Метка: Жұмысшы мамандықтар жылы

  • Тігіншіліктен қоғамдық жобаға дейін: Жанат Қалжанованың жеңісті де жемісті жолы

    Тігіншіліктен қоғамдық жобаға дейін: Жанат Қалжанованың жеңісті де жемісті жолы

    АНАМ ТІГІНШІ ЕДІ

    Анам еңбек сабағынан мұғалім болды. Қартайған шағына дейін тігін тігетін. Кішкентайымнан анама көмектесіп жүретінмін. Осылайша, маған да тігіншілік өнері дарыды. Кейіннен қызым да осы саланы таңдады. Биыл дизайнер мамандығын меңгеріп, ЖОО аяқтайды. Оның бірақ таңдаған бағыты басқа. Қызым той көйлектерін, түрлі стильдегі киімдерді тіккенді ұнатады. Қазірдің өзінде шәкірт тәрбиелеп, жастарды тігін саласына баулуда. Ал мен құрақ көрпенің неше түрлісін ойлап тауып, тігіп, келістіріп, осы бағытта 18 жыл қызмет етіп келемін.

    ТІГІН ЦЕХЫН АШУҒА НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?

    2007 жылы «Ана сәулесі» көпбалалы аналар қауымдастығының іргесін қаладым. Ол кезде халыққа жұмыс жоқ, сондай қиын кезең еді. Әкімдіктің мамандары жертөледен кеңсе тауып берді. Сонда көпбалалы аналар барлығымыз бірігіп, шағын тігін цехының жұмысын бастадық. Қазір цехымыз үлкейді. 10-нан астам қызметкеріміз, бірнеше станоктарымыз бар. Қыз жасауын жасап, ел алғысын алып келеміз. Қоғам өміріне белсене қатысып, басқаларға көмек берген еңбегіміз еленіп келеді. Тіпті, шетелдерге тапсырыстарды жеткізіп жатырмыз. Алматының үлкен базарларындағы кәсіпкерлермен де етене жұмыс істеудеміз.

    БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ҚАЛАЙ ТӨТЕП БЕРУГЕ БОЛАДЫ?

    Бүгінде кәдімгі көрпеден бастап, 3D және күрделі құрақпен жасалған көрпелер тігеміз. Оның ішінде де түр-түрге бөлінеді: құдағи көрпе, махаббат көрпесі, жалғыз кісілік көрпе, төсек жинақтары. Үнемі даму үшін ізденіс үстіндеміз. Біздің басты мақсат – сапаны күннен күнге арттыру. Сондықтан тапсырыс берушілер өте көп, бәсекеліктен де қорықпаймыз. Адал еңбек алтын сапаның көрсеткіші.

    МАМАНДЫҚТЫ ИГЕРУ ҮШІН АДАМ БОЙЫНДА ҚАНДАЙ ҚАСИЕТТЕР ТАБЫЛУЫ ҚАЖЕТ?

    Кез келген мамандықты меңгеру үшін ең алдымен ынта, қызығушылық қажет. Сонда ғана алынбайтын асу жоқ. Бізге небір қыздар тәжірибе жинауға, жұмысқа тұруға келеді. Бір ай ішінде нәтиже көрсететіндері де, көрсетпейтіндері де болады. Атүсті қараса, қош айтысамыз. Ал егер талпынса, онда қолынан іс келгенше үйретеміз. Жетістіктің кілті осы ынта мен ішкі жігерде жатыр.

    Жанат Қалжанова Мансап орталығының ұсынған «Күміс жас», Қоғамдық жұмыс орындары бағдарламалары арқылы да азаматтарды жұмыспен қамтып отыр.

    Ол – анадан дарыған тігіншілік өнерін ұрпағына жалғап, он саусағынан өнер тамған қолөнерші ғана емес, сонымен қатар әйелдердің, әсіресе, көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосып жүрген азамат.

    Жанат апайдың еңбек жолы — жас буынға үлгі. Оның өмірлік ұстанымы мен табандылығы, адал еңбегі мен сапаға деген талабы — кез келген кәсіп иесіне өнеге боларлық.

  • Қазақстан мектептерінде жаңа лауазым пайда болады

    Қазақстан мектептерінде жаңа лауазым пайда болады

    Әрі педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ресми түрде бекітіліп отыр.

    Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі бұл бастама оқушыларға мамандық таңдауда ерте бағыт-бағдар береді деп сендірді. Сонымен қатар, оқушылар, ата-аналар, педагогтер, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыс пен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталғанын мәлім етті.

    Педагог-кәсіптік бағдар берушінің негізгі міндеттері:

    • Оқушыларға мамандық пен білім бағытын таңдауда қолдау көрсету;
    • Жеке және топтық кәсіби кеңес беру жұмыстарын жүргізу;
    • Кәсіптік бағдар беруге арналған іс-шараларды ұйымдастыру;
    • Жұмыспен қамту орталықтарымен, колледждермен және кәсіпорындармен байланыс орнату;
    • Оқушыларға еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар мен заманауи үрдістер туралы ақпарат беру.

    «Жаңа лауазымның енгізілуі оқушылардың саналы әрі дұрыс кәсіптік таңдау жасауына көмектеседі, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбекке бейім, білікті және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді», – деп жазылған ресми хабарламада.

  • Алматыда педагогтар арасында халықаралық байқау өтеді

    Алматыда педагогтар арасында халықаралық байқау өтеді

    Алматы құрылыс-техникалық колледжінде 27-28 ақпан күндері сағат 10.00-де Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолия кәсіптік білім беру мекемелерінің педагогтері арасында WorldSkills стандарттары негізінде «Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша Ресурстық орталығын ашу және Халықаралық кәсіби байқауы өтеді.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Іс-шараны өткізудегі мақсат – жұмысшы біліктілігінің беделін арттыру, Алматы қаласы ТжКББ жүйесінің ұстанымын күшейту, кәсіби білім беру жүйесіне қоғамның назарын аудару, педагогтердің одан әрі кәсіби дамуы үшін тәжірибе алмасу.

    Бұл шараға Алматы қаласы білім басқармасының өкілдері мен колледж басшылары, «Талап» КЕАҚ, GROHE, KNAUF, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Монголия білім беру ұйымдарының өкілдері және әлеуметтік серіктестер қатысады.

    Президенттің жолдауында айтылған «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай, ауқымды жобаларды іске асыру аясында, ел экономикасын дамыту үшін білікті жұмысшы кадрларын даярлау, жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтардың мәртебесін көтеру, сонымен қатар Алматы қаласы Білім басқармасының медиа-жоспарына сәйкес «Алматы құрылыс-техникалық колледжі» КМҚК базасында «әлемдік жетекші бренд GROHE» Ресурстық орталығының салтанатты ашылуы, сонымен қатар Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Тәжікстан және Моңғолия елдерінің кәсіптік білім беру мекемелерінің педагогтері арасында WorldSkills стандарттары негізінде «Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша халықаралық кәсіби байқауы ұйымдастырылады.

    Ресурстық орталықтың негізгі міндеті – білім алушыларды әртүрлі деңгейдегі WorldSkills чемпионаттарына дайындау, қалалық, республикалық және халықаралық деңгейлерде кәсіби байқаулар өткізу, шеберлік класстар, оның ішінде жұмыс берушілермен семинарлар, конференциялар, біліктілікті арттыру курстарын өткізу. Жұмыс берушілер талап ететін барлық дағдыларға ие білікті мамандарды дайындау, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы білім беру сапасын арттыру, сондай-ақ, жұмыс берушілер мен колледж арасындағы келісімнің жаңа формасын құру.

    Халықаралық кәсіптік байқауды өткізудің мақсаты – кәсіптік құзыреттерді анықтау, кәсіптік білім беру ұйымдарының дарынды және шығармашыл педагогтарын қолдау. Оған «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің инженерлік жүйелерін салу және пайдалану» саласындағы «Хаус-мастер» біліктілігі бойынша Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолия мемлекеттерінен педагогтар қатысады.

    Euroskills Herning 2025 (Дания) чемпионатына дайындық шеңберінде Ресурстық орталығында өткен жылдардағы WorldSkills Республикалық чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған қатысушылар арасында «Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша іріктеу туры өтеді. Бұл байқау түріктілдес елдер арасында алғашқы кәсіби шеберлік чемпионаты ретінде өтіп, жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылған.

    Бұл байқау Қазақстанның білім беру және кәсіптік білім саласындағы үлесін көрсетуге үлкен мүмкіндік береді.

    55 жыл ішінде «Алматы құрылыс-техникалық колледжі» мыңдаған жұмысшы кадрларды
    «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Жиһаз өндірісі», «Жылжымайтын мүлікті басқару», «Электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану (түрлері және салалары бойынша)»,
    «Дәнекерлеу ісі (түрлері бойынша)»,
    «Сандық техника (түрлері бойынша)»,
    «Архитектура»,
    «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану» мамандықтары бойынша даярлап шығарды.

    Алматы құрылыс-техникалық колледжі көптеген ұлттық және халықаралық жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істейді. Колледж әлеуметтік жобаларға белсене қатысады және қоғамның дамуына өз үлесін қосады.

    Алматы құрылыс-техникалық колледжінің болашағы жарқын және ол алдағы жылдары да білім беру саласында жоғары жетістіктерге жетуді жалғастырады. Инновациялық оқыту әдістері, заманауи технологиялар және білікті оқытушылар ұжымы колледждің одан әрі даму жолында маңызды рөл атқарады.

    Жұмысшы біліктілігінің беделін арттыру, Алматы қаласындағы ТжКБ жүйесінің ұстанымын нығайту, кәсіптік білім беру жүйесіне қоғамның назарын аудару. Осы іс-шараларға қатысу педагогтердің одан әрі кәсіби дамуы үшін мотивация мен тәжірибе алмасудың қуатты көзі бола алады. Байқауға қатысушылар өз салаларында өздерінің үздік дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алады.

  • Жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық бағдарлама іске қосылмақ

    Жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық бағдарлама іске қосылмақ

    Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырды.

      «Жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибесін кеңінен таратып, жаңа ынталандыру шараларын енгізу керек. Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын», – деді Үкімет отырысында Олжас Бектенов.

    Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі салалық және өңірлік жоспарлардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

    «Барлық іс-шаралар жүйелі, нәтижелі және олардың әлеуметтік-экономикалық ұзақмерзімді әсері болуы тиіс. Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелерін үнемі бақылауда ұстайды», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

     

  • 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды

    2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды,

    Айта кетсек, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 627,6 мың қазақстандық қатысты. 496,2 мың адам жұмыспен қамтылып, оның 311,1 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты.

    Субсидияланатын жұмыс орындарына 185,1 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 15,5 мың адам, жастар практикасында 32,2 мың адам, қоғамдық жұмыстарда 108,4 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 9,5 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 417 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 19 мың адам жұмыспен қамтылды.

    Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 55,2 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 50,1 мыңы оқуды аяқтады.

    Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 57,5 мың адам қамтылды, оның ішінде 36,6 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.

    Қызмет саласын таңдау мақсатында 202,4 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.

    Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін ағымдағы жылдың басынан халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі (1 476 800 теңге) мөлшерде 8 941 грант берілді.