Метка: Жаңа Салық кодексі

  • Қазақстанда жаңа салық кодексі: жоспарлы тексерулер тарихқа айналды

    Қазақстанда жаңа салық кодексі: жоспарлы тексерулер тарихқа айналды

    2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Ол бизнеске жасалатын тексерулер жүйесін түбегейлі өзгертеді. Ең басты жаңалық – жоспарлы салықтық тексерулер толығымен жойылып, енді мүлдем жүргізілмейді, деп Sona.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

    Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің салықтық аудит басқармасының басшысы Даурен Нұрғожаевтың айтуынша, мемлекет бұдан былай бизнесті тәуекел деңгейіне қарай бөлу тәжірибесінен бас тартып, деректерді терең талдауға негізделген тәуекелге бағытталған жаңа тәсілге көшеді. Алдағы уақытта тек жоспардан тыс тексерулер ғана қалады, оның өзі нақты негіз болған жағдайда және арнайы тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы расталғанда жүзеге асады.

    Мұндай тексерулерді жүргізу туралы шешім тек Мемлекеттік кірістер комитетінің орталық аппаратының келісімімен қабылданады. Сондай-ақ кәсіпкерлермен өзара іс-қимыл толығымен онлайн форматқа ауысады: құжаттарды тапсырудан бастап нәтижесін алуға дейін. Қағаз жүзінде тек нұсқама табыстау ғана сақталады.

    Нұрғожаевтың айтуынша, елде бұрын әртүрлі болған ақпараттық базаларды біріктіретін интеграцияланған салықтық әкімшілендіру жүйесі енгізілуде. Бұл салық органдарына тексерулерді әлдеқайда нақты әрі нысаналы жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа жүйеде ақпараттық жүйелердің аналитикасы мен жасанды интеллект құралдары қатар қолданылады.

    Бұл өзгерістердің басты мақсаты – адал кәсіпкерлер үшін әкімшілік қысымды азайту. Енді бизнес артық алаңдаусыз жұмыс істей алады, ал салық органдары назарын шынайы заң бұзушыларға аударады.

  • Салық қарызы бар қазақстандықтардың шоты бұғатталмауы мүмкін

    Салық қарызы бар қазақстандықтардың шоты бұғатталмауы мүмкін

    Салық бойынша 20 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын қарызы бар азаматтардың шоттары бұғатталмауы мүмкін. Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексі аясында осындай өзгеріс ұсынып отыр.

    Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, жаңа Салық кодексі аясында берешек сомасына сараланған әдіс қолданылады.

    «Біріншіден, егер қарыз мөлшері 20 АЕК-тен (биыл 78 640 теңге) аспаса, біз борышкерге жай ғана хабарлама жібереміз. Үш градация жасап қойдық. Берешек сомасы өскен сайын шоттарды бұғаттау шарасы да көбірек қолданылады. Сосын бізде салықтан басқа әлеуметтік аударымдар, зейнетақы, медициналық аударымдар бар. Олар бойынша да 1 немесе 10 теңге қарыз болса, шотты бұғаттап тастайды. Біз осы мәселені депутаттармен пысықтадық. Шотты бұғаттау шегі ұлғаю жағына қарай қайта қаралады. Яғни 1000 теңге үшін ешкім шотты бұғаттамайды. Бұл жаңа Салық кодексінің жобасына енгізілген», – деп түсіндірді ол Мәжіліс кулуарында.

    Біржановтың айтуынша, қарыз үшін шотты бұғаттау Қаржы министрлігіне де тиімсіз.

    «Азғантай ғана қарыз үшін шотты бұғаттап тастау бізге де ұнамайды. Бірақ біз салық бойынша ғана емес, әлеуметтік аударымдар бойынша да бақылау жасауға міндеттіміз», – деді вице-министр.

  • МИНИСТР: ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ 2025 ЖЫЛДЫҢ ШІЛДЕСІНЕ  ДЕЙІН ҚАБЫЛДАНАДЫ

    МИНИСТР: ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ 2025 ЖЫЛДЫҢ ШІЛДЕСІНЕ ДЕЙІН ҚАБЫЛДАНАДЫ

    Жаңа Салық кодексін 2025 жылдың шілдесіне  дейін қабылданады. Ал 2026 жылдың  1 қаңтарынан бастап қолданысқа енеді. Бүгін  Үкіметтің отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары –Ұлттық экономика министрі  Нұрлан Байбазаров жаңа салық кодексіне қатысты ұсынысты мәлім етті.

    «Жаңа Салық кодексін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізе отырып, 2025 жылғы шілдеге дейін қабылдау ұсынылады. Бұл белсенді бұқаралық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, заңға тәуелді актілерді әзірлеуге және Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін дайындауға мүмкіндік береді»,- деді Нұрлан Байбазаров.

    Мемлекет басшысының фискалдық саясат жөніндегі тапсырмаларын іске асыру үшін қосымша мынадай мәселелер пысықталатын болады:

    —        жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемесін белгілеу;

    —        банк секторы акционерлерінің дивидендтеріне әділ қосымша салық салу;

    —        салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру;

    —        кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдайларды нашарлатпай салық режимдерін оңтайландыру;

    —        салықтық әкімшілендіруді толық цифрландыру, оның жазалау тәсілінен бас тарту;

    —        цифрлық теңгені пайдалана отырып, қосымша құн салығын әкімшілендіру тетігін енгізу.

    «Сонымен қатар, жоспарлы салықтық тексерулер алынып тасталады. Шамамен 5,0 млн теңге мөлшерінде берешек болған кезде кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеу көзделген», — деді Премьер-Министрінің орынбасары –Ұлттық экономика министрі  Нұрлан Байбазаров.

    Естеріңізге сала кетейік, Президент 2 қыркүйекте жолдаған жолдауында жаңа салық кодексіне қатысты бірқатар мәселені көтерген болатын. Салыққа берешегі бар борышкерлердің шотын толықтай бұғаттауға болмайтынын ескерткен еді.