Метка: зымыран

  • Қазақстан 2025 жылы ғарышқа өз зымыранын ұшырады

    Қазақстан 2025 жылы ғарышқа өз зымыранын ұшырады

    Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Сенаттың жалпы отырысында 2025 жылы ғарышқа отандық зымыран ұшыру жоспарда тұрғанын айтты.

    «Бәйтерек» Қазақстан зымыран кешенінің жобасы туралы айтсақ, жұмыс қайта жанданды. Бірінші «Союз-5» зымыран тасығышын ұшыру 2025 жылға жоспарланған. Коммерциялық бағытта зымыран ұшыру 2028 жылға жоспарланған. Үш жыл бойы тестілеу режимінде зымырандар ұшырылады», – деді ол.

    Министрдің сөзінше, қазір отандық зымыранды ғарышқа шығару мәселесі жан-жақты пысықталып жатыр.

    «Отандық зымыран тасығыш ғарышқа тәуелсіз жол ашу құралын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазір зымыран тасығыштың компоненттері мен материалдарын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Зымыранның қоспа отынының прототипі жасалды. Метеорологиялық зымыранды ұшыру 2025 жылға жоспарланған. Аса жеңіл зымыранды сынақтан өткізу 2023 жылға белгіленген», – деді Жаслан Мәдиев.

    БҰҰ-ның тәуелсіз бағалауы бойынша Қазақстан цифрландыру саласында алға ілгерілеп келеді. Қазақстан «Электронды үкіметтер» индексінде 163 елдің ішінде 24 орын алып, «онлайн қызметтер» индексінде үздік ондыққа кірді.

  • Илон Масктың «Super Heavy» зымыран тасығышы сәтті қонды

    Илон Масктың «Super Heavy» зымыран тасығышы сәтті қонды

    SpaceX компаниясының инженерлері алғаш рет «Super Heavy» зымыран тасығышын кеңістіктен ұстап алып, тұғырына қайта қондырды, деп хабарлайды BBC.

    Илон Масктың компаниясы «Starship» зымыранын бесінші рет сынақтан өткізіп, осы нәтижеге жетті. Әдетте зымырандар әуеге жіберілгенннен кейін, айлаққа қайта қонбай, мұхитқа барып құлайтын еді.

    Бұл жолғы «Starship-тің» үдеткіші 33 қозғалтқышпен жабдықталған, яғни ең қуатты ракета болды. Оның күші 74 меганьютонға тең. Инженерлер болашақта зымыранды ұшақ секілді тек отынын ауыстырып, бірнеше рет қолдануға болатындай етіп жетілдіргісі келеді.

    Илон Масктың Starship бағдарламасының түпкі мақсаты – Марс планетасына адам қоныстандыру. Бұл бағдарлама Масктың тағы бір жобасы – жер жүзінің түкпір-түкпіріне спутниктер арқылы ғаламтор орнататын «Starlink-тің» дамуына серпін береді.

  • Иран Израиль аумағын 200-ге жуық зымыранмен атқылаған

    Иран Израиль аумағын 200-ге жуық зымыранмен атқылаған

    Иран сейсенбінің кешінде Израиль аумағына 200-ге жуық зымыран жіберген. Ислам республикасының билігі Израильдің тек әскери нысандарына оқ жаудырғанын мәлімдеді. Бұған қоса кең ауқымды соғысты қаламайтынын жеткізді. Ислам революциясы сақшыларының корпусы, Хамас лидері Исмаил Хания мен «Хезболла» лидері Хасан Насралланың өлімі үшін кек алу мақсатында Израильге соққы бергенін мәлімдеді. Ал Израиль кек қайтарған жағдайда, Тегеран жойқын шабуылмен жауап беретінін де ескертті. Иранның ракеталарын Израиль АҚШ-тың эсминец кемелерінің көмегімен атып түсірген. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Иран Израиль аумағын баллистикалық зымырандармен атқылап, үлкен қате жібергенін және сол үшін жауап беретінін мәлімдеді. Тегеранның шабуылынан кейін Израиль әскерилері «Хезболла»-ның Бейруттегі нысандарына соққы берген.