Қонаев қаласы Алматы облысының орталығы статусын алғанына 2 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақытта шаһарда қандай өзгерістер болды? Оқырман үшін бірқатар деректі ұсынамыз:
Біріншіден, құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 59,8 млрд. теңгені құрады. 132,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыстың негізгі бөлігі жеке компаниялардың есебінен жүзеге асырылды. Қазіргі таңда 25 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Ал бюджет есебінен 60 пәтерлік 3 тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар «Самал» және «Ардагер» ықшамаудандарында жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру жобасы жүзеге асырылуда.
Екіншіден, инженерлік желілер жаңартылуда. Атап айтқанда, қаланың 2, 4 және 5-ықшам аудандарындағы жылу жүйелері түгел ауыстырылды. Жүйенің жалпы ұзындығы – 3,077 шақырым.
Қарлығаш және Гүлдер, 8 және 10-шағынаудандарында су және кәріз құбырлары жаңартылуда. Жоба 2025 жылы желтоқсанда аяқталады деп күтілуде. Кәріз-тазарту жүйесін жаңарту болса, Кешенді даму жоспарына кірді. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асады.
Бұдан бөлек, 11 кәріз-сорғы стансасы жаңартылып жатыр. Құрылысы 2025 жылдың наурызында аяқталады деп жоспарланған.
Үшіншіден, қанағаттанарлық жағдайдағы жол 85%-ға жетті. Қалаішілік жолдардың жалпы ұзындығы – 213,81 шақырым. Биыл 9 көшенің жолына ағымдағы жөндеу, ал 22 көшеде шұңқырларды жамау жұмыстары жасалды.
Бұдан бөлек, 8-10 шағынауданның жолы күрделі жөндеуден өтуде. Көшенің ұзындығы 14,3 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда 35 пайыз құрылысы аяқталған. Жоба 2025 жылға өтпелі. Қапшағай су қоймасының жағалауы туристік картаға енгізілуіне байланысты биыл «Morelux» демалыс аймағына баратын жол ағымдағы жөндеуден өтті.
Ал жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 620 дана белгі орнатылды, мүгедектігі бар адамдарға арналған 30 тұрақ белгісі қойылды, 3042 шаршы метр жолақ сызылды. Гүлдер, Арна, Восточный шағынаудандарына 23 аялдама орнатылды.
Төртіншіден, электр желілері ауыстырылуда. 2023 жылы Құрылысшы шағынауданында 23 шақырымнан астам электр желісі тартылды, 11 трансформатор, 800-ден астам жарық бағанасы қойылды. «Алтын алма» саяжайында 3 трансформатор, 510 бағана орнатылып, 47 шақырым желі тартылды. Кешенді даму жоспары аясында 16 жобаның семталық құжаттары әзірленуде.
Бесіншіден, қала халқының көгілдір отынға қосылу үлесі 39 пайызға жетті. Қазір Қонаев пен оған қарасты елдімекендерден 5880 тұтынушы газға қосылған. Оның ішінде 5043 пәтер, 12 кәсіпорын, 65 нысан бар.
Биыл №2 шағынауданға құбырларды тартуды аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар №19-20, Спутник, Арна, Рауан ықшамаудандарына газ жергілікті бюджет қаражатына тартылады. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Бұдан бөлек, ауылдарға, саяжайларға, жаңа ш/а-ға көгілдір отын тарту үшін 5 жобаның құжаты жасалып жатыр.
Алтыншыдан, 89 нысан жөндеуден өтті. Оның қатарында 22 аула, 8 спорт алаңы, 3 парк пен 8 сквер, 48 қасбет мен шатырларды жөндеу секілді жұмыстар бар. Қазақстанда теңдессіз «Скейт-парк» алаңы, «Кроссфит» алаңы салынып, қолданысқа берілді. Бұл нысандар жастар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін және бұқаралық спорт түрлерін дамыту үшін жөнделді. Орталық саябақ, Жеңіс паркі күрделі жөндеуден өтіп, заманауи сәулеттік нысандармен жабдықталды. Сонымен қатар Сейфуллин көшесін абаттандыру жұмыстары аяқталуда. Көшенің ені 10 метрден 15 метрге ұлғайтылды, 3 қабат асфальт төселді. Жаздық және қыстық 15 аялдама қойылды. Сейфуллин көшесінің басқа көшелермен қиылыстарында бағдаршамдар орналастырылды. Тротуар мен веложүргіншілер жолы салынды, олардың бойына 820 дана сәндік шамдар қойылды. 100 орындық пен қоқыс жәшігі орналастырылды. Воркаут алаңдар пайда болды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнекамералар орнатылды. 233 жарық бағанасы жаңартылып, оларға ақылды шамдар қойылды.
Жетіншіден, Қонаевта 36 инвестжоба жүзеге аспақ. Биыл негізгі капиталға 100,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Былтыр бұл көрсеткіш 88,7 млрд теңгені құрады. Жалпы алдағы 6 жылда құны 2305,8 млрд теңгені құрайтын 36 инвестжобаны жүзеге асыру көзделуде. Қазірдің өзінде 21 жоба бойынша жұмыстар басталған. Олардың қатарында кірпіш зауытын, медициналық нысан, қонақ үй кешендерін, сүт-тауарлы фермасын салу секілді түрлі бағыттағы жобалар бар.
Сегізіншіден, туризмді дамыту мақсатында 5-жағажай абаттандырылды. Мұнда балалар бассейні, шатырлар, бизнес ойындары, футбол, волейбол алаңдары, жуынатын, шешінетін орындар, әжетхана, тұрақ орнатылды. Сондай-ақ жеке инвестордың есебінен 1 шақырым жағажай абаттандырылып жатыр. Бұдан басқа, жалпы көлемі 60 гектар болатын 5 шақырым жағажайды абаттандыру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Тоғызыншыдан, биыл 973 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Мансап орталығына 2822 адам жүгінді. 26 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтылды. Оның ішінде бесеуі – жастар, 6 – ауыл тұрғындары. Олар тігінші, кондитер, аспазшы мамандықтарын меңгерді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарына 97 адам қатысып, 67 адам оқуды аяқтап, сертификаттарын алды. 2024 жылы жаңа бизнес-идеяларын іске асыру мақсатында 15 адамға 400 АЕК (1 476 800 теңге) көлемінде 22 152,0 мың теңге мемлекеттік грант берілді. Оның ішінде 8 грант аз қамтылған және көпбалалы отбасына, 1 мүгедектігі бар азамат, 1 ауыл тұрғынына, 6 мүгедектігі бар балаларды асыраушы ата-аналар және асыраушысынан айырылған тұлғалар қамтылды.
Оныншы, халықты әлеуметтік қамту саласы да назардан тыс қалған емес. Биыл Қонаев қаласы және өңірі бойынша 166 жанұя, оның ішінде 856 аз қамтылған азаматтарға 74893,0 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленді.
1 жастан 6 жасқа дейінгі 294 балаға 9769,0 мың теңге сомасына ай сайынғы кепілдендірілген әлеуметтік көмек төленді. Ата-ана төлемақысын 100% субсидиялау бойынша 75 балаға 5510,0 мың теңге төленді. Жалпы алғанда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 16 бағытта қызмет етуде.
Барлық мүгедектігі бар тұлғалар жеке бағдарлама негізінде техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін алып отыр. Мүгедектігі бар жандарға 861 құрал-жабдық берілді. Одан бөлек, санаторлық-курорттық жолдамалармен 287адам, жеке көмекшінің қызметтерімен 56 адам, ымдау тілі маманы қызметімен 13 адам қамтылды.
Он біріншіден, 2023 жылы 10 шағынауданда Қазақ орта мектеп-лицейі қолданысқа берілді. Қазір мұнда 431 бала білім алуда. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, Қонаевта мектеп тапшылығы жоқ. Ауыл-аймақтарды қоса есептегендегі 14 мектепте 12 902 бала 2 ауысымда оқиды. Бүгінгі таңда Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Мұндағы мердігер компания – «Қонаев Тұрғын үй» ЖШС. Қазіргі таңда ішкі жұмыстар, электр желілерін тарту, өрт қауіпсіздігі бойынша жабдықтар қою сияқты жұмыстар жүруде. Мектептің күрделі жөндеуіне 60 құрылысшы тартылған. Сондай-ақ сырты боялып қойған, абаттандыру жасалады. 1-блоктың жөндеуі желтоқсанда аяқталады, жалпы нысан 2025 жылдың мамыр айында қолданысқа беріледі деп көзделуде. Ендігі жылы А.Жұбанов атындағы №5 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Аталған нысан 1987 жылы қолданысқа берілген. Осы уақытқа дейін 2019 жылы мектеп ауласындағы стадион жөнделген, нысан күрделі жөндеуден мүлде өтпеген. Қазір мұнда 1581 бала 2 ауысымда білім алады. Ал Шеңгелдідегі Қ.Жалайыри атындағы №6 орта мектепке 2025 жылы жапсаржай салу жоспарланған. Жоба биыл тамызда мемлекеттік сараптамадан өткен.
Қонаев қаласының әкімдігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев анықтаған тапсырмаларды орындау мақсатында бірқатар шараларды қолға алып, осы бағытта қызметті жалғастыруда.