Метка: Жезқазған

  • Жезқазғандық екі жасар қыз Астанадағы емнен кейін үйіне шығарылды

    Жезқазғандық екі жасар қыз Астанадағы емнен кейін үйіне шығарылды

    Жезқазған қаласынан шыққан екі жасар Алиса Астанада ем қабылдағаннан кейін үйіне шығарылды. Қазіргі таңда баланың жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Баланың жағдайы анасы Альбина Кузьмина әлеуметтік желілерде жариялаған жазбалардан кейін кең қоғамдық резонанс тудырды. Ол медициналық көмек көрсету барысында туындаған қиындықтар туралы мәлімдеген.

    Ананың айтуынша, Алиса Жезқазған көпсалалы ауруханасында бірнеше рет қаралып, ауыр патология анықталмай, үйіне жіберілген.

    Кейінірек балада перитонитпен асқынған жедел аппендицит диагнозы қойылды. Шұғыл операция ауыр жағдайда жасалған.

    Отадан кейінгі кезеңде жансақтау бөліміндегі ем нәтижесіз болып, анасы көмек сұрап видеоүндеу жариялаған. Жазба әлеуметтік желілерде кең таралды.

    Осыдан кейін Алиса санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізіліп, емін жалғастырды. Бүгін анасы баланың ауруханадан шығарылғанын хабарлады.

    «Шын жүректен және бар ықыласыммен уақытылы әрі аса қажет көмектеріңіз үшін алғыс білдіремін», — деп жазды Альбина Кузьмина. Алдағы уақытта балаға оңалту және арнайы диета қажет, алайда өміріне қауіп жоқ. Қате диагноз қойған дәрігер кешірім сұрап, қатаң сөгіс алғаны белгілі болды.

  • Жезқазғанда әйел бөтен пәтердің есігін сындырғаны үшін 196 мың теңге айыппұл төледі

    Жезқазғанда әйел бөтен пәтердің есігін сындырғаны үшін 196 мың теңге айыппұл төледі

    2025 жылғы 26 наурыз кешкі сағат 22:10 шамасында Жезқазғандағы көпқабатты үйлердің бірінде оқыс оқиға болды. Әйел адам бөтен пәтердің есігін ұрып, теуіп, тұтқасын сындырып жіберген.

    Сотта әйел бұл әрекетін “алтын сағатымды жоғалтып алдым, мүмкін сол үйдің иесі немесе жұбайы тауып алған шығар деп ойладым” деп түсіндірді. Алайда сотта жәбірленуші мен көршілердің сөздері мен видео дәлелдер оның агрессивті әрекетке барғанын растады.

    Нәтижесінде, сот ҚР Әкімшілік кодексінің 147-1-бабы 1-бөлігіне сәйкес (бөтен мүлікті әдейі бүлдіру) әйелге 50 АЕК, яғни 196 600 теңге айыппұл салды.

    Айта кетейік, бұл бап бойынша 50 АЕК көлемінде айыппұл немесе 5–20 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

  • Жезқазғанда 15 шенеунікке айыппұл салынды

    Жезқазғанда 15 шенеунікке айыппұл салынды

    Қала прокуратурасы мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар қолданыстағы заңнамаға қайшы әрекет ете отырып, әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын шектейтін және қиындататын біліктілік талаптарын белгілеген.

    Жалпы құны 2,6 млрд теңгеден асатын 6 конкурстың күші жойылып, 15 лауазымды қызметкерге 904 мың 540 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, – делінген прокуратура хабарламасында.

    Аталған заңбұзушылықтар бойынша енгізілген ұсынуды тиісінше қарастырмағаны үшін қала әкімінің орынбасары, ТҮКШ бөлімінің басшысы және басқа да лауазымды қызметкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.