Метка: ЖШС

  • Талдықорғанда бұрынғы қызметкер ЖШС басшылығын «айыптайтын» деректермен қорқытып, пәтер талап еткен

    Талдықорғанда бұрынғы қызметкер ЖШС басшылығын «айыптайтын» деректермен қорқытып, пәтер талап еткен

    Талдықорғанда жергілікті ЖШС-тің бұрынғы басшысы қызметінен кетірілгеннен кейін жұмыс берушілерінен мүлік талап етіп, оларды қорқыту арқылы пайда табуға әрекеттенген, деп хабарлайды Sona.kz Hronika.kz-ке сілтеме жасап.

    Полицияның мәліметінше, ер адам компанияда ресми түрде тіркелмей, белгілі бір уақыт басшылық қызметін атқарған. Қызметінен ауызша босатылғаннан кейін ол ЖШС директоры мен құрылтайшыларына қысым көрсетуді бастаған.

    Ол қолында «салық берешектері» және ұйымның іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін өзге де мәліметтер бар екенін айтып, оларды жариялаумен қорқытқан. Осы деректерді «жарияламау» үшін ол құны 16,5 млн теңге болатын талдықорғандық пәтерді өз атына аударуды талап еткен.

    Кейін ер адам Алматыға барып, ЖШС құрылтайшысына да осындай қысым көрсеткен. Ол талап еткен пәтерді нотариус арқылы өз атына аударуға әрекеттенген.

    Полиция қызметкерлері оны нотариалдық кеңседе, жылжымайтын мүлікті қайта рәсімдеу барысында ұстады. Құқық қорғаушылар ірі мөлшердегі заңсыз мүлік иемдену әрекетінің жолын кесті.

    Сот ер адамды қорқытып ақша бопсалау дерегі бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды.

     

  • Қонаевтағы жаңа кәсіпорында еңбек адамдарына сұраныс артты

    Қонаевтағы жаңа кәсіпорында еңбек адамдарына сұраныс артты

    Кәсіпорын үш негізгі өнім – сұйық май, құрама жем және ұн өндіреді. Жаңа өндіріс орны халықты жұмыспен қамтуға да өз үлесін қосуда.

    Зауыт басшылығының айтуынша, алғашқы кезеңде маман тапшылығы байқалған. Бүгінде бұл мәселе жүйелі түрде шешімін тауып жатыр.

    «Қызметкерлерді арнайы іріктеуден өткізіп, өңірдің түкпір-түкпірінен мамандар тарттық. Кәсіпорында оқыту курстары ұйымдастырылып, жас кадрлар даярланып жатыр. Қазір 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды», – деді зауыт директорының орынбасары Самат Бердіқұлов.

    Өндірістің жауапты учаскелерінің бірін инженер Сергей Бедарев басқарады. Ол бұған дейін Қонаевтағы өзге өндіріс орнында еңбек еткен. Қазір ол жаңа кәсіпорындағы құрама жем шығаратын учаскенің жұмысын үйлестіреді.

    «Негізгі мамандығым – инженер. Өндірісте қателікке жол жоқ. Әрбір процесс кәсібилікті, мұқият бақылауды талап етеді», – дейді ол.

    Сергей басқаратын учаскеде тәулігіне 1500 тоннаға дейін құрама жем өндіріледі. Учаске бастығы өнімнің сапасын тұрақты қадағалап, барлық технологиялық талаптардың орындалуын бақылап отырады.

    Айта кетейік, Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Оның басты мақсаты – еңбек адамының мәртебесін көтеру, кәсіби-техникалық мамандардың қоғамдағы рөлін арттыру. Қонаевтағы жаңа кәсіпорын осы бағыттағы жұмыстардың нақты көрінісі. Мұнда өндірісте тер төгіп жүрген мамандардың еңбегі еленіп, жаңа жұмыс орындары ашылуда.