Метка: жөндеу

  • Қонаевта 7 км су және кәріз желілері жаңартылып жатыр

    Қонаевта 7 км су және кәріз желілері жаңартылып жатыр

    Қонаев қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. «Қонаев Су Арнасы» ШЖҚ МКК директоры Мади Темірәлиев Табиғи монополияларды реттеу департаменті өкілдеріне есеп беріп, жүзеге асқан жобалар туралы баяндады.

    Оның айтуынша, мекеменің техникалық базасын жаңартуға және тозығы жеткен желілерді ауыстыруға бағытталған бес жылдық бағдарлама қабылданған. Соның ішінде 2024–2025 жылдарға жалпы құны 462 миллион теңгені құрайтын жоспар іске асырылып жатыр. Бағдарлама аясында ұзындығы 7 шақырымнан асатын су және кәріз желілері жөнделуде, сондай-ақ сүзгі станцияларына жеті жаңа сорғы орнатылды.

    Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенованың айтуынша, аталған шаралар «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бұл бастама қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған.

    «Қонаев қаласына тәулігіне шамамен 20 800 текше метр су қажет. Осы көлемді тұрақты жеткізу үшін инфрақұрылымды жаңарту қолға алынды. Сүзгі станцияларындағы жабдықтар ауыстырылып, мекеме өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін табуда. 2026 жылдың шілдесіне дейін ауыз су тарифі өзгермейді, негізсіз өсім болмайды», – деді ол.

    Сонымен қатар, келер жылы жаңа бес жылдық бағдарлама бекітіліп, коммуналдық мекемелер үшін арнайы Ұлттық жобаға қатысу жоспарланып отыр.

    Кейіннен департамент басшысы атқарылған жұмыстармен танысу үшін бірнеше нысанды аралап көрді.

    ? Еске салсақ, бұған дейін Қонаевта кәріз-тазарту жүйесінің де күрделі жөндеуден өтетіні хабарланған.

  • Қонаевта 30 жыл асфальт көрмеген жолдар бар

    Қонаевта 30 жыл асфальт көрмеген жолдар бар

    Қонаев қаласының Кешенді даму жоспары аясында Шеңгелді ауылдық округіне қарасты Сарыбұлақ, Ақөзек және Қосқұдық ауылдарында жол жөнделіп жатыр. Бұл туралы қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиев хабарлады.

    Мекеме басшысының айтуынша, Қосқұдық ауылында ұзындығы 8,5 шақырым болатын 8 көше, Сарыбұлақта 14 көшенің 7,7 шақырымы, ал Ақөзекте 6 көшенің 3,9 шақырым жолы орташа жөндеуден өтуде. Барлық учаскелерде жолдың ені 6 метр болып, бір қабат асфальт төселеді. Қазіргі таңда қиыршық тас төсеу, тегістеу жұмыстары аяқталуға жақын.

    «Жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Жол құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар биыл Кербұлақ ауылындағы жолдар да орташа жөндеуден өтеді», – деді Бағдат Алиев.

    Оның айтуынша, Кешенді даму жоспары аясында жалпы 19 жоба қарастырылған. Қазіргі уақытта бірқатар жобаның сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылуда.

    Сондай-ақ қаланың өзінде жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында ағымдағы жөндеу, шұңқырларды жамау, жол белгілерін және жасанды жол дөңестерін орнату, жолақтар сызу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар шілде айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.