Метка: жол ережесі

  • Жол ережелеріне сақ болу қажет: автобус жүргізушісі

    Жол ережелеріне сақ болу қажет: автобус жүргізушісі

    ҚР Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған байланысты біз Қонаевта автобус жүргізушісі болып қызмет ететін азаматпен тілдесіп, мамандығының қыр-сырын біліп қайттық.

    Бұршақ Жанәділұлы 2000 жылдан бері автобус жүргізушісі болып жұмыс істейді. Айтуынша, таңғы 5:00-де басталатын қызметтің шыжығы да қызығы да мол.

    «Таңда жұмысқа келеміз, медициналық тексерістен өтеміз. Ал автобусты техникалық тексерістен өткіземіз. Содан кейін бағыттар бойынша жүру басталады. Күніне 15 рейс орындаймыз. Кешке автобусты жуып, тазалап, тағы бір мәрте техникалық тексеріс болады», — деді маман.

    Оның сөзіне сүйенсек, автобус жүргізушісі ең алдымен жол ережесін сақтауға мұқият болуы қажет.

    «Жұмыстың жауапкершілігі көп. Адамдардың мініп-түсуі, жаяу жүргіншілерге жол беру, бағдаршамның жасыл түсіне ғана жүру секілді іс-қимылдарға үнемі сақ болу керек. Біздің қолымызда бірнеше адамның өмірі тұрады. Сондықтан автобусты абайлап, мұқият жүргізуіміз тиіс», — деді Бұршақ.

    Автобус жүргізушісі жолда қиындықтар да кездесетінін атап өтті.

    «Кейде көлік ағыны көбейеді. Сонда жол жүру қиынға соғады. Көңіл күйді түсіретін жолаушылар да бар. Ондай жағдайларға көп мән бермеуге тырысамын. Ал кей тұрғындар электронды карта жүйесін қолдана алмайды. Ондайда көмек көрсетемін, түсіндіремін», — деді ол.

    Қоғамдағы орны көп байқала бермейтін, алайда, олар болмаса, қаланың тыныс-тіршілігі тұралап қалатын мамандарды әрқашан бағалай беруіміз керек. Нағыз еңбек адамы – автобус жүргізушісі.

  • Тротуарда кетіп бара жатқан екі адамды көлік қағып кетті

    Тротуарда кетіп бара жатқан екі адамды көлік қағып кетті

    Қарағандыда жеңіл көлік тротуарға шығып кетіп, екі адамды қақты. Бір адам оқиға орнында көз жұмды.

    Оқиға 31 наурыз күні шамамен сағат 23:00-де Бұқар жырау даңғылы бойында болды. Audi автокөлігінің жүргізушісі Дүйсенбеков көшесіне қарай бағыт алып келе жатып, жылдамдық режимін асырып, көлікті басқара алмай, жаяу жүргіншілер жолына шығып кеткен.

    «Жол апаты салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды, ал екінші адам, сондай-ақ автокөлік жүргізушісі мен оның жолаушысы түрлі жарақаттарымен облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді», — деп мәлімдеді Қарағанды облысы Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Азамат Ахметов.

    Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

    Қарағанды облысы Полиция департаменті жүргізушілерді жылдамдық режимін және жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.

  • Алматыда жол ережесін бұзған мопед жүргізушілері жауапқа тартылды

    Алматыда жол ережесін бұзған мопед жүргізушілері жауапқа тартылды

    Кадрларда бір топ мопед мінген адамның бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай өтіп кеткені және көлік қозғалысына тыйым салынған Арбат аумағында жүріп-тұрғаны байқалады.

    Алматы қалалық Полиция департаменті аталған ереже бұзушылардың анықталып, ұсталғанын мәлімдеді.

    «Жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚбК-нің 615 және 620-баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Мопедтер айыппұл тұрағына қойылды,» – деп хабарлады полиция өкілдері.

    Сонымен қатар, құқық қорғау органдары мопед жүргізушілеріне 5 сәуірге дейін көлік құралдарын міндетті түрде тіркеуден өткізу қажеттігін ескертті.

  • Айыппұл төлеу бойынша рекорд орнады

    Айыппұл төлеу бойынша рекорд орнады

    Бас прокуратураның мәліметінше, жол қозғалысы ережелерін елемегені үшін айыппұлдардың шамамен 40%-ы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге салынған.  2024 жылы қазақстандық жеке және заңды тұлғаларға 304,3 млрд теңге айыппұл салынған. Бұл туралы Kolesa.kz жазды.

    – Прокурорлық антирейтингте екінші орында – салық саласындағы заң бұзушылықтар тұр. Үшінші орында – қоғамдық тәртіпке қатысты, мысалы, ұсақ бұзақылық, қоғамдық орында алкоголь ішу, тыныштықты бұзу және тағы басқасы, – делінген материалда.

    Бұл ретте 2023 жылы Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін қазақстандықтарға 88,7 млрд теңгеге айыппұл салынды, яғни өсім 36 пайыз болған.

    Осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2014 жылы – 21,672 млрд теңгеге айыппұл салынған, бұл қазіргімен салыстырғанда 6.4 есе аз.

  • Шенеуніктер жол ережесін сақтай ма? – жартыжылдық қорытынды шықты

    Шенеуніктер жол ережесін сақтай ма? – жартыжылдық қорытынды шықты

    Қазақстандық мемқызметкерлер  қаншалықты жол ережесін біледі және оны үнемі сақтап жүре ма? Осы сұрақтың жауабын білу үшін Бас прокуратураға жүгіндік.

    Қылмыстық жауапкершілік

    2024 жылдың басынан Республика соттары 3 шенеунікке қатысты үкім шығарған

    • ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-тармағына (абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) сәйкес, Жамбыл және Маңғыстау облысында 2 факті тіркелген;
    • Осы баптың 1-тармағына (масаң күйде абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiру) сай, СҚО-дағы шенеунік жазасын алған.

    Әкімшілік жауапкершілік

    Бас прокуратура жол ережесін бұзған мемлекеттік қызметшілердің әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны бойынша да ақпарат ұсынды. Мәлімет бойынша ең көп факті Ақмола облысында тіркелген – 223. Антилидердің 2-орынына 191 заңбұзушылықпен Қостанай облысы, 3-орынға 165 дерекпен Жамбыл облысы жайғасты. Жалпы жартыжылдықта Қазақстанда шенділердің қатысуымен 1825 рет ереже бұзылған.