Метка: жарылыс

  • Ақтөбеде пауэрбанк жарылып, бір отбасы 6 жыл салған үйінен айырылды

    Ақтөбеде пауэрбанк жарылып, бір отбасы 6 жыл салған үйінен айырылды

    Ақтөбе қаласының «Арман» тұрғын алабында қарапайым пауэрбанк үлкен трагедияға себеп болды. Портативті қуаттағыш құрылғының жарылуы Тимур Майрумбаевтың отбасын баспанасыз қалдырды. Тимур екі ұлымен және әкесімен бірге тұрған үй 28 ақпанда толығымен жанып кетті.
    Отбасының атасы Құрман Майрумбаевтың айтуынша, жарылыс немерелерінің бөлмесінде құрылғы токқа қосулы тұрғанда болған. Қатты дыбыстан кейін от бірден жиһазға жайылып, үйдің ішін қою түтін басқан. Қария азаматтарды мұндай құрылғыларды пайдаланғанда абай болуға, әсіресе балаларға ұстатпауға шақырды.
    Ақтөбе облыстық ТЖД мәліметінше, өрт туралы хабарлама кешкі уақытта түскен. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды 21 минут ішінде (сағат 20:02-ден 20:23-ке дейін) толық ауыздықтағанымен, үйдің ішкі бөлігі мен мүлкін аман алып қалу мүмкін болмады. Тек құжаттарын ғана алып үлгерген отбасы қазір туыстарының үйін паналап отыр. 6 жыл бойы салынған баспананы енді нөлден бастап қайта тұрғызу қажет.

  • Костенко шахтасындағы жарылыс: айыпталушыларға ең жоғарғы жаза сұралды

    Костенко шахтасындағы жарылыс: айыпталушыларға ең жоғарғы жаза сұралды

    Қарағандыда 2023 жылдың күзінде 46 кенші қаза тапқан Костенко атындағы шахтадағы жарылыс ісі бойынша жарыссөз басталды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Айыпталушылар орындығында — шахтаның басшылары мен инженерлік-техникалық қызметкерлері бар 10 адам. Тоғыз айыпталушы қамауда, біреуі — қолхатпен босатылған. Оларға ҚК 277-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған — кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, адам өліміне әкелу.

    Мемлекеттік айыптаушылар Әділ Садыков пен Бекзат Аширбеков ең жоғарғы мерзім сұрады: 8 жыл — шахтаның үш басшысына, 7 жыл — бес маманға, 6 жыл — желдету және қауіпсіздік учаскесінің бастығына. Прокурорлар қамауда өткен 1 жыл 8 айды жаза мерзіміне қосуды ұсынды, бұл шамамен 3,5 жылға тең.

    Тергеу дерегінше, шахтада метан концентрациясы жиі асып кеткен, өрттер болған, жабдық жөндеусіз қолданылған, ал жарылыстың алдын алатын жүйелер іске қосылмаған. Прокуратураның айтуынша, айыпталушылардың кінәсін 250-ден астам куәгердің жауабы, сараптамалар және комиссия актілері дәлелдейді.

  • Талдықорғанда жарылған көлікке қатысты жаңа дерек шықты

    Талдықорғанда жарылған көлікке қатысты жаңа дерек шықты

    4 наурыз күні Талдықорған маңындағы Еркін ауылында жеке тұрғын үйдің аумағында көлік жарылды. Оқиғаға қатысты QAZAQGAZ AIMAQ компаниясы пікір білдірді.

    Компанияның мәліметінше, төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына жетіп, қажетті жұмыстарды бастаған.

    «Оқиға орнында газ анализаторының көмегімен газдың шоғырлануын анықтау мақсатында газ құбыры бойында бұрғылау тексерісі жүргізілді. Сондай-ақ 50 метр радиуста газ ұңғымаларында және іргелес коммуникация ұңғымаларында жұмыстар атқарылды», – деді QAZAQGAZ AIMAQ АҚ Жетісу өндірістік филиалының апаттық-диспетчерлік қызметінің басшысы Вячеслав Рубан.

    Мамандар газдың таралғаны расталмағанын хабарлады. Техникалық тексеріс жүргізіліп, тиісті акт жасалды.

    Оқиға 4 наурыз күні таңертең болғанын еске саламыз. Үй иесі қыздарын мектепке апаруға дайындалып, көлігін оталдырған сәтте жарылыс болған. Көлік тұратын орын жермен жексен болып, үйдің бір қабырғасы қирады.

  • Астанада жүк пойызында жарылыс болды

    Астанада жүк пойызында жарылыс болды

    14 ақпанға қараған түні Астанадағы теміржол вокзалына пойыз арқылы жеткізілген контейнер жарылып кетті. Осыған байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.

    Төтенше жағдай түнгі сағат 00:25-те Астана стансасындағы іріктеу алаңының 12-жолағында болды. Елордаға пойыз арқылы жеткізілген жүк контейнері жарылған. Бір адам қолынан жеңіл жарақат алды, алайда ауруханаға жатқызуды қажет етпеді.

    Полицейлер жолаушылар мен жақын маңдағы тұрғындарға қауіп төнбегенін хабарлады.

    «Көліктегі полиция департаменті бұл оқиға бойынша «Темір жол көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнына дереу департамент басшылығы жеткен. Арнайы жедел топ құрылды, олар оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға кірісіп кетті», – деп хабарлады Көліктегі ПД.

    ҚТЖ жарылған контейнердің жеке компанияға тиесілі екенін хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша ішінде электр жабдықтары – трансформаторлар мен генераторлар болған.

  • Қостанай облысында жарылыс болды

    Қостанай облысында жарылыс болды

    Амангелді ауылында мәдениет үйінің жеке тұрған қазандығында жарылыс болып, ғимарат опырылды.

    Құтқарушылар 1969 жылы туған ер адамды үйінділер астынан шығарып, оған жедел медициналық жәрдем көрсетті. Куәгерлердің айтуынша, ғимаратта басқа адамдар болған жоқ.

    Оқиға орнында ТЖМ құтқарушылары мен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

  • Нигерияда жарылыстан 147 адам қаза тапты

    Нигерияда жарылыстан 147 адам қаза тапты

    Нигерияның солтүстігіндегі Джигава штатында мұнай таситын танкер аударылды. Одан төгілген жанармайдан алапат жарылыс болып, 147 адам қаза тапқан. Мұны жергілікті төтенше жағдай қызметі хабарлап отыр. Полицияның дерегінше, көлік Кано қаласынан солтүстіктегі Йобе штатына бара жатқанда апатқа ұшыраған. Тергеудің алдын-ала қорытындысына қарағанда, машинаның аударылуына жүргізушінің Маджиа қаласының маңында рульге ие бола алмай қалуы себеп.

  • Ливанда әуежай маңында жарылыс болды

    Ливанда әуежай маңында жарылыс болды

    Ливан астанасы Бейруттың оңтүстігінде халықаралық әуежай маңында бірнеше жойқын жарылыс болды. «Би-Би-Си»-дің мәлімдеуінше, Израиль армиясы Хезболланың нысандарына соққы берген. ЦАХАЛ бұған қатысты мәлімдеме жасаған жоқ. Дегенмен Израиль әскері мұның алдында Бейруттың оңтүстігіндегі бейбіт тұрғындарды көшуге үндеген еді. Бұл шабуылдардың көздегені — «Хезболла»ның марқұм экс-лидері Хасан Насыралланың інісі әрі мұрагері Хашим Сафи ад-Дин болуы мүмкін.

  • Астана кафесіндегі жарылыс: ІІМ оқиға орнынан бейнежазба жариялады

    Астана кафесіндегі жарылыс: ІІМ оқиға орнынан бейнежазба жариялады

    ҚР ІІМ төтенше жағдай кезінде полицейлердің жанып жатқан кафеден адамдарды қалай эвакуациялағаны түсірілген видео жариялады.

    «28 қыркүйекте Астанада Ақыртас көшесіндегі кафелердің бірінде газ баллоны жарылды. ҚР ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері бұл оқиғаның куәсі болды. Полицейлер Диас Абитбек, Нұржан Ысқақов және Бақытжан Рахат дереу зардап шеккендерге көмекке асықты», — делінген хабарламада.

    Олар өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем шақырып, азаматтарды жанып жатқан ғимараттан эвакуациялай бастағаны атап өтілді.

    «Адамдар өз күштерімен сыртқа шықты, бірақ іште қалып қойғандары да болды. Мен оларға шығуға көмектестім, содан кейін ешкім қалмағанын тексердім. Бақытымызға орай, ол жерде ешкім болған жоқ. Үш минуттан кейін өрт сөндірушілер келді, біз оларға үй-жайда төрт газ баллоны бар екенін ескерттік», — деді Диас Абитбек.

    Ведомство оларға төнген қауіпке қарамастан, полиция қызметкерлері жоғары кәсібилік пен батылдық танытқанын атап өтті.

    «Олардың әрекеттері аса ауыр зардаптардың алдын алды және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті», – деп қорытындылады ІІМ.

    Бұған дейін Астана қаласының Алматы ауданында екі қабатты үйге бекітілген кафеде газ баллонының жарылғаны хабарланған болатын.

  • Пәкістанда Қазақстан елшісі мінген кортеж колоннасында жарылыс болды

    Пәкістанда Қазақстан елшісі мінген кортеж колоннасында жарылыс болды

    Қазақстан елшісі мінген кортеж колоннасында жарылыс болды. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, оқиға Пәкістанның провинцияларының бірінде болған. Кортежде Қазақстаннан бөлек, Ресей, Португалия, Эфиопия, Индонезия, Иран секілді 12 елдің елшісі болған. Олар Сват қаласына туризм мәселелері бойынша конференцияға аттанған. Жарылыс салдарынан бір полицей қаза тапты. Үш адам зардап шекті.

  • Ливанда жарылыс: 2800 адам жараланып, 9 адам қаза тапты

    Ливанда жарылыс: 2800 адам жараланып, 9 адам қаза тапты

    Ливанда «Хезболла» тобының байланыс құралы ретінде қолданылатын пейджерлер бір мезетте жарылып, 2800 адам жараланды. 9 адам қаза тапқан. Олардың біреуі — 8 жастағы қыз, қалғандары — қарулы топ мүшелері. Хезболла жарылған пейджерлер топтың бөлімшелері мен институттарының қызметкерлеріне тиесілі екенін және 8 жауынгерінің мерт болғанын растады. Бұған қоса, бұл оқиға қауіпсіздік күштерінің ең ірі сәтсіздігі екенін де мойындады. «Би-Би-Си»-дің мәліметінше, пейджерлерге 10-20 грамм аралығында күшті жарылғыш зат салынған болуы мүмкін. «Хезболла» жарылысқа Израильді айыптап отыр. Ал соңғысы әзірге бұған қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.