«Время» газетінің бас редакторы, публицист, қоғам қайраткері Лев Тараков 58 жасында өмірден өтті.
Л.Тараков 1992-1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде қызметкер, 1994-1997 жылдары Президент әкімшілігінде сарапшы, 1997 жылы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, 1997-1998 жылдары Ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі, 1998-2002 жылдары Президенттің баспасөз хатшысы, ал 2002-2004 жылдары Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде жауапты қызмет атқарды.
Л.Тараков 2004 жылдан бастап журналистикаға араласып «Известия-Қазақстан», «Литер» газеттерінде газетінде бас редактор болды. 2012 жылдан бастап «Время» газетінің бас редакторы лауазымын атқарды. Ол «Құрмет» орденімен марапатталған.
Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева да белгілі журналистің қазасына байланысты көңіл айттты.
«Тәуелсіз Қазақстан журналистикасының көгінде тағы бір жарық жұлдыз сөнді. Онымен ұзақ жылдар бойы таныс болып, кәсіби тұрғыда тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегеніме, жылы тілдесіп, жақын араласқаныма қуаныштымын. Ғибратты ғұмыр кешіп, соңына өнегелі із қалдырған азаматтың аяулы есімі халқымыздың жадында сақталады деп сенемін», – деп жазды министр А.Балаева.
SONA редакциясы медиаменеджер, журналист Лев Тараковтың отбасына, жақындары мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтады.