Метка: жансақтау бөлімі

  • Ақтауда терезеден құлаған әйел жансақтау бөлімінде жатыр: Жағдайы өте ауыр

    Ақтауда терезеден құлаған әйел жансақтау бөлімінде жатыр: Жағдайы өте ауыр

    Ақтау қаласының 28-шағын ауданындағы көпқабатты үйдің терезесінен құлаған әйелдің денсаулық жағдайы туралы жаңа мәліметтер белгілі болды. Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының дәрігерлері зардап шегушінің жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.

    Медициналық тексеру нәтижесінде 34 жастағы әйелге келесідей диагноздар қойылды:
    Біріккен жарақаттар және травматикалық шок;
    Екі жақты гемопневмоторакс (өкпе қуысына қан мен ауаның жиналуы);
    Ортаңғы бөлігіндегі сан сүйегінің ашық сынығы.

    Қазіргі уақытта пациент жансақтау бөлімінде жатыр және өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратына қосылған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті шараларды жасауда.
    Еске сала кетейік, оқиға 16 наурыз күні сағат 16:00 шамасында болған. Төртінші қабаттан құлаған әйелдің эпилепсия дертімен есепте тұрғаны бұған дейін хабарланған болатын. Полиция оқиғаның мән-жайын тексеруді жалғастырып жатыр.

  • Мектеп дәретханасында уланған жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр

    Мектеп дәретханасында уланған жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр

    Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында 16 жастағы оқушының улану белгілерімен ауруханаға жеткізілгені хабарланған болатын. Оқиғаның мән-жайы нақтыланды, деп хабарлайды Sona.kz 112sko.

    Қолда бар мәліметке сәйкес, оқиға Айыртау ауданының бір ауылындағы мектеп дәретханасында болған. Оқушы белгісіз сұйықтық ішкен, алдын ала болжам бойынша бұл  сірке суы.

    Жағдайы күрт нашарлаған соң, қыз санитарлық авиация тікұшағымен Петропавл қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

    Қазіргі таңда ол жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

    Аталған дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

    Құқық қорғау органдары сұйықтықтың мектеп аумағына қалай түскенін және оқиғаның себептерін нақтылаған жоқ.

    Тергеу жалғасуда. Қосымша ақпарат ресми мәліметтер түскеннен кейін жарияланады.