Метка: Жалақы

  • Фельдшерлерге жалақы көтеріледі ме? – Министр түсіндірді

    Фельдшерлерге жалақы көтеріледі ме? – Министр түсіндірді

    Қазақстанда әртүрлі өңірлерден көптеген фельдшерлер жалақыны көтеру туралы өтінішпен шығып жатыр. Бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Султангазиев ресми комментарий берді.

    Министрдің айтуынша, фельдшерлердің еңбекақысы жақын арада қайта қаралады және қажетті заңды өзгерістер енгізіледі. Қазір мәселе мемлекеттік деңгейде пысықталуда.

  • Еңбек министрлігі жалақыны «конвертпен» төлеуге қарсы жаңа шаралар ұсынды

    Еңбек министрлігі жалақыны «конвертпен» төлеуге қарсы жаңа шаралар ұсынды

    Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілерді нақты еңбек қатынастарын және жалақы көлемін ашық көрсетуге міндеттейтін заңнамалық өзгерістер әзірлеп жатыр. Бұл тәжірибеде кең тараған «көлеңкелі» жалақыны болдырмауға бағытталған, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Министр Светлана Жақыпованың айтуынша, кей жағдайларда жоғары білікті мамандардың жалақысы құжатта небәрі 85 мың теңге болып көрсетілсе, қалған бөлігін жұмыс берушілер салықтан жалтару үшін конвертпен төлейді.

    «Олар ресми түрде 85 мың теңге деп көрсетіп, қалғанын конвертпен береді. Бұған жол бермеу үшін еңбек қатынастарын толық декларациялау қажет деп отырмыз. Халықаралық тәжірибе де осыны дәлелдейді — мысалы, Сингапур мен Швецияда жалақыны мемлекет реттейді», – деді министр Мәжіліс отырысында.

    Оның сөзінше, салалар арасындағы еңбекақы деңгейінде үлкен айырмашылық бар. Бірдей біліктілігі бар маман бір салада 1 миллион теңгеден артық табыс таба алса, басқа салада бар болғаны 400 немесе тіпті 220 мың теңге алады.

    «Қазір біз әлеуметтік серіктестерімізбен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жақын арада ортақ келісімге келу үшін салалық келісімдерде еңбек ақы төлеудің шарттарын нақтылап көрсететін боламыз. Мәселен, тау-кен металлургия кешенін алып қарасақ, онда жалақы деңгейінің қаншалықты айырмашылығы бар екенін байқауға болады», – деп түсіндірді Жақыпова.

  • Қызылордада «Смарт ойл» зауытының жұмысшылары жалақы мен әлеуметтік төлемдерді талап етті

    Қызылордада «Смарт ойл» зауытының жұмысшылары жалақы мен әлеуметтік төлемдерді талап етті

    Қызылордадағы мұнайбұрғылау зауыты «Смарт ойл» қызметкерлері бірнеше айдан бері жалақыларын уақытылы ала алмай отырғандарын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

    Жұмысшылардың айтуынша, жалақы екі айға дейін кешіктіріледі, ал зейнетақы мен медициналық аударымдар 2023 жылдан бері аударылмаған.

    — «Зарплатаны көтерді, 40 мың қосты. Бірақ бәрібір жетпейді, кредитіміз бар. Қазір 240 мың аламын. Бүкіл отбасы осы ақшаға қарап отыр. Оның өзін уақытында бермейді. “10-ынан кейін аласыңдар” дейді де, айдың соңына қалдырады. Енді екінші ай болды, кешіктіріп жүр», – дейді жұмысшы Батырхан Айтмырзаев.

    — «2023 жылдан бері зейнетақы аударылмайды. Жалақыдан ұстайды, бірақ бізге түспейді. Қайта-қайта сұрасақ, басшылық тек уәде береді», – дейді Қуанышбек Тойжанов.

    Зауыт экологиялық қолайсыз аймақта орналасқандықтан, заң бойынша қосымша 5% үстемеақы төленуі тиіс. Алайда жұмысшылар бұл ақыны ешқашан алмаған.

    Журналистер басшылықтан пікір алуға тырысқанда, зауыт әкімшілігі есік-терезесін жауып алған. Қызметкерлерге де тек «сәл шыдаңдар» деген жауап қайтарылған.

    Зауыт Forbes тізіміндегі кәсіпкер Серікжан Сейтжановқа тиесілі. Оның отбасы «Онтустик» компаниясы арқылы «Саутс Ойл»-дың 51%-ын, «МұнайҚұрылысСервис», «Стандарт Цемент», «Talas Investment Company», сондай-ақ Standard Petroleum & Co үлесін бақылайды. Бұған қоса, Сейтжановтар Шымкент пен Түркістандағы Rixos қонақүйлерін, Satti Zhol жанармай құю станцияларын, ОҚМ академиясын және Инновациялық-технологиялық колледжді иеленген.

    Былтыр олигархтың Шымкенттегі мұз сарайы мемлекетке қайтарылған еді.

    Қазір ондаған отбасы 240 мың теңге айлықпен күн көріп отыр. Жалақы тағы да кешіктірілсе, жұмысшылар еңбек инспекциясына жүгінетінін мәлімдеді.

  • Қазақстанда орташа жалақы өсті

    Қазақстанда орташа жалақы өсті

    Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы III тоқсандағы жалақыны атады.  Мәліметке сәйкес, Қазақстан бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2024 жылғы III тоқсанда 390 328 теңгені құрады. 2023 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 11,3%, нақты мәнде – 2,7%.

    Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2024 жылғы III тоқсанда бағалау бойынша 269 378 теңгені құрады.

    2023 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі ақпарат және байланыста – 28,1%, қаржы және сақтандыру қызметінде – 24,3%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда – 20,6% байқалды. Білім беруде орташа айлық жалақы – 9,9%, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 8% өсті, – деп қосты ведомство.

    Өңірлік бөліністе 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2024 жылдың III тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Шымкентте – 16,1%,  Алматы қаласында – 15,2%, Ақтөбе және Абай облыстарында – 14,2%-дан.

    Өңірлер арасындағы орташа айлық номиналды жалақының ең жоғарғы және ең төменгі мәндері арасындағы арақатынас 2024 жылғы III тоқсанда 2,3 есені құрады.

  • Қазақстандықтар шенеуніктердің жалақысын қысқарта алады

    Қазақстандықтар шенеуніктердің жалақысын қысқарта алады

    Енді қазақстандықтар шенеуніктердің жалақысын қысқарта алады. Мұндай мүмкіндік келер жылдан бастап қолданысқа енеді. Яғни, қазақстандықтар мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын онлайн бағалап, олардың жалақысына тікелей әсер ететін болады. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатасы жанындағы зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығы мәлім етті. Ведомсвтоның ақпаратына сәйкес, 2029 жылға қарай еліміздегі барлық мемлекеттік органдардың жұмысы толықтай цифрландырылады. Рейтингі төмен шенеуніктердің жалақысы қысқарады. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс сапасын арттыру, халықпен байланысын нығайту — жаңашылдықтың басты мақсаты.

  • Нартай Аралбайұлы: Орманшылардың жалақысы барлық өңірде өспеді

    Нартай Аралбайұлы: Орманшылардың жалақысы барлық өңірде өспеді

    ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы бірнеше өңірде  орманшылардың жалақысы өспегенін жеткізді. Осы мәселені шешу мақсатында ол депутаттық сауалын ҚР Премьер — Министрінің Бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.

    «Семей орманында өрт болып ондаған отандасымыз опат болған кезде Үкімет өкілдері «2023 жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың жалақысы өседі» деп кесіп айтқан еді. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалды. Жалақы орман шаруашылығындағы басшылық құрам мен санаулы мамандық иесіне қосылғаны болмаса орман үшін от кешкен мыңдаған маман түкке жетпейтін жалақымен сол күйі қала берді», — деді  Нартай Аралбайұлы.

    Депутат орманшылардың жалақысын өсіру бойынша қол қойылған құжаттың барлық өңірде жүзеге аспағанын сынады. 

    «2024 жылдың 1 шілдесінде  Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздегі орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына үстемақы қосу туралы  қаулыға қол қойды. Орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерлерін жетілдіру мақсатында «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына өзгерістер енгізілді. Бөркімізді аспанға атып, алақайладық.

    Құжатқа сәйкес, орман өртін сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін өсімақы алуы керек еді. Олардың қатарында орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері, тракторшылар, радио операторлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтар мен аппараттарды жөндеу жөніндегі шеберлер, өрт бақылау мұнарасының бақылаушылары бар еді. Шіліңгір шілдеден бастап жалақымыз еселеп артады деп елдің еңсесі тіктеліп қалды. Бірақ, 2023 жылы үмітінің күлі көкке ұшқан орманшылар 2024 жылы да дәл сол жағдайды бастан кешуде», — деді халық қалаулысы.

    Себебі аталған қаулы Қызылорда облысында,  Арал ауданында, Павлодар облысында, Маңғыстау облысында, Қостанай облысында, Жетісу облысында орындалмады деген дерек келді. Депутат  орманшылардың жазған арызы қолында екенін жеткізді. 

    «Орманшылардың жалақысын көтерудің жүгі жергілікті бюджетке артылыпты, ол қамбада қаржы жоқ екен. Қаулысы бар да қаржысы жоқ. «AMANAT» партиясы бұл жағдайды бірнеше рет көтергенін қаперлеріңізге сала кетейін.Салдары ауыр, жалақының төмендігінен жастар орманшы болып қызметке барғысы келмейді. Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді.Жоғарыда айтылған мәселелерді зерделеп, 2024 жылдың 1 шілдесінде қол қойылған  қаулының толыққанда орындалуын қадағалап, Қазақстандағы орман шаруашылығындағы мамандардың лауазымдық жалақыларына 100 пайыздық өсімақының қосылуын қамтамассыз етуіңізді сұраймын», -деп Нартай Аралбайұлы депутаттық сауалын қорытындылады.

     

     

  • 25 % айлығымызды қиып тастады: Алатаулық ұстаздар бас көтеріп жатыр

    25 % айлығымызды қиып тастады: Алатаулық ұстаздар бас көтеріп жатыр

    Алматы облысында жаңадан құрылған Алатау қаласының ұстаздары бас көтеріп жатыр. Көпшіліктің айтуынша, олардың айлығын 25 пайызға қысқартып тастаған. Осы жайтқа наразы мұғалімдер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялап, көмек сұрап жатыр. Сондай-ақ, дәл осы мәселенің әділ шешілуіне Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаев пен Мәжіліс депутаттары да араласса  дейді, ұстаздар  қауымы.

    Алатаулық ұстаздардың наразылығына қаланың білім бөлімі жазбаша былай деп жауап берді.

    «2024 жылғы 1 қазанда Алатау қаласындағы №1 және №47 мектептерінің педагогикалық ұжымдары жергілікті мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесті. Бұған дейін аталған мектеп ұжымдары әкімшілік-аумақтық құрылыстың өзгеруіне байланысты жалақы мөлшерінің өзгеруіне қатысты алаңдаушылықтарын білдірген болатын.

    Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 9 қаңтардан бастап Алатау қаласының құрамына бұрын Алматы облысының Қонаев қаласына, Іле және Талғар аудандарына қарасты бірқатар елді мекендер енгізілді. Осыған орай, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған аумақтарда тұратын бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесінде өзгерістер орын алды», — делінген Алатау қаласы Білім бөлімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

    Сондай-ақ, ведомство қызметі туындаған мәселелерді жан-жақты қарау мақсатында кездесуге Алатау қаласы әкімінің орынбасары, қалалық білім бөлімінің басшысы, сондай-ақ облыстық білім және ішкі саясат басқармаларының өкілдері қатысқанын жеткізді.

    «Нәтижелі диалог барысында еңбекақы төлеу мәселелерімен қатар, тұрғындардың өзекті мәселелері — көлікпен қамтамасыз ету, қоқыс шығару, газбен жабдықтау мәселелері де талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша педагогикалық ұжымдармен өзара түсіністікке қол жеткізілді», — деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

  • Су шаруашылығы мамандарының жалақысы өседі

    Су шаруашылығы мамандарының жалақысы өседі

    Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қарағанды облысына ресми іс-сапары барысында айтты.

    «Биыл «Қазсушар» қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25 пайызға өсті. Еңбекақысы тариф есебінен төленетіндердің де, республикалық бюджеттен алатындардың да айлығы көтерілді. Келесі жылы да біз су саласындағы мамандардың еңбекақысын көтеру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың еңбегі лайықты түрде бағалануға тиіс», – деді министр.
  • Жаңа жылдан бастап елімізде зейнетақы 8,5 пайызға өседі

    Жаңа жылдан бастап елімізде зейнетақы 8,5 пайызға өседі

    Жаңа жылдан бастап елімізде зейнетақы 8,5 пайызға өседі.

    Бұл туралы 2027 жылға дейінгі республикалық бюджетті жоспарлау туралы құжатта жазылған. Тиісті заң жобасы 31 тамызға дейін ашық талқылауға шығарылды.

    Қолдау тапса, 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3 692 теңгеден 3 932 теңгеге көтеріледі. Ал ол түрлі әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу үшін қажет.

    Осылайша, базалық зейнетақы 28 мыңнан 32 мыңға, ал ең төменгі зейнетақы мөлшері 57 мыңнан 62 мың теңгеге өседі. Ал ең төменгі жалақы көлемі өзгеріссіз қалады. Ол қазір 85 мың теңге.