Метка: зейнетақы жинақтары

  • Зейнетақы жанжалы: елде жүзден аса стоматологиялық клиника жабылды

    Зейнетақы жанжалы: елде жүзден аса стоматологиялық клиника жабылды

    Қазақстанда стоматологиялық клиникаларға жүргізіліп жатқан жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 140-тан астам медициналық ұйымның қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап

    Ведомствоның мәліметінше, ел бойынша барлығы 456 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. 5 ақпандағы жағдай бойынша 313 тексеру аяқталған, тоғыз тексеру тіркеу сатысында болған, бір тексеру жалғасып жатыр.

    Тексеру нәтижесінде 143 стоматологиялық клиника өз жұмысын тоқтатты. Ең көп жабылған мекемелер Атырау облысында тіркелген  54 клиника. Алматыда 26, Ақтөбе облысында 12, Астанада 11, Қызылорда облысында 10 стоматологияның қызметі тоқтатылған.

    Тексерулер қорытындысы бойынша 476 әкімшілік хаттама толтырылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 75 миллион теңгені құрады.

    Заңсыз медициналық немесе фармацевтикалық қызмет үшін 140 хаттама жасалып, 3,1 миллион теңге айыппұл салынды. Лицензиялау талаптарын бұзу бойынша 62 хаттама рәсімделіп, 8,6 миллион теңге өндірілді.

    Сонымен қатар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы заңбұзушылықтар бойынша 84 хаттама толтырылып, 19,3 миллион теңге айыппұл салынған. Медициналық көмек көрсету стандарттарын өрескел бұзу бойынша 70 хаттама тіркелді.

    Бұдан бөлек, тіркелмеген немесе қолдануға тыйым салынған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды пайдалану және айналымға енгізудің 13 фактісі анықталып, 6,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

    Тексерулерге зейнетақы қаражатын заңсыз пайдалану фактілері себеп болды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, стоматологиялық қызметтерді төлеу сылтауымен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан шамамен 200 миллиард теңге негізсіз шығарылған. Осыған байланысты 15 қыркүйектен бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге пайдалану үшін өтінім қабылдау тоқтатылды.

  • Зейнетақы жинақтарымен ипотеканы өтеу: Отбасы банк өтінімдерді бір айға тоқтатады

    Зейнетақы жинақтарымен ипотеканы өтеу: Отбасы банк өтінімдерді бір айға тоқтатады

    Отбасы банк тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) ипотекалық қарыздарды ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеуге пайдалану бойынша өтінімдерді уақытша тоқтататылады, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, ережелерде «қарыз» ұғымы «негізгі қарыз» терминіне ауыстырылды. Бұл зейнетақы жинақтарын енді тек несие бойынша негізгі қарызды өтеуге пайдалануға болатынын білдіреді. Ал пайыздар мен өзге де қосымша төлемдерді қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс.

    Банк болашақта мерзімінен бұрын өтеу процесі екі кезеңнен тұратынын түсіндірді: алдымен қарыз алушы сыйақы мен қосымша төлемдерді өз қаражатымен өтейді, содан кейін негізгі қарыз зейнетақы жинақтары есебінен жабылады. Ол үшін Отбасы банктегі ағымдағы және арнайы шоттарда қаражат болуы қажет.

    Осы өзгерістерге байланысты enpf-otbasy.kz платформасында өтінім қабылдау 2026 жылғы 30-нан 31 қаңтарға қараған түннен бастап 2 наурызға дейін тоқтатылады. Бұл банк сервистерін жаңа талаптарға бейімдеу қажеттілігімен байланысты.

    Банк 30 қаңтарға дейін берілген өтінімдер бұрынғы ережелер бойынша өңделетінін атап өтті. Ал зейнетақы жинақтарын сұрату тәртібі өзгермейді. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған зейнетақы қаражатын пайдаланудың өзге мақсаттары бойынша өзгерістер қарастырылмайды.

  • ҚМА зейнетақы жинақтарын тіс клиникалары арқылы заңсыз шығару фактісін тергеп жатыр

    ҚМА зейнетақы жинақтарын тіс клиникалары арқылы заңсыз шығару фактісін тергеп жатыр

    Қаржылық мониторинг агенттігі стоматологиялық клиникалардың басшылары мен басқа тұлғаларға қатысты азаматтардың «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ зейнетақы қаражатын заңсыз шығару деректері бойынша тергеу жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды Sona.kz afm.rk-ға сілтеме жасап.

    Ведомство мәліметінше, зейнетақы жинақтары тіс қызметтері көрсетілуі жөнінде ресми келісімшарттар жасалып, кейін жалған медициналық құжаттар ұсынылуы арқылы шығарылған. Көрсетілген көмегі үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10%-нан 20%-ына дейін заңсыз сыйақы алған.

    Қылмыстық схемаға 42 стоматологиялық клиника қатысқан. Жалпы заңсыз шығарылған қаражат көлемі 200 млрд теңгеден асады. Күдіктілер қылмыстық кірістерге элиталық жылжымайтын және қозғалмалы мүлікті сатып алып, сондай-ақ жаңа клиникаларды ашқан, оларды үшінші тұлғаларға рәсімдеп, мүлікті жасыруға тырысқан.

    Қазіргі уақытта 11 күдікті екі ай мерзімге қамауға алынып, 3 адам үй қамауына алынған. Сонымен қатар, кейбір дәрігерлер жүйелі заңсыз сыйақылар үшін жалған дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындыларын берген, ал күдіктілерден алынған қаражат көлемі 30 млн теңгеге жеткен.

    Осы фактілер бойынша бірқатар сотқа дейінгі тергеу ісі басталған. Агенттік азаматтар өз зейнетақы жинақтарын алған жағдайда, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын атап өтті.

    Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат жарияланбайды.

  • Қазақстандықтар көз емдеуге зейнетақы жинақтарын жаппай жұмсай бастады

    Қазақстандықтар көз емдеуге зейнетақы жинақтарын жаппай жұмсай бастады

    Қазақстанда көз ауруларын емдеуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдеріне өтінімдер саны рекордтық деңгейге жетті, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz — ке сілтеме жасап.

    2025 жылғы қазан айында 15,4 мың өтінім орындалды, жалпы сома 13,3 млрд теңге болды. Бұл қыркүйекпен салыстырғанда он есе көп. Сарапшылар мұны стоматологиялық қызметтерге төлем жасауға тыйым салумен байланыстырады.

    Бюро деректеріне сәйкес, офтальмологиялық қызметке өтінімдер саны қаңтар–тамыз аралығындағы орташа көрсеткіштен 73 есе өскен. Қыркүйекке дейін көз емдеуге берілген жалпы өтінім саны қазан айындағы көрсеткішпен шамалас болған.

    Қазан айында сондай-ақ 730 млн теңге сомасына 901 өтінім қайтарылған. Бұл — айдағы жалпы орындалған өтінімдердің шамамен 6 пайызы.

    Сонымен қатар, тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған өтінімдер саны да тұрақты өсуде — 138,4 мың өтінім (+7%) жалпы 79,9 млрд теңгеге (+9%).

    Бұған дейін Отбасы банк жалған құжаттар мен мақсатсыз пайдалану жағдайлары көбейгендіктен, мұндай өтінімдерді қабылдауды уақытша тоқтатқан еді.