризм саласына бағытталған. Жалпы құны 2,4 трлн теңгеге бағаланған бұл жобалар іске асса, 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

    Қала әкімі Асхат Бердіхановтың айтуынша, жыл соңына дейін «Run Planet» сусын шығаратын зауыт пен «Қапшағай бидай өнімдері» май, құрама жем және ұн өндіретін кәсіпорны іске қосылады.

    2026 жылы әлеуметтік маңызы бар нысан – 48 орындық кардиологиялық орталық ашылмақ. Жоба құны – 1,5 млрд теңге. Орталық заманауи диагностикалық құрылғылармен және ота жасау кабинеттерімен жабдықталмақ.

    Қазір қалада 12 өндіріс орны жұмыс істеп тұр. Олар өңір құрылғаннан бері 410,2 млрд теңгенің өнімін шығарған.

  • 8 млрд. теңге инвестиция, Қытайға экспорт: Қонаевта жаңа зауыт салынуда

    8 млрд. теңге инвестиция, Қытайға экспорт: Қонаевта жаңа зауыт салынуда

    Мұндағы ескі станоктар түгелдей ауыстырылып, үш түрлі зауыт салынып жатыр. Оның бірі сұйық май шығаратын болса, келесілері жемдік ұн мен ұн өндіретін зауыт.

    Дайын өнім Қазақстанның нарығында саудаланып қана қоймай, Қытайға экспортталады. Тартылған инвестицияның көлемі 8 млрд. теңгені құрап отыр.

    «Бүгінде теміржол ауыстырылып, контейнер терминалы, қоймалар, зауыттар салынып жатыр. Құрылысқа 200-ге жуық адам тартылған. Сондай-ақ 2 гектар жер қосымша сатып алынды. Жобасы жасалуда. Зауыт биыл қолданысқа беріледі. Жылына 1 000 000 тонна өнім экспортқа шығарылады деп жоспарлап отырмыз», — деді ЖШС бас директорының орынбасары Ринат Тоқпанов.

    Зауыт керекті материалдармен өзін-өзі қамти алады. 2-3-қабаттарда қап шығаратын станоктар қойылған. Қазір бұл жерде 250 адам еңбек етіп жатса, қосымша 300 жұмыс орны құрылады.

    Айта кетейік, Қонаев қаласының инвестициялық пулына 39 жоба енгізілген. Инвестицияның жалпы көлемі 2,4 трлн.теңгені құрайды. Нәтижесінде 17 000 тұрақты жұмыс орны пайда болады. Қазір шаһарда 12 түрлі өндіріс ошағы қызмет етеді.

  • Жетісу облысында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын зауыт құрылысы басталды

    Жетісу облысында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын зауыт құрылысы басталды

    Жетісу облысында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын зауыт құрылысы басталды. Кәсіпорын «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасатын болады. Жел генераторлары зауытының өндірістік қуаты жылына 2 ГВт генерацияны құрайды, сонымен бірге энергияны жинақтау жүйелерін шығару қуаты жылына 1 ГВт болады.  Инвестиция көлемі 40 млн  АҚШ долларын құрайды, 300 жаңа жұмыс орны құрылады.

    Инвестициялық жоба жаңартылатын энергетика саласындағы көшбасшылардың бірі болып табылатын «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС мен қытайлық «Envision Energy» компаниясы арасындағы әріптестік бойынша іске асырылуда. Кәсіпорын жыл сайын жел генераторларының 250 жиынтығын және энергияны жинақтау жүйелерінің 100 жиынтығын шығарады деп жоспарлануда.

    Капсула салу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов өңірдің экономикалық өсуінің маңызды нүктелерінің бірі ретінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын дамытуға баса назар аударды.

      – Қытайдан ТМД елдеріне, Еуропа мен Азияға шығатын маңызды бағыттардың қиылысында облыстың экономикалық өсу нүктесінің бірі – Қорғас торабы орналасқан. Қорғас торабының маңызды, әрі инвесторлар  үшін тартымды элементі – «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы болып табылады. Бүгінгі таңда еркін экономикалық аймаққа қатысушылардың бірыңғай тізілімінде жалпы құны 907 млрд. теңге болатын жобалары бар 68 қатысушы тіркелген. 2030 жылға дейін 5 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 47 жобаны іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, бүгінгі таңда АЭА аумағында 51 млрд. теңгеден астам сомаға 21 жоба іске асырылды. Бүгін ішкі нарықты да, экспортқа шығуды да қамтамасыз етуге бағдарланған жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын заманауи зауыттың құрылысы басталды, бұл мемлекет пен бизнестің тиімді бірлескен жұмысының айқын нәтижесі болып табылады, – деп түйіндеді Ә. Қанағатов.

    Өз тарапынан «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Идрисов кәсіпорынның іске қосылуы жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерінің өндірісін жолға қоюға ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті, бұл кешенде еліміздегі «жасыл» энергетиканың дамуына, экологияның жақсаруына және жалпы экономикалық дамуға оң әсер етеді.

    – Бұл жобаны іске қосу импортқа тәуелділікті қысқартуға, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, жұмыс орындарын құруға, экспорттық мүмкіндіктерді ашуға және елдің болашағына үлес қоса отырып, төмен көміртекті экономикаға көшуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте өндірістің бастапқы кезеңінде қазақстандық қамту үлесі 30% -ды құрайды, ал болашақта кезең-кезеңімен 90% — ға жеткізіледі, – деді Д. Идрисов.

  • Қазақстанда жүк көлігін шығаратын зауыт ашылады

    Қазақстанда жүк көлігін шығаратын зауыт ашылады

    Қазақстан-Қытай дөңгелек үстелі барысында қытайлық және қазақстандық компаниялар арасында Қазақстанда жүк көлігін шығару бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

    «Бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды. «Саран» индустриялық аймағының базасында жүк және коммерциялық техника өндіретін жаңа зауыт салынады. Жаңа кәсіпорын құру бізге қосымша 1,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз жаңа технологияларды аламыз, дәнекерлеу, катафорез, бояу және шағын торапты құрастыру үшін заманауи жабдықтар сатып алынады. Жас инженерлер Қытайда қолданылатын жаңа дағдыларды игеруге мүмкіндік алады», – деді бірлескен жобаның жетекшісі Арғұлан Майқонов.

    Осыған дейін Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Кездесу нәтижесінде жалпы сомасы 2,5 млрд долларды құрайтын 8 коммерциялық келісімге қол қойылды.