Метка: Зейнетақы

  • Зейнетақы жүйесіне қатысты ұсыныстар қаралуда — Еңбек министрлігі

    Зейнетақы жүйесіне қатысты ұсыныстар қаралуда — Еңбек министрлігі

    Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесіндегі ықтимал өзгерістерге қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта реформалау бойынша нақты шешімдер қабылданбаған, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Министрлікте зейнетақы жүйесін дамытуға қатысты барлық ұсыныстар кешенді түрде қаралып жатқанын хабарлады. Бұл жұмыс қаржы реттеушілерімен және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бірлесіп, халықаралық тәжірибе мен жүйенің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету міндеттерін ескере отырып жүргізілуде.

    Ведомство қолданыстағы зейнетақы жүйесі үш құрамдас бөліктен тұратынын еске салды: ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақы.

    Ынтымақты зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі негізінде тағайындалады. Базалық зейнетақы зейнет жасына жеткен барлық азаматтарға беріледі және жүйеге қатысу өтіліне байланысты. Ал жинақтаушы зейнетақы міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті жарналар есебінен қалыптасады.

    Министрлікте сондай-ақ Парламент Сенаты депутаттарының ұсыныстары қаралып жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, Амангельды Нугманов ұсынған еңбек өтілі жеткілікті болған жағдайда зейнетке шығу және мүгедектік белгілемей денсаулық жағдайына байланысты мерзімінен бұрын зейнетке шығу бастамалары талқылануда.

    Ведомство кез келген өзгерістер зейнетақы жүйесінің базалық қағидаттарына әсер ететіндіктен, жан-жақты талдау мен актуарлық бағалауды талап ететінін атап өтті.

    Бұған дейін Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидалары кеңейтілгені хабарланған болатын. Тиісті өзгерістер 2026 жылғы 17 сәуірден бастап күшіне енеді.

    Сонымен қатар министрлік зейнетақы жинақтарын алу үшін жеткіліктілік шегін есептеу тәсіліне енгізілетін өзгерістерге қатысты да түсініктеме берген.

  • Жұмыс істемейтін әкелердің бала күтімі зейнетақы өтіліне есептеледі

    Жұмыс істемейтін әкелердің бала күтімі зейнетақы өтіліне есептеледі

    Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі ата-аналардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын кеңейтуге бағытталған заңнамалық түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Атап айтқанда, енді кәмелетке толмаған балаларға нақты күтім жасаған жұмыс істемейтін әкелердің бұл кезеңі жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептелетін болады.

    Тиісті өзгерістер Конституциялық соттың нормативтік қаулысын іске асыру аясында Әлеуметтік кодекске енгізіледі.

    Бұған дейін мұндай норма негізінен аналарға қатысты қолданылып келген, ал жаңа түзетулер әкелерге де тең құқық беруді көздейді.

    Сонымен қатар депутаттардың ұсынысымен жалғызбасты ата-аналарды жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға тыйым салу нормасы енгізіледі.

    Осы мақсатта еңбек заңнамасындағы «жалғызбасты аналар» ұғымы «жалғызбасты ата-ана» терминімен ауыстырылады.

    Бұл өзгерістер балаларды өз бетінше тәрбиелеп отырған ата-аналардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

    Қабылданған заң жобасы әрі қарай қарау үшін Парламент Сенатына жолданады.

  • 2026 жылы Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақылар өседі: есептеу мысалдары

    2026 жылы Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақылар өседі: есептеу мысалдары

    2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, сондай-ақ базалық және ынтымақты зейнетақылар 10 пайызға индексацияланады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Тиісті шара 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда Ұлттық банктің болжамды инфляциясын ескере отырып қарастырылған, деп хабарлайды  Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Жаңа көрсеткіштерге сәйкес, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені құрайды, бұл күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең. Базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері 110 пайыздан 118 пайызға дейін өсіп, 60 005 теңгеге жетеді.

    Министрлік есептеу мысалын келтірді. 2019 жылы зейнетке шыққан, жасы 70-тегі зейнеткер 2025 жылы жалпы 171 588 теңге алған, оның ішінде 50 851 теңге  базалық, 120 737 теңге  ынтымақты зейнетақы. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап оның жалпы зейнетақысы 192 816 теңгеге дейін өседі: базалық зейнетақы  60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы  132 811 теңге. Аталған сомаға БЖЗҚ-дан төленетін қаражат кірмейді.

    Сонымен қатар мемлекеттік жәрдемақылар да ұлғаяды. Бірінші, екінші және үшінші бала дүниеге келгенде төленетін біржолғы жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін өседі. Төртінші және одан кейінгі балаларға төленетін жәрдемақы 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін ұлғаяды.

    Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар да индексацияланады. Төрт баласы бар отбасылар үшін төлем 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін, ал он баласы бар отбасылар үшін 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін өседі.

    Мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақылар да 10 пайызға артады. I топтағы мүгедектер үшін  111 872 теңге, II топ үшін  89 498 теңге, III топ үшін  61 021 теңге болады.

    Сондай-ақ еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер де көбейтіледі. Бұл төлемдердің мөлшері соңғы екі жылдағы орташа табысқа және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі.

  • Қаңтар айындағы зейнетақы алдын ала төленбейді – Еңбек министрлігі түсініктеме берді

    Қаңтар айындағы зейнетақы алдын ала төленбейді – Еңбек министрлігі түсініктеме берді

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілерде тараған қаңтар 2026 жылғы зейнетақылардың мерзімінен бұрын төленетіні туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Бұған дейін мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде қаңтар айына арналған зейнетақы төлемдері 2025 жылдың 30 желтоқсанына дейін, тіпті индексацияны ескере отырып, аударылады деген хабарламалар тараған.

    Министрлік бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер бекітілген төлем кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.

    Ресми ақпаратқа сәйкес, қаңтар 2026 жылғы зейнетақы төлемдері индексацияны қоса алғанда, алушыларға қаңтар айында аударылады. Ал желтоқсан айындағы төлемдер толық көлемде төленіп қойған.

    Ведомство азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі күмәнді сілтемелерге өтпеуге және жеке деректерін қорғауға шақырды.

    Министрлік мемлекеттік қолдау шаралары туралы ресми хабарламалар тек 1414 нөмірінен SMS арқылы және мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланатынын еске салды.

    Азаматтарға тек ресми дереккөздерге сену ұсынылып, жалған ақпарат таратқаны үшін заңда жауапкершілік көзделгені ескертілді.

  • 2026 жылы Қазақстанда ең төменгі зейнетақы қалай өзгереді

    2026 жылы Қазақстанда ең төменгі зейнетақы қалай өзгереді

    2026 жылы Қазақстанда ең төменгі зейнетақы өседі. Бұл өзгерістер 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілді. Құжатқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бюджет үш жылға арналған зейнетақы мөлшерін және оның индексациясын айқындайды.

    Бюджетке сәйкес, 2026 жылы ең төменгі зейнетақы 69 049 теңге болады. Бұл қазіргі мөлшерден (62 771 теңге) 6 278 теңгеге жоғары. Сонымен қатар, базалық зейнетақы да өседі: 2025 жылғы 32 360 теңгеден 2026 жылы 35 596 теңгеге дейін көтерілмек. Өсім – 3 236 теңге.

    2018 жылдан бері базалық зейнетақы әр азаматтың еңбек және сақтандыру өтіліне қарай жеке есептеледі. 2026 жылы индексациядан кейін ең төменгі зейнетақы 104 645 теңге, ең жоғарысы 238 412 теңге болады.

    Қазақстанда зейнетақы жүйесі үш бөлікке негізделген: 1998 жылға дейін жұмыс істегендерге арналған ынтымақты зейнетақы; барлық зейнеткерлерге тиесілі базалық зейнетақы; және ЕБЖЗҚ-ға ай сайын еңбекақының 10%-ы аударылатын жинақтаушы зейнетақы. Зейнеткерлік жас ерлер үшін 63 жас, әйелдер үшін 2028 жылға дейін 61 жас болып белгіленген.

    Бюджет жобасында орташа көрсеткіштер де жарияланған. 2026 жылы орташа зейнетақы 103 687 теңге, 2027 жылы — 108 940 теңге, 2028 жылы — 113 995 теңге болады деп болжанған. Орташа базалық зейнетақы тиісінше 54 082, 58 276 және 61 527 теңге деңгейінде белгіленеді.

    8 желтоқсанда қол қойылған республикалық бюджет мемлекет кірістері мен шығыстарының негізгі параметрлерін айқындайды және әлеуметтік саясатты, оның ішінде зейнетақы төлемдерін арттыруды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

  • Келесі жылдан бастап зейнетақы жарналарының төлем тәртібі өзгереді

    Келесі жылдан бастап зейнетақы жарналарының төлем тәртібі өзгереді

    2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті және кәсіби зейнетақы жарналарын есептеу мен аударудың жаңа тәртібі күшіне енеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Жаңа қаулыға сәйкес, міндетті кәсіби зейнетақы жарналары барлық айлық табыстардан (Салық кодексінде көрсетілген) есептеледі. Алайда салықтан босатылған төлемдер есепке алынбайды.

    Өзгерістер өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жеке кәсіпкерлерге және интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететін тұлғаларға да қатысты. Олар есептік айдан кейінгі айдың 25-іне дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жарналарды аударуға міндетті.

    Сонымен қатар, уақтылы төлемді бақылаудың жаңа тетіктері енгізілді.
    Егер қарыз көлемі алты айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асып кетсе, мемлекеттік кірістер органдары 5 жұмыс күні ішінде борышкерге хабарлама жібереді.
    Қарыз өтелмеген жағдайда, 10 жұмыс күнінен кейін борышкердің банктік шоттары мен кассалық операциялары тоқтатылуы мүмкін.

    Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс берушілер кәсіби зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен ай сайын төлеуге міндетті.

    Бұған дейін елде базалық зейнетақының 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен өсетіні хабарланған болатын.

  • Қазақстандықтардың зейнетақы төлемдері салықтан босатылады

    Қазақстандықтардың зейнетақы төлемдері салықтан босатылады

    2026 жылдан бастап зейнетақы төлемдеріне салық салынбайды

    Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап хабарлайды

    2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін барлық зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады. Бұл туралы Азаттық рухы БЖЗҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

    Жаңа Салық кодексіне сәйкес, 2026 жылдан бастап зейнетақы төлемдерінің барлық түрінен, оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында пайдаланылатын біржолғы төлемдерден де салық ұсталмайды. Алайда бұл жеңілдік Қазақстан резиденті болып табылмайтын азаматтарға қолданылмайды.

    Қолданыстағы тәртіп бойынша, БЖЗҚ-дан алынатын зейнетақы төлемдерінен 10% мөлшерінде ЖТС ұсталады. Бұл салықты алушы бірден немесе зейнеткерлік жасқа жеткенде төлеуді таңдай алады. Аталған ереже 2025 жылдың соңына дейін сақталады.

    Сондай-ақ 2026 жылдан бастап азаматтардың өз пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімдер жойылады. Бірақ жұмыс беруші тарапынан аударылған ерікті жарналарға салық салынбайды және бұл шығындар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде ескерілетін болады.

  • Қазақстанда зейнетақы рәсімдеу тәртібін өзгертуді ұсынды

    Қазақстанда зейнетақы рәсімдеу тәртібін өзгертуді ұсынды

    Қазақстанда зейнетақы тағайындау процесі толығымен автоматтандырылуы мүмкін, — деп хабарлайды Sona.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

    Цифрлық даму вице-министрі Қаныш Төлеушиннің айтуынша, жаңа тәсіл пилоттық режимде енгізілген. Енді азаматтар зейнетке шығу үшін құжат жинап, өтініш берудің қажеті жоқ — жүйе жасына қарай автоматты түрде зейнетақыны рәсімдейді.

    Алгоритм жасты өзі есептейді
    Еңбек өтілін тексереді
    Жүйе проактивті түрде төлем тағайындайды

    Осылайша қызмет көрсету мерзімі 10 күннен 1 күнге дейін қысқарып, рәсімдеу қадамдары 6-дан 1-ге дейін азайтылған.

    Еңбек министрлігіне жобаны ел көлемінде енгізу ұсынылды.

  • Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өсті

    Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өсті

    2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрінің мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып ұлғайтылды.

    Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 %-на дейін, ең жоғары – 120 %-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.

    Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгені құрайды.

    Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңгені құрады, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңгені, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңгені құрады. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды.

    2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың ұлғаюының бірнеше үлгісі:

    • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғайды;
    • мөлшері балалар санына байланысты берілетін көпбалалы отбасыларға арналған  жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін артты;
    • I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін өсті.

    Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер мөлшері 6,5 %-ға артты. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

  • Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшері белгілі болды

    Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшері белгілі болды

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшерін жариялады.

    Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 3 триллион 436,4 миллиард теңге сомасына зейнетақы төленген, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 1 триллион 81,9 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 триллион 354,5 миллиард теңге қарастырылғаны айтылды.
    2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, зейнеткерлер саны – 2 миллион 428 мың адам.

    «2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 556 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 88 967 теңге, базалық зейнетақы – 42 589 теңге», – делінген хабарламада.