Метка: Жол жөндеу

  • Биыл елімізде 13 мың шақырым жол жөндеуден өтеді

    Биыл елімізде 13 мың шақырым жол жөндеуден өтеді

    ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында 2025 жылы жөндеу жұмысы 13 мың шақырым жолды қамтитыны жоспарланғанын айтты.

    «Оның 9,5 мың шақырымы қажетті қаржымен қамтамасыз етілген, қалған шақырымын қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Жаңа жобалар бойынша құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдардың нормативтік жағдайы 94%-ды, ал жергілікті жолдарда – 91%-ды құрайды.

    Өткен жылдары басталған ұзындығы 1,08 мың шақырым жобалардың: Қалбатау – Майқапшағай (405 км), Күрті – Қонаев (67 км), Қызылорда – Жезқазған (398 км) және Ұзынағаш – Отар (42 км) құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1 045 шақырым бірінші техникалық санаттағы жаңа магистралдардың құрылысы басталады», – деді Көлік министрі Марат Қарабаев.

    Министр мердігерлерді таңдау кезінде отандық компанияларға немесе шетелдік әріптестердің қатысуымен консорциумға артықшылық берілетінін, бұл қазақстандық құрылыс секторының одан әрі тұрақты дамуына ықпал ететінін атап өтті.

    «вБұдан басқа, Президенттің тапсырмасы бойынша, 2029 жылға дейін 3 мың шақырым жолды бірінші және екінші санаттарға ауыстыра отырып, реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл аталған сала мен ел экономикасының дамуына жаңа серпін береді.

    Ағымдағы жөндеумен 6,6 мың шақырым қамтылады. Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін өңіраралық және аудандық жолдарды қосу. Биыл Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Абай облыстарында ауқымды жұмыстар жоспарланған», – деді ведомство басшысы.

    Жөндеу жүргізілмегеніне 30 жылдан 50 жылға дейін болған жолдар, Петропавл – Жезқазған (703 км), Қандыағаш – Шалқар (246 км), Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы (156 км), Қарағанды – Аягөз – Боғас (452 км) толық жөндеуден өтеді.

  • 2025 жылы Алматыда 300 шақырым жол жөнделеді

    2025 жылы Алматыда 300 шақырым жол жөнделеді

    Биыл Алматыда жалпы ұзындығы 223 шақырым 253 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы Алматы қаласының Қалалық мобильділік басқармасы хабарлады.

    Биыл жөнделген жолдың ішінде ұзындығы 57 шақырым 20 магистраль көшеге, сондай-ақ ұзындығы 30 шақырымдай жаяу жүргіншілер жолдарына және 40 аялдама алаңдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.

    Оның ішінде:

    — Алатау ауданы — 66 көше;
    — Алмалы ауданы — 15 көше;
    — Әуезов ауданы — 18 көше;
    — Жетісу ауданы — 29 көше;
    — Медеу ауданы — 33 көше;
    — Наурызбай ауданы — 22 көше;
    — Түрксіб ауданы — 36 көше;
    — Бостандық ауданы — 34 көше.

    – 2025 жылы ұзындығы 300 шақырым көше жол желісінің жабынын орташа жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланған. Орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін көше тізімдері аудан әкімдіктерімен келісе отырып, сондай-ақ тұрғындардың өтініші бойынша құрылады, – деді Қалалық мобильділік басқарма басшысының орынбасары Асан Бостанов.

  • Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспары қалай жүзеге асуда?

    Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспары қалай жүзеге асуда?

    Қонаев қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру жобасы  таныстырылды.

    Қонаев қаласының кешенді даму жоспарына сәйкес, жергілікті бюджеттен 3 млрд 952,5 млн теңгеге 66 жоба қаржыландырылып, іске асырылуда. Оның ішінде 11 жобаның (сумен қамту бойынша 10 жоба, жылумен қамту бойынша 1 жоба) жобалық сметалық құжаттамаларын әзірлеуге 2021-2023 жылдарға 167,8 млн теңге бөлініп, игерілген. Биыл осы жобаларды мемлекеттік сараптамадан өткізуге қосымша 16,9 млн теңге бөлінді.

    Сондай-ақ, 54 жобаға жобалық сметалық құжаттама әзірлеуге 3 млрд 835,6 млн теңге;

    Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша – 38 жобаға 2 млрд 954,3 млн теңге:

    Сумен қамту және су бұру желілерін реконструкциялауға 7 жобаға 190,2 млн теңге;

    Жылумен қамту бойынша 5 жобаға 574,3 млн теңге;

    Электрмен қамту бойынша 16 жобаға 1 млрд 620,6 млн теңге;

    Абаттандыру бойынша 8 жобаға 467,7 млн теңге;

    Басқа да инженерлік желілердің құрылысы бойынша 2 жобаға 101,6 млн  теңге;

    Автомобиль жолдары саласы бойынша – 15 жобаға 876,3 млн теңге;

    Автомобиль жолдарының құрылысы мен реконструкциялауға 7 жобаға  684,1 млн теңге бөлінді.

    Ал қала, шағын аудандар мен ауылдық елді мекендердің жолдарына күрделі және орташа жөндеу бойынша 8 жобаға 192,2 млн теңге көзделген. Аталған жобалар бойынша жасалған келісім-шарт осы жылдың соңына дейін мемлекеттік сараптамадан өтеді деп жоспарланған.

    Мұнымен қоса, өрт сөндіру депосының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу үшін ЖСҚ  әзірлеуге 5 млн теңге бөлінді. Бұл бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.

    Кешенді даму жоспарындағы «110 кВ екі тізбекті ӘЖ бар 150 МВА Арна 220/110/10 кВ Арна роботының құрылысы» жобасы құрылысының бастапқы кезеңіне 100 млн теңге көзделді.

    Жылу желілері жаңарады

    Қонаев қаласы бойынша жылу желілерінің ұзындығы 58,4 шақырымды құрайды (оның ішінде жерасты монтажы 51,49 шақырым, жер үсті монтажы 6,87 шақырым). Бүгінде Қонаев қаласы бойынша жылу желілерінің 42 пайызы тозығы жеткен.

    Былтыр қаланың 2,4, 5 ықшам аудандарындағы ұзындығы 3,077 шақырымды құрайтын жылу жүйелері құрылысы басталған еді. Сонымен қатар 2023 жылдан бастап ықшамауданның сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңғырту жұмыстары да қоса атқарылды. Атап айтқанда, бұл шара «Қарлығаш» (12,6 шақырым және 5,2 шақырым), «Гүлдер» (4,2 шақырым және 2,4 шақырым), № 8, 10  (26,8 шақырым) ықшам ауданындағы құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

    «Гүлдер», «Қарлығаш» шағын ауданында кәріз және сумен қамту жобасын аяқтау үшін «Қапшағай Көркейту» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен Қонаев қаласы әкімдігі арасында келісім-шарт жасалған. Құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.

    Сонымен, қазіргі таңда кәріз жүйесінің– 90%-ы, ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысының – 90%-ы жаңартылып жатыр. Одан бөлек, былтыр басталған 11 сорғы стансасын қайта жаңғырту жобасын кестеге сай жүргізілуде.

    Жол жөндеу жұмыстары тоқтаған емес

    Бүгінде қала жолдарының ұзындығы 213,81 шақырым, оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы 181,7 шақырым жол 85%-ды құрайды.

    Ұзындығы 14,1 шақырымды құрайтын «№8,10» ықшамауданы жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның аяқталу мерзімі – 2025 жыл.

    Қаладағы автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу және жол шұңқырларын жабу үшін 22 көшеде (5000 м2 астам) көше ойықтарын жабу жұмыстары жүргізілді. 9 көшеде (20 000 м2 астам) ағымдағы жөндеу жұмыстары қатар атқарылып жатыр.  

    Сондай-ақ, Алматы, Абай, Достық, Үш аллея, т.б көшелердегі ой-шұңқырларды жабу жұмыстары жүргізілді. Железнодорожная көшесіндегі «Алтын алма», «Гүлдер» шағын ауданы, «Астория» ойынханасына қарама-қарсы көпір астындағы жол, халыққа қызмет көрсету орталығының жанындағы бір жақты жол, 5-шағын аудандағы Алматы көшесінен кіреберіс жолындағы 27 және 40 үйлер арасындағы Железнодорожная көшесінде жөндеу жұмыстары аяқталды.

    Сонымен қатар, Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауы Қазақстан Республикасының Туризм картасына енгізілгендіктен, туризм инфрақұрылымын дамыту мақсатында Сейфулин көшесінен Морелюкс демалыс аймағына дейін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

    Электр желілерінің 40 пайызы тозған  

    Қонаев қаласы бойынша электр желілерінің ұзындығы 293,5 шақырым болса, оның 40 пайызы тозған.   2023 жылы «Строитель» саяжай ауданында электр беру желісінің құрылысы басталған еді. Бүгінде электр желісінің 23,1 шақырымы салынып, 11 трансформаторлық қосалқы станса, 800-ден астам баған орнатылды.

    Ал  «Алтын алма» саяжай алқабында 3 трансформаторлық қосалқы станса, 510 баған орнатылып, 47 шақырымға кабель төселді.  Қалада сыртқы жарықтандыруды жаңғырту жұмысы жүргізіліп, автоматты түрде қосылып және сөнетін энергияны үнемдейтін 1 020 ақылды шамдары орнатылды. Жарық қараңғылық деңгейіне қарай жарық күшейтіледі. Қазіргі уақытта күрделі жөндеуден өтіп жатқан Сейфуллин көшесінде де «ақылды шамдар» орнатылған. Одан бөлек жаяу жүргіншілердің тротуарына да 3500 шам орнатылады. Бұл  қала тұрғындарының қоғамдық орында жайлы және қауіпсіз жүріп-тұруына септігін тигізеді.  Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта жа жалғасын табады.

  • Жолға жауапты 300-ге жуық қызметкер жауапқа тартылды

    Жолға жауапты 300-ге жуық қызметкер жауапқа тартылды

    Алматы облысында жол апатына себепкер болған қосалқы мердігерге айыппұл салынды. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 9 қарашада Шелек ауылындағы кәріз желілерін қайта жаңарту учаскесінде жол-көлік оқиғасы болған. Тoyota Camry көлігін басқарған жүргізуші әйел жол бойында қажетті ескерту белгілерінсіз қалған топырақ пен үйінді түріндегі кедергіге соғылған. Оқиға салдарынан зардап шеккен жүргізуші аудандық ауруханаға жатқызылды.

    Еңбекшіқазақ ауданының полицейлері қажетті қауіпсіздік шараларын сақтамаған және жолда ескерту белгілерінсіз кедергі қалдырған қосалқы мердігерді анықтады. Жолдарда жұмыс жүргізу жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін қосалқы мердігер ұйымға айыппұл салынды.

    Ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері автожолдарға 2027 зерттеу жүргізілген. Олардың әрқайсысының қорытындысы бойынша тиісті нұсқамалар шығарылды.

    Жол-коммуналдық ұйымдардың 281 лауазымды қызметкері автожолдарды, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын және инженерлік құрылыстарды тиісінше ұстамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұрын жіберілген нұсқамалардың талаптарын орындамағаны үшін 29 жауапты адамға қатысты материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін сотқа жіберілді, – делінген полиция хабарламасында.